Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

«Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Асқақ Астанаға тарту» керуені Қарағандыға жетті

AstanaTV
17.07.2017ж. 20:00
3739
«Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Асқақ Астанаға тарту» керуені Қарағандыға жетті

«Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Асқақ Астанаға тарту». Осындай ұранмен жолға шыққан керуен Қарағанды жеріне аялдады. Мақсат - Елордадағы «ЕХРО-2017» көрмесінің қонақтарын «Ұлы Жібек жолы» бойындағы сауда, мәдениет саласымен, жалпы осы өлкенің өркениетімен таныстыру.

Этнографиялық керуен мамырдың соңына қарай Тараздан жолға шыққан. Содан бері мың шақырымдай жолды артқа тастады. 100-ге тарта адам бабалар дәстүрін жаңғыртып, байырғы керуеншілер ізімен қалаларды аралап жүр. Олар бүркітшілер мен қолөнершілер, әртістер мен мұрағатшылар. Сапарға 22 түйе, 40 жылқы, 6 күйме мен бірнеше автокөліктер шыққан. Орта ғасырлық сұлу бойжеткен, кимешек киген әжелер мен ақсақалды аталарды кезіктіруге болады. Барлығы керуеннің ежелгі көрінісіне сай. Әрбір тоқтағана жерді өнерпаздар театрландырылған қойылым қояды. Қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттаушы топ Астанаға 26-ыншы шілде күні жетуді жоспарлап отыр. Елордада Хан шатыр маңындағы алаңда Тараздағы кесенелердің макеттері мен көне жәрігерлер, сондай-ақ қолөнер бұйымдарының көрмесі өтеді. Оңтүстіктен апарылған жүздеген тонна жеміс-жидек пен көкөністер жәрмеңкесі ұйымдастырылмақ.

Дүйсен Бықыбаев, Жамбыл облыстық мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының бастығы:

«Біздің мақсатымыз - «Рухани жаңғыру - болашаққа бағдар» мақаласында айтылған туған жерді сүю, туған жердің салт-дәстүрін насихаттау, бүгінгі келешек ұрпаққа жеткізу. Әр жерде, әр елді мекенде сол дәстүр-салтқа байланысты халқымыз күтіп алып, жол жоралғысын жасап, қуанышты күйде бабаларымыздың дәстүр-салтында қабылдап жатыр».