Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Астана – бітімгер. Астана процесі. Трамп пен Путиннің алғашқы бетпе-бет кездесуі.

AstanaTV
08.07.2017ж. 20:00
1788
Астана – бітімгер. Астана процесі. Трамп пен Путиннің алғашқы бетпе-бет кездесуі.

Мемлекет Басшысы апта басында шетелдік дипломатиялық миссиялардың жетекшілерімен кездескен, кезекті рет, Ресей мен Украинаны келісуге шақырды. «Ең үлкен қауіп ядролық қаруы бар державалардың арасында конфликт тууы кәдімгідей мүмкін екені. Ғаламдық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз еудегі басты мәселе Батыс әлемі мен Ресей арасында конструктивті диалогтың болуы. Өзара санкциялар Еуропа мен Ресей ғана емес, басқаларға да шығын келтіріп отыр... Украинаның оңтүстік-шығысындағы оқиғалар ресей-украин халықтарын тәжікелестіріп, ештеңеге апармайтын айтыс-тартысқа салып қойды. Бұл осы халықтарды, олардың достарын, жеке менің өз басымды қапаландырады», - деді Н.Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

В мире накапливается «усталость» и тревога от кризиса доверия между ключевыми игроками.Считаю, что великая держава – это та держава, которая вносит вклад в мир на земле.Победителей в случае глобального столкновения не будет.

Осы аптада Сирияға байланысты Астана процесінің 5-раунды өткені мәлім. Алдымен өткендегі «Ресей Қазақстан мен Қырғызстаннан Сирияға әскер жіберу туралы сұрапты» деген аяқ астынан шыққан біртүрлі, түсініксіз ақпаратқа байланысты. Астанадағы Сирияға байланысты өткен келіссөзге қатысқан Ресей делегациясының өкілі Александр Лаврентьевтің айтуынша, Сирияға әскер жіберу туралы ұсынысты Ресей айтқан.«Әскери бақылаушыларды Сирияға жөнелту туралы ешкім мәжбүрлемейді. Бұл ұсыныс болатын. Егер Қазақстан басшылығы әскери контингентін Сирияға жіберсе, біз қарсы емеспіз»,-деген Александр Лаврентьев. Ал әскер жіберу туралы хабар шыққанда еліміздіңСыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов ешқандай да әскер жіберілмейтінін қадап айтқан.

Сирия қақтығысына байланысты Астанада процесінің 5-раунды екі күнге жалғасты, біздің сыртқы саясат ведомствосының мәлімдеуінше, жұмыс тобына Сирияда деэскалация аймағын құру бойынша техникалық мәселелерді жетілдіру тапсырылған. Астанада өткен келіссөзге БҰҰ-ның Сирия бойынша арнайы өкілі Стэффан де Мистура, Ресей билігінің жоғары шенді өкілдері, Түркия, Иран сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары, Сирия үкіметінің делегациясы, Сирия қарулы оппозициясынан тоғыз өкіл келген. Осыған дейінгі кездесуде кепіл елдер - Ресей, Түркия және Иран Сирияда төрт қауіпсіздік аймағын құру жөнінде меморандум жасаған. 

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

В плане реализации этого меморандума ключевое значение имеют такие вопросы, как определение самих границ этих зон, а также определение - это касается стран-гарантов,и обсуждение между ними вопроса о контроле функционирования этих зон деэскалации.

Астана процесінің жұмыс тобы 1-2 тамыз күндері Иранда басқосады, одан кейін тамыздың соңғы аптасында мүдделі тараптап Астана процесіне қайта жиналады. Сириядағы жанжалда Иран мен Ресей Сирия президенті Башар Асадты қолдайды. Ал Түркия кейбір қарулы көтерілісшілерді жақтайды.

Негізі Сирияға байланысты мәселенің ушығып кетуі де мүмкін. Осы аптада өзіне қойылған ультиматумға Катар жауап берді. Алдында айтқанындай, Сауд Арабиясы бастаған «бауырлас» елдерінің талаптарын орындау мүмкін емес, деп отыр.

Қысқа қайырғанда, Сауд Арабиясының дұшпаны – Иранмен байланысынан бастап, «Әл-Жәзира» сияқты пропаганда құралы үшін Эр-Риядтың «жүйкесін жұқартып» отырған Доха экономикалық блокададан қорықпайтындай. Әзірге.

Расул Жұмалы, саяссаттанушы: 

Катар кішігірім ғана мемлекет, халқының саны 1 млннан аспайды, экономикалық құдіреті зор, алып отырған аумағы өте кішкентай, қарулы күштері қауқарсыз, бірақ қаржылық және экономикалық, ақпараттық-насихаттық мүмкіндіктері өте зор. Енді, қаржылық жағын айтатын болсақ, жан басына бұлардың көрсеткіші 400 000 доллар, Әлемде бірінші орын алады, бұл көрсеткіш бойынша, Қатар мемлекеті. Енді, сіздер салыстырма үшін, мысалы, Қазақстанда бұл көрсеткіш 7,5 мың доллар, Ресейде 8 мың доллар. Қатарда 400 000 доллар.
Трамп, өзінің тұңғыш сапарын шетелге жасағанда, осы Сауд Арабиясынан бастады, Араб басшыларымен кездесті, көптеген уағдаластықтарға қол жетті, олардың кейбірі жасырын қалыпта ұсталуда. Бірақ белгілісі, әскери-техникалық ынтымақтастығы бойынша, 120 млрд долларға бағаланатын, бұрын тарихта болып көрмеген көлемдегі келісімшартқа қол қойды. Бұның астарында, әрине, маңызды саяси стратегиялық жақтары бар. Соның ішінде, ең негізгісі, Саудия мен АҚШ арасындағы саяси ықпалдастық, саяси серіктестік. Бұның ұшы, алдымен Иранға бағытталып тұрғаны белгілі, екінші ұшы аймақтағы экстремистік-терроршы ұйымдарға, Жабхат ән нусра сияқты немесе ДАИШ сияқты, ал үшіншісі оларға қолдау көрсетіп отырған аймақтағы күштерге, ең алдымен Қатарға. Себебі, белгілі болып отырғандай, Қатар Иранмен немесе Түркиямен жақындасып қоюы өз алдына, Араб мемлекеттерінің ішкі істеріне араласуы тағы бар, жаңағы Сириядағы, Ливиядағы содыр күштерге, оның ішіндегі ДАИШ-қа астыртын қаржылық ұйымдастырушылық көмек көрсетіп отырғандығы. Әрине, бұның бәрі Американың да, Саудияның да мүддесіне де қарама-қайшы, бұлардың коалициясына төтеп бере алатын, Қатардың ондай мүмкіндігі жоқ. Әрине, Түркия қазір көмектесеміз деп отыр, кейбір азық-түлігін жеткізіп отыр. Бірақ, ұзақ мерзімде, бұндай қысымға бәлкім, шыдауы неғайбыл?!

Ал Ресей Президенті В. Путин мен АҚШ Президенті Д. Трамп бетпе-бет кездесті-ау, әйтеуір... Гамбургте өткен үлкен жиырмалықтың САММИТ-інде. Ресей ақпарат құралдары «негізі 30-40 минутқа жоспарланған кезздесу 2 сағатқа созылды, тіпті Американың бірінші ханымы М.Трамп барып бас сұққан, олардың әңгімесін бұза алмады», - деп жазды. Кейін екеуі де пресса алдына шықпады. Олардың орнына екі елдің сыртқы саясат ведомствосының басшылары шығып комментарий берді. Лавровтың айтуынша, Путин мен Трамп бірнеше мәселе бойынша келіскен. Нақтырақ айтсақ, ертеңнен бастап Сирияның оңтүстік-батысында оқ атуды тоқтатады. Сол аудандағы барлық қарулы топтарға талапты орындатуды қамтамасыз етуге міндеттеме алған. Сонымен бірге екі мемлекет Украинадағы жағдайды Минск келісімдеріне сай реттеуді алға жылжыту үшін арнайы байланыс арнасын құруға уағдаласқан. Лавров, АҚШ –тың Украина бойынша «басқа жоспары» жоқ екенін айтты. Украина дағдарысын реттеу Минск келісімі форматында қалады екен. Ал «АҚШ-ғы президент сайлауына Ресей ықпал етті (кибершабуылдар) деген» әңгімеге келсек, Трамп Путиннің позициясын тыңдаған, оны қабылдады деген, Лавров. Орыстар Путин пен Трамптың алғашқы бетпе-бет кездесуі сәтті өтті деп жатыр. Алайда олар Трамптың позициялары өз елінің ішінде онша берік еместігін түсінеді. Трамптың ұстанымы, соған сәйкес саясаты оған қарсы саяси күштердің дүлей қарсылығына ұшырауы ғажап емес. Негізі, ешқайда «қашып құтыла алмайтындықтан» көрші елдің Батыс әлемімен текетірескені біздерге керек емес. Оның минусы басым. Бірақ әрине, тым терең, көзге көрінбейтін «апандары» көп үлкен саясат көп ретте күрсіндіреді...