$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Алматыдағы «Саяхат» автобекетінің орны неге бос жатыр?

AstanaTV
11.07.2017ж. 20:00
4741
Алматыдағы «Саяхат» автобекетінің орны неге бос жатыр?

Осыдан он жыл бұрын жермен жексен болған Алматыдағы «Саяхат» автобекетінің орны әлі үңірейіп бос жатыр. Жергілікті әкімдік, биыл күзден қалмай аумағы ат шаптырым жерге заманауи сауда ойын-сауық орталығы салынады, деп мәлімдейді. Бірақ осылай жариялағанымен жобаны жүзеге асыруы тиіс жер иесі "Саяхат Инвесттің" қаражаты жоқ деп отыр. Ришат Асқарбекұлы мән-жайды білді.

Тоғыз жолдың торабы саналатын «Саяхат» автобекеті алматылықтар үшін танымал орын болатын. Бірақ мұнда сапырылысқан жаяу жүргінші мен көлік нөпірі ешқашан азаймаған.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алматыда «Саяхат» автовокзалы десе, көптің есіне мұндағы алып сағат түседі. Ал жолаушылар терминалына айналған ерекше ғимарт та алыстан көз тартатын. Қазір бұл жер мынадай темір қоршаулар мен жағалай жабылған. Одан басқа тіршіліктің белгісі жоқ. Қазір біз оның ішінде не барын білуге тырысамыз. 

Бұрынғы үш қабатты ғимараттың орны қоршаулы тұр. Өздерін күзетшіміз деп таныстырғандар түсіру тобын жолатпады.

Ал бос қалған орындар мынадай ашық базарға айналған. Төрт гектар жердің тағы бір бөлігі Талғар, Есік, Қапшағай бағытына қатынайтын автобекет ретінде пайдаланылады екен. Бұрынғы автобекет жерін жекеменшікке алған «Саяхат Инвест» компаниясының өкілдерімен байланысу мүмкін болмады. Ал Жетісу ауданының атқамінерлері күзде құрылыс басталатынын айтады. Жабайы базар жабылып, жер асты автотұрағы бар заманауи сауда кешені салынбақшы. Ал автобекет «Құлжа» тас жолының бойына көшіріледі.

Қадырберген Құлтасов, Алматы қаласы жетісу ауданының сәулетшісі:

Алматы сыртынан 27 гектар жер бөлінген, жаңа автовокзал салу үшін. Ол оң шешімін тапты. Жерді бекітті. Қала бюджеті шешілсе, болашақта үлкен автовокзал болады. Ол жерге сырттан келетін жеңіл көліктер де қалдырылып, тек автобуспен кіретіндей болады.

"Саяхат" автобекеті бұрын Алматы үшін маңызды болды. Алматы облысынан қатынайтын халыққа жүздеген автобус қызмет етті. Шаһарда көлік көбейген соң сырттан кіретін қоғамдық көліктер қысқартылып, бекет жұмысы тоқтатылды. Танымал архитектор бұл жерге сауда орнын емес, бақ салған жөн дейді.

Ақмырза Рүстембеков, Қазақстан сәулетшілер одағының төрағасы:

Ол жерге қайтадан автобекет салудың да маңызы жоқ. Ол жерде базар да, сауда орны да емес, халыққа арналған парк, сквер етіп қалдырса деп есептеймін.

Бұрынғы бекет 2007 жылы сүрілді. Сейсмикалық тұрғыдан берік, орналасқан жері ыңғайлы жерге ресейлік инвесторлар да қаражат құймақ болған. Бірақ жоба қымбатқа түсетін болғандықтан бас тартыпты.