Ақтөбе тұрғындары қар басқан қала мен табиғат көріністерін әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр, деп хабарлайды Astana TV.
Ақтөбе мен оның маңына 4 қазанда алғашқы қар жауды. Жергілікті тұрғындар қар басқан көріністердің фото және видеоларын әлеуметтік желіде бөлісіп жатыр.
Ақтөбеде қар Алтын Орда ауданында жауған. Сондай-ақ Мәртөк ауданынан да фото және видео жолданған. Ақжар ауылында және Хромтауда да қар байқалған. Қалада ауа температурасы +3 градус шамасында болды.
Еске салайық, «Қазгидромет» Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе облысында 5 қазанға дауылды ескерту жариялаған. Облыста түнде жаңбыр және қар түрінде жауын-шашын күтіледі. Солтүстігі мен шығысында көктайғақ болуы мүмкін, күндіз бұл аумақтарда аздаған жауын-шашын болжанады.
Жел батыстан, оңтүстік-батыстан соғады. Түнде облыстың оңтүстігі мен шығысында желдің екпіні 15–20 м/с-қа жетеді. Күндіз желдің жылдамдығы 15–20 м/с болып, кей уақытта облыстың солтүстігі, шығысы және оңтүстігінде екпіні 23–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Ақтөбеде түнде жаңбыр мен қар, сондай-ақ көктайғақ күтіледі. Күндіз батыс және оңтүстік-батыс желінің жылдамдығы 15–20 м/с-қа дейін күшейіп, кей уақытта екпіні 25 м/с болады.