$491.71 €529.97 ₽5.05
×

Павлодарда оқушылардың жазғы еңбек жасағының жұмысы кешеуілдеп тұр

AstanaTV
14.07.2017ж. 20:00
3088
Павлодарда оқушылардың жазғы еңбек жасағының жұмысы кешеуілдеп тұр

Павлодарда оқушылардың жазғы еңбек жасағының жұмысы тоқтап тұр. Бұған тендер өткізуде кеткен қателік себеп болған көрінеді. Бүгінде 1200-ге жуық аз қамтылған отбасылардың балалары жасақ жұмысының қашан жанданатынын білмей отыр. 

Солардың бірі Никита  осы жазды асыға күткенін айтады. Жасы 14-ке толған ол демалыста жұмыс істеп, ақша таппақ болған. Ата-анасына көмектесіп, мектепке қажет заттар мен киімді өз қаржысына сатып алуды ойлапты. Оқу жылы аяқталысымен, тиісті құжаттарды жинап, еңбек жасағы маусымының ашылуын күткен.  

Никита Пархаев, оқушы:

Апта сайын мектепке келіп жүрдім. Келесі аптада кел дей беретін. Осылайша бір ай өтті. Соңғы рет келгенімде, жұмыс болмайды деді. Себебін түсіндірген жоқ. Әрине, көңіл-күйім түсіп қалды. Өз еңбегіммен тапқан ақшаны қайда жұмсайтынымды жоспарлап қойып едім.

Анықталғандай, биыл жазғы еңбек жасағына 46 мектептен 1134 оқушы жазылған. Білім бөлімі өкілдерінің сөзінше, көбісі аз қамтылған отбасылардың балалары. Жеткіншектер 14 күн жұмыс істеп, 12 мың теңге көлемінде жалақы алуы тиіс. Мұнан бөлек, әр балаға жолақыға кеткен шығын деп - 4958 теңге төленбек.  Науқанның дер кезінде басталмауын шенеуніктер былайша түсіндірді.

Сағындық Шәкенов, Павлодар қалалық білім бөлімінің бас маманы:

Жұмыс орындары болды. Тек тендер өткізген кезде жеңіске жеткен мердігердің құжатынан олқылық шыққан. Сөйтіп, тендерді қайта жариялауға тура келді. Дүйсенбіде еңбек жасақтары жетекшілерімен кездесеміз. Бір айдай уақыт өтіп кетті. Сондықтан бірден 2 маусымды қатар жүргіземіз. Алдағы аптада оқушылардың еңбек жасақтарының жұмысы басталады.