Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Латын әліпбиінің нұсқалары дайындалып жатыр - БҒМ

AstanaTV
26.07.2017ж. 20:00
2523
Латын әліпбиінің нұсқалары дайындалып жатыр - БҒМ

Биыл латын әліпбиі қабылдануы мүмкін. Алфавиттің бірнеше нұсқасы әзірленіп, жыл аяғына дейін ең тиімді нұсқасын қабылдау жоспарланған.  Бұл туралы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты. Үкіметте Елбасының "100 нақты қадам" ұлт жоспарын іске асыру барысы талқыланған баспасөз конференциясы өтті. Президент өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында латын әліпбиінің жобасын 2025 жылға дейін енгізуді тапсырған болатын. Кейін оны созудың қажеті жоқ деп, әліпбиді әзірлеуді жүктеді.

Ерлан Сағадиев, ҚР Білім және ғылым министрі:

Бұл маңызды жоба. Мейлінше мұқият болғанымыз дұрыс және қателесуге болмайды. Ең алдымен қолға алатын жұмыстың бірі - баршаға тиімді әліпбиді қабылдау керек. Бірнеше нұсқасы дайындалып, талқылануы тиіс. Сонан соң арасынан ең қолайлысы таңдап алынады. Латын әліпбиіне көшу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу қажет, қазір арнайы комиссия құрылды, тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ министрінің сөзінше, биыл білім гранттарының саны едәуір артқан. Бакалавриатқа 6 мың, ал магистратураға 3 мың грант қосылыпты. Осылайша бакалавриат 31 мыңнан 37-мыңға, магистратураға грант 7 мыңнан 10 мыңға көтерілді. Ал  PhD-ге екі есе ұлғайған. "Оқу гранттарының барлық мамандық бойынша бірдей бөлінуін қадағаладық. Педагогикалық мамандықтарға басымдылық беріліп грант саны 20% артық бөлінді",- деді министр Сағадиев. Үштілділік мәселесі де айтылды. Биыл ағылшын тілі курстарына 12 мың мұғалім жазылған. 4 мың ұстаз тіл курстарын бастап кетті. Жаңа оқу жылында тағы 8 мыңы барады. Оны аяқтаған соң жалақысына 25 пайыз үстеме қосылады. Қыркүйектен бастап 500 сынып тәжірибе ретінде пәндерді ағылшын тілінде өте бастайды.

Әлеуметтік саладағы оң өзгерістер туралы сала министрі Тамара Дүйсенова мәлімдеді. Елдегі 2 млн қарттың зейнетақысын көбейту тұрғысында тек бір айға ғана бюджеттен қосымша 50 млрд теңге бөлінген. Жаңа туған сәбиге берілетін жөргекпұл 20 пайызға артқан. 

Тамара Дүйсенова, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

Күнкөріс деңгейнің прапорциясын өзгерткелі отырмыз соның нәтижесінде азаматтар алатын жәрдемақы үш жәрмақыны қосқандағы көлемнен 25 пайызға жоғары болады, 6696 тенге көлемінде алып жатса әр отбасының жан басына, ендігі жылдан бастап 9 мыңнан 12 мыңга дейін отбасы табысының мөлшеріне қарап көбейеді.