Спорт Қазақстан
$443.44 €480.51 ₽4.88
×

Астаналықтардың көлік салығы 3,5 млрд-қа жеткен

AstanaTV
28.07.2017ж. 20:00
2292
Астаналықтардың көлік салығы 3,5 млрд-қа жеткен

Астаналықтар көлік салығына 3 жарым миллиард теңге қарыз. Салық комитетінің қызметкерлері 5 мыңнан астам жүргізушіні сотқа тартпақшы. Салықтан жалтарып жүрген кімдер? Салық көлемі жылдағыдан неге көп? Диана Сапарқызы білді.

24 жастағы кәсіпкер Ерсін Ерғалиев - қарызға белшеден батқанның бірі. Жыл сайынғы салығы 236 мыңнан асқан. Қазір берешегі жарты миллионға жеткен.

Ерсін Ерғалиев, Астана қаласының тұрғыны:

Машинамның жуырда екі жыл бойы моторы істен шығып қалып еді. Содан бері төле алмай қалдым. Сол себепті салық комитетінен хабарлама алдым.

Ерсін жалғыз емес, салықтан жалтарып жүрген астаналықтар саны 126 107. Қалада 155 810 салық төлеуші бар. Олардың жартысы 5,6 миллиард қарыздың 2,1 миллиардын өтеген. Енді 3,5 миллиард теңге берешектен қашқандарды салықшылар полицейлермен бірлесіп, рейд арқылы ұстап жатыр. Көлік көлемі 4 кубтан асатын 3 600 борышкер бар екен.  Ал мамандар салықтың тым көптігін қарыздың қордалануымен түсіндірді. 

Қайрат Тұрлыбеков, Астана қ. Алматы ауданы мемлекеттік кірістер басқармасының бөлім басшысы:

Жылдың басында біз талдау жүргіздік. Мына инвентаризация дейді ғой, соның арқасында біз сол кезіндегі мына 13-14 жылы төлемей кеткен салық төлеушілер қазір толық анықтап солардың бәрін хабарлама жолдап жатырмыз. Сондықтан былтырға қарағанда біздікі биыл да жоғары жұмыс жасап жатыр.

5 500 адамның ісі енді сотта қаралады. Ал 53 жастағы көлік жүргізуші Уәлихан Габдуллин салықтан жалтармайды. Ай сайын 12 мың теңге төлеп отырады. Бірақ көлікке салынатын салық құнының көлемі үлкен деп отыр.

Уәлихан Габдуллин,  Астана тұрғыны:

Салықты уақытында төлеп отырамын. Астанада көлік саны көп, осыған қатысты салықтың көлемін кеміту қажет деп ойлаймын. Адамдардың қалтасы қағылып отыр.

Диана Сапарқызы,  тілші:

Салықты өндіру үшін сот орындаушылар мен құқық қорғау органдары ай сайын рейдттік жұмыстар жүргізіп келеді. Биыл борышын өтемеген жүргізушіден 24 көлік тәркіленіпті.