Ақтөбе облыстық прокуратурасы «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы шеңберінде Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Ақтөбе футбол клубының қызметін тексерді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тексеріс нәтижесінде 250 млн теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды.
Оның ішінде ойыншылардың трансферлері және әуе тасымалдау бойынша күмәнді мәміле жасау дерегі белгілі болды. Сондай-ақ ойыншылардың тамақтануына бөлінген қаражатты клуб қызметкерлері жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.
– Тексеру қорытындысы бойынша, облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы ("аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру"), 361-бабы 4-бөлігінің 1) тармағы ("лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") және 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы ("алаяқтық") бойынша 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, – делінген прокуратураның хабарламасында.
Қылмыстық істер тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.
Істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында.