Алматыда үйсіз-күйсіз қалған ауған соғысының ардагері баспана кезегіне тұра алмай жүр. Интернационалдық соғыстың жауынгері өзінің Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген құқығын пайдаланып, баспана алуға үміткерлер тізіміне кіруден үміттенген. Алайда 2011 жылы қабылданған «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 67 бабына сәйкес Владимир Усталовтың өтініші кері қайтаралыпты. Тараптардың уәжін тыңдаған тілші толықтырады.
1980-81 жылдары Ауғанстандағы соғыста басынан жараланып оралған. Жеке баспанасы жоқ, сондықтан 5 жылдан бері гаражда тұрады. Көлік жүргізушісі ретінде алатын 60 мың теңге мен ал мемлекеттен берілетін 14 мың теңге жәрдемақыға күн көреді.
Владимир Усталов, Ауған соғысының ардагері:
Қазіргі уақытта ересек екі қызым өз отбасыларымен тұрады. Ал бұрынғы әйеліммен ертеректе ажырасып кеткенмін. Бірге тұрмағандықтан, өзім далада қалдым десем болады. Сондықтан баспана кезегіне тұрайын деп мемлекеттік органдарға арыз тапсырсам, оны қабылдамай отыр.
Ауған соғысы ардагерлері Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген тұлғалар ретінде тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы. Ол еліміздің «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 68 бабында көрсетілген. Владимир Усталов мамыр айында осы заңға сүйеніп кезекке тұру үшін қалалық тұрғын үй басқармасына өтініш білдірген. Алайда, оны мемлекеттік мекеме баспана кезегіне қоюдан бас тартыпты.
Рита Нұрбекқызы, Алматы қаласы тұрғын үй басқармасының бас маманы:
Владимир Ивановичті кезекке қоймау себебі - «ҚР Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға оның сәйкес келмеуі. Ол кісінің соңғы 12 айдағы табысы халықтың әлеуметтік осал топтарына жатпайды. 2017 жылғы есептік көрсеткіш бойынша әлеуметтік осал топтардың табысы 75 мың 822 теңге болып бекітілген. Ал бұл кісінің айлық табысы 79 мың теңге болды. Сондықтан кезекке қоюдан бас тартылды.
Есеп зейнетақы аударымымен есептеледі екен. Ал қайырымдық қорлардың бірінде жүргізуші болып жұмыс жасайтын соғыс ардагері кезекке тұру үшін жұмысынан айрылғысы жоқ. Осылайша табысы күнкөріс деңгейінен 4 мың теңгеге артық болғаны үшін соғыс ардагері кезекке ілікпей қалған. Мұны Ауған соғысы ардагерлерінің ұйымы дұрыс емес деп есептейді.
Әли Дауылбек, «Абырой» Ауған соғысы ардагерлері одағының төрағасы:
Жолдастарының, ауған соғысының ардагерлерінің үйінде тұрады. Сол себепті шенеуніктер кезекке тұрғызбайды. Басқа категориядағы адамдармен салыстырғанда, мысалы, жалғызбасты аналар, көп балалы отбасылармен салыстырғанда, еш кем емес. Өйткені жас кездерінде соғысқа қатысып, көбінің денсаулығына зақым келген.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Соңғы 6 айда Алматы қаласында әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған 58 адам баспаналы болған. Олардың ішіне қаншасы ауған соғысының ардагері екені туралы есеп жүргізілмейді. Айта кетейік, Қазақстаннан Ауған-Кеңес соғысына 22 мың отандасымыз қатысқан. «Абырой» ардагерлер ұйымының дерегінше, қазір елімізде интернационалист жауынгерлердің саны 10 мың адамнан аспайды.
Ришат
АСҚАРБЕКҰЛЫ