$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Оралда киік мүйізін тасымалдады деп айыпталған азамат жазадан құтылды

AstanaTV
12.07.2017ж. 20:00
2797
Оралда киік мүйізін тасымалдады деп айыпталған азамат жазадан құтылды

Оралда "402 дана киік мүйізін тасымалдады" деп айыпталған азамат жазадан құтылды. Рақымшылық заңына іліккен ол сот залынан босатылды. Судья қылмыстың былтыр жасалғанын алға тартты. Осылайша айыпталушының бас бостандығы бір жарым жылға шектелді.

Прокурорлардың айыптау қортындысына сай, Нұрғали Байтақов 402 дана киік мүйізін көлігіне салып алып, Орал-Алматы пойызынан беріп жібермек болған. Құзырлы органның дерегінше, алматылық азаматпен келіскен ол мүйіздерді жолсеріктен беріп жіберуі тиіс екен. Айыпталушы азамат өзінің кінәсі жоқтығын айтып ақталды. Такси жүргізушісі болып жүргенімде клиенттердің бірі сөмкені темір жол вокзалына апаруымды өтінген,- дейді.  Айтуынша, сөмкенің ішінде киік мүйізі болғанын білмеген.

Асқар Исмайылов, Орал қалалық сотының судьясы:

Жәбірленушінің өкілі тарапынан 170 миллион теңгеге талапарыз берілген болатын. Алайда сот тергеуінде жәбірленушінің өкілі азаматтық арызды қараусыз қалдыру туралы өтінішіне байланысты қараусыз қалдырылды. Рақымшылық жасау туралы заңының 300-бабы қолданылып, бас бостандығынан айыру жазасы бас бостандығынан шектеу жазасына өзгертілді.

Алайда, судьяның дерегінше, тәркіленген киік мүйізіне қатысты тағы бір дау шыққан. Айғақ заттарды полицейлер жеке кәсіпкерге сақтауға тапсырған көрінеді. Кейін бұл мүйіздер жоғалып кеткен. Қазір осы оқиға ізімен тағы бір қылмыстық іс қозғалыпты.