Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Қызылорда қаласының орталығы қауіпті аймаққа айналып отыр

AstanaTV
26.07.2017ж. 20:00
3454
Қызылорда қаласының орталығы қауіпті аймаққа айналып отыр

Маскүнемдер, төбелес, ұрыс-керіс, шатақ, шу. Түн тыныштығынан айырылған Қызылорда тұрғындары осылай деп шағымданды. Айтуларынша, орталықта олар тұратын үйдегі пәтерлердің тең жартысы сағаттап жалға беріледі. Бұзақы, жезөкше, барлығы түнде осында сайран салады дейді. Бір қызығы, шулы аудан Облыстық ішкі істер департаментіне қарама-қарсы тұр. Шарипа Сақтапова әбден мезі болған жұрттың базынасын тыңдап қайтты.

Мына 6 көпқабатты үйде 450 пәтер бар. Оның тең жартысы жалға беріледі. Тұрғындар таң айтқанша айқау-шудан көз ілмей шығамыз дейді.

Мұхтар Сүгіров, Қызылорда қаласының тұрғыны:

Бұл жерде адамды да өлтірді, өрт те болды. Өткен айдын сегізінде пәтерлердің бірінен өрт шықса, осыдан төрт күн бұрын тағы бір пәтер өртенді. Өлтіріп те, зорлап та жатыр. Осы таңертең ғана бір жігітке пышақ тығып алған, қансырап жатқанын көрдік. Түсініксіз кісілер келіп жатады. Біз, шынын айтқанда, әбден шаршадық, шыдамымыз таусылды.

Майра Сырымбетова,  Қызылорда қаласының тұрғыны:

Айқайлайды, неше түрлі дауыстар шығады. Осы жақында бір қызды зорлады. Мен де көпбалалы анамын, әр баламды далаға шығаруға қорқамын. Осыларды құртса, шамалы әкім қарап. Қаншама шақырамыз әкімдерді, қаншама нәрсе жаздық, бірақ нәтиже жоқ. Келеді, көреді, бірақ нәтиже жоқ.

Тұрғындар полицейлердің бұдан хабардар екенін айтады. Бірақ бұған көз жұмып келеді дейді. Ал тәртіп сақшылары жұмыс жүргізіп келе жатқандарын айтады.

Ермекбай Құдайбергенов,  Қызылорда ҚІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:

Түн тыныштығын бұзып, сол жерде съемный квартираларды алып отырған 437 бабымен 19 тұлғаға әкімшілік шара көрдік. Подъездерде тұрған ішіп тұрған қоғамдық орында мас күйінде келген 12 тұлғаға 442 баппен әкімшілік хаттама толтырдық. Және күндіз-түні ол жерге наряд қойылды.  Ол жердің тыныштығын қалыпқа келтіріп жатырмыз. Және келтіріледі.

Осыдан бір жарым ай бұрын тұрғындардын жан айқайын естіген құзырлы орган осында бас қосыпты. Тәртіп орнатамыз деп уәделерін де берген. Ал бұған төзе алмай мазасы қашқан тұрғындар үйлерін сатып, басқа жерге көшіп кетуге дайын. Бірақ атышулы аймаққа ешкім қызығушылық танытпайтын көрінеді.

Шарипа САҚТАПОВА