$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Елімізде келер жылы ең қымбат көлік нөмірі жарты миллионға бағаланатын болды

AstanaTV
28.07.2017ж. 20:00
3244
Елімізде келер жылы ең қымбат көлік нөмірі жарты миллионға бағаланатын болды

Елде бай-бағландардың нағыз бәсекесі басталды. 2018 жылдан бастап ең қымбат көлік нөмірі жарты миллионға бағаланатынын естіген алматылық жүргізушілер арнайы халыққа қызмет көрсету орталығының табалдырығын күні-түні  торуылдап жүр. «001», «111» «777» және «020» сынды айналы нөмірлерді баға шарықтамай тұрып сатып алуға таласып жатыр. Бағалы көліктеріне қымбат нөмір таққысы келетін, ол үшін қалтасындағы бар ақшасын беруге дайын тұрған автокөлік иелерімен тілшіміз Айгүл Ермахан кездесіп қайтты.

Алматылық Тимур Балкеев осыдан бірнеше жыл бұрын әдемі көлігіне әдемі "айналы" көлік нөмірін 6 мың теңгеге сатып алған. Темір тұлпарын жаңаға ауыстыруды ойлаған азамат «020» нөмірін өзінде алып қалмақшы. Өйткені келер жылдан бастап оның сомасы шарықтағалы тұр.

Тимур Балкеев, қала тұрғыны:

Қазір өзімнің нөмірім «020» болса, қазіргі бағасы 6 мың теңгедей болса примерно, ендігі жылы естіп жатырмыз 129 мың теңге болып кетеді екен.  Қазір естуімше, бір айға нөмірді тоқтатып қойып, одан кейін бір айдың ішінде өз машинаңның атына ауыстырып алуыңа болады екен басқа машинаңа. Алып қалуға тырысамын.

Салық кодексіне енгізіліген жаңа өзгеріс келер жылдың  қаңтарынан бастап күшіне енеді. Соған сәйкес, «010»  бастап «090» дейінгі "айналы" нөмірлері үшін төленетін мемлекеттік баж сомасы 129 мың теңгені құрамақ. Айналы сандарымен әріптері біркелкі  көлік нөмірлері үшін 258 мың теңге төлейсіз. Ал, ең бағалы саналатын «001» мен «009» аралығындағы әріптері бірдей көлік нөмірлері 646 мың теңгеге саудаланады.

Заңғар Шыңдалы, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма жетекшісі:

Ең қымбат нөмірлер бізде 001 басталып, 009-бен бітеді. Және 777 оларға 217 мың теңге төлейтін болса, әріптері бірдей мысалы, 001 әріптері де бірдей болатын болса, 646 мың теңге төлейтін болады. Бірақ бұл сандарды мен 2017 жылдың айлық есептік көрсеткішінің сомасымен айтып отырмын. 2269 теңгені баждың ставкаларына көбейтіп отырмын. 2018 жылы  басқа айлық көрсеткіш болады. Бірақ ол жердің айырмашылығы 50, 20 или 100 теңгеге айырмашылығы болады.

Алматыдағы арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында қымбат нөмірге талас қызды.  Кейбірі тіпті қалағанын таппай жүр.

Асхат Хабидолла, қала тұрғыны:

555 өзімнің нөмірім. Енді әріптері де бірдей нөмір алайын дегенмін. Машинам жақсы болған соң жақсы нөмір қаладым. Екі күн болды таппай жүрмін қалаған нөмірімді. Баға көтеріледі деп жатыр ғой келесі жылдан бастап. Соған байланысты ғой деймін нөмірлер жоқ сатылып кетіп жатыр. Таппасам, келесі жылы бағасына қарамастан аламын.

Тимур Қаржаубаев, Алматы қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы  бөлім басшысының орынбасары:

Ағымдағы жылдың 6 айында 007 нөмірінің 18 жиынтығы  сатылды. Ал, ең көп сатылған нөмір «222» болды. Сұранысқа ие нөмірлердің қатарында «888» бар. Алматылықтар әсіресе, осы көлік нөміріне қызығады. Жалпы жыл басынан бері  қала бойынша 250 миллион теңгеге 671 бағалы көлік нөмірі берілді.

Ал, автоблогер Диас Валихановтың пікірінше  vip нөмірлердің бағасының өсуі жемқорлардың жолын кеседі. Керісінше, қомақты қаражат мемлекет қазынасына түседі,-деп отыр.

Диас Валиханов, автоблогер:

Бұрындары бірнеше жағдайлар тіркелді. Мысалы, адамдар бағалы нөмірлерді алып беру үшін пара алды. Аз ақша  емес,  омақты ақш доллары. Ал, қазір дұрыс.  Жемқорлар қалтасы қағылатын болды. Керісінше, мемлекеттік баж қазынаға түседі. Сонысы қуантады.

Айгүл Ермахан, тілші:

Мамандардың  айтуынша, айналы нөмір мен бірсанды көлік нөмірінен бөлек, халық арасында 100-ден 900-ге дейінгі нөмірлерге де сұраныс жоғары. Бұндай нөмірді жарқыратып автокөлігіңізге тағу үшін келер жылы 440 мың теңге төлеуіңіз қажет болады. Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге сай енді әдемі нөміріңізді ескі көлікті сатып, жаңасын алар кезде өзіңізде қалдыруыңызға болады.

Айгүл ЕРМАХАН