Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Оралда кене шаққандар көбейіп барады

AstanaTV
04.07.2017ж. 20:00
2859
Оралда кене шаққандар көбейіп барады

Оралда жаз басталғалы 200-ден астам адамды кене шаққан. Олардың жартысына жуығы -балалар. Бірақ өңірде кенені улау жұмыстарына мүлдем ақша бөлінбейді. Мамандар қатерлі аумақтар дәріленсе, кенеге тосқауыл қоюға болатынын айтады. Қазір олар кенені масаның уымен улауға мәжбүр.

Еркін Карин, тілші:

Егер кене шағып алса, бірден дәрігер көмегіне жүгіну керек. Денеге қадалған зиянкесті өзіңіз алып тастап, өз бетіңізбен емдеуге тырыспаңыз. Өйткені кененің қысқыштары тәніңізде қалып қоюы мүмкін. Адам ағзасы үшін жәндіктің қармалауыштары да қауіпті, дейді мамандар.

Нұржамал Жұмағұлова, БҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

Былтыр балалар арасында 122 жағдай болса, биыл 82. Балалар арасында кене шағу көрсеткіші кішкене төменірек. Ал үлкен адамдарға келетін болсақ, былтырғымен салыстырғанда 45 адамға өсіп отыр. Былтыр осы уақытта 92 болса, бүгінде үлкен адамдар арасында 140-тың айналасында кене шағу оқиғасы тіркеліп отыр.

Сылынып алынған кене кейін облыстық вирусологиялық орталыққа жіберіліп, жұқпалы аурудың бар-жоғы тексеріледі. Бірақ өңірде кене энцефалиті, қырым-қанды безгегі секілді қатерлі аурулар тіркелмеген. Дегенмен тұрғындар барынша сақ болуы керек. Өйткені көктем мен жаз кезінде өзге де зиянкестермен қатар, кене де күрт көбейеді. Бірақ облыста оларды улауға ақша бөлінбеген.

Мұрат Танкеев, БҚО «Дезинфекция» медицина мекемесінің директоры:

Осы біздің облыста кенеге бөлінгенін естіген жоқпын. Бөлініп жатқан жоқ оған ақша. Кене Жамбыл, Қызылорда, Шымкент облысында бөлінеді ақша, себебі ол жақта ауа райы ыстық қой. Ол жақта кене көп. Кісі қайтыс болғасын ғана жыбырлаймыз. Оның алдын-алуды ойласақ, ақша бөлінуі керек қой. Негізі балабақшаларға бөлінуі керек ақша.

Кенені улауға ақша бөлінбегесін, мамандар қазір масаның уын қолданып жатыр. Екі қоянды осылай бір оқпен атпақ болғанымен, бұл екі препараттың ерекшеліктері бар. Мысалы, масаның дәрісі топыраққа сіңіп кетсе, кененің уы ағашқа жабысып қалады. Тіпті жаңбырға да төзімді келеді. Ал мамандар табиғат аясына демалысқа шыққан кезде барынша жабық киім киіп, балаларға абай болуы керектігін айтады.

Еркін КАРИН