Астана қаласының көркін айшықтайтын Есіл жағалауы биыл жаңа келбетке ие болады. Ауқымды қайта жаңарту жұмыстары аясында жағалау аумағы толықтай абаттандырылып, қолайлы демалыс аймағы пайда болады. Бұл туралы Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді желі парақшасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Кедергісіз орта қалыптастыру мақсатында ескі қоршаулар алынып тасталып, тұрғындар мен қала қонақтарының жайлылығы үшін жаңа инфрақұрылым элементтері орнатылады. Жағалаудағы ескірген абаттандыру нысандары жаңартылып, табиғи және урбанистік үйлесім сақталады. Жобаның басты мақсаты – астаналықтар мен меймандарға ыңғайлы әрі әсем демалыс орнын сыйлау.
Жоба аясында Есіл жағалауы сол жағалауға дейін кеңейтіледі. Қос жағалауды байланыстыратын арнайы жаяу жүргіншілер көпірі салынады - бұл көпір арқылы қала тұрғындары мен қонақтары Есілдің екі жағын еркін аралап, демалыс мүмкіндігін кеңейте алады. Сондай-ақ жағалау аумағында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. Оның аясында ірі көлемді ағаштар, сәндік бұталар және көпжылдық гүлдер отырғызылып, табиғи көрініс пен жайлылық үйлесімі қалыптасады. Жасыл желекті тиімді күтіп ұстау үшін жергілікті суару жүйесі орнатылады. Бұдан өзге арнайы велосипед жолы мен кеңейтілген жаяу жүргіншілер аймағы қарастырылған – бұл қала тұрғындарының белсенді демалысы мен қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етеді.
Барлық жұмыстар 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтап, тұрғындар игілігіне беру жоспарлануда. Жаңарту жұмыстары барысында туындауы мүмкін уақытша қолайсыздықтар үшін түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Бұл — кейінгі жайлылық пен әсем ортаның кепілі,-делінген жазбада.
Жобаның тапсырыс берушісі - Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы.