$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Павлодарда ескі көліктерді қабылдау бекетінде күніне 20 шақты көлік жойылады

AstanaTV
20.07.2017ж. 20:00
3407
Павлодарда ескі көліктерді қабылдау бекетінде күніне 20 шақты көлік жойылады

Ескі көліктерді утильдеу бағдарламасының жүзеге асуы бойынша Павлодар облысы көш бастап тұр. Мұндағы бекеттерге күніне 20-дан аса темір тұлпар жеткізіледі. Елімізде маусымның 26-сынан бері азаматтарды бұл іске ынталандыру мақсатында сертификат беру науқаны басталған. Содан бергі уақытта республика бойынша 140 көлік тапсырылып, отандық өндірушілерден жеңілдікті сертификатпен 20-ға жуық темір тұлпар сатып алынған.

Павлодарлық Нұрлан Қасымов сертификат беру науқаны басталғанын ести сала, қабылдау бекетіне асыққан. Тапсырғалы отырған Нива маркалы көлігін 1992 жылы сатып алыпты. Содан бері тыным көрмеген темір тұлпарының бүгінде әбден тозығы жеткен.

Нұрлан Қасымов, көлік иесі:

Сертификатты алған соң, бағдарламаның талабы бойынша БИПЕК авто салонынан отандық өндіруші шығарған жаңа машина алуды жоспарлап отырмын. Меніңше, бұл өте ыңғайлы әрі қолжетімді жоба.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Бағдарлама басталғалы бері бұл қабылдау бекетіне 2 мыңға жуық көлік әкелінген. Мамандардың айтуынша, айына 120, күніне 21 машина жойылады. Артымызда тұрған мынау техника кеше ғана жолаушыларды тасымалдаған темір тұлпарды әп-сәтте шағын темір терсекке айналдырады.

Павлодардағы қабылдау алаңына өткен жылдың қарашасынан бері 1903 көлік тапсырылған. Оның 1649-ы арнайы техникамен талқандалып, бұзылыпты. Бүгінде бұл шаруа жалғасын табуда. Мұндағылардың айтуынша, қабылданатын көліктің дені - кеңестік кезеңнен қалған Жигули, Мосвкич және Волга маркалары автокөліктер. Арасында шетелдің өнімдері де жоқ емес.

Алпысбай Мұсалин, ескі көліктерді қабылдау бекетінің аймақтық менеджері:

Сертификатқа келсек, бұл жерде әр адам 10-20 көлік тапсыруы мүмкін. Бірақ, ол екі машина үшін ғана сертификат ала алады. Біреуіне 315 мың теңге. Екіншісіне де сол сома. Сонда жалпы сома 630 мың теңгені құрайды.

Ескі көліктерді утилдеуге бекітілген сома көлік иелерінің көбін қанағаттандырмайды. Павлодарлық тұрғын Рустам Сырымов осыдан бірер уақыт бұрын жаңа бағдарламаның шапағатын көрмекші болған. Бірақ ұсынылған қаржы көлемі көңілінен шықпапты.

Рустам Сырымов, Павлодар қаласының тұрғыны:

150 мың деген өте аз. Ескі көлігімді тапсырғым келді. Бірақ ойлана келе, тұра берсін деп шештім. Екінші көлігім болады. Әрине, ескінің аты ескі. Бірақ, амал қанша. Егер утилдеу үшін ақының көлемі қайта қаралса, мүмкін, ойланатын шығармын.

Айта кетейік, маусымның 26-сынан автокөлігін тапсырғысы келетіндерді ынталандыру мақсатында сертификат беру науқаны басталды.

Анықталғандай, республика бойынша жаңа талаппен 140 машина қабылданып үлгерген. Басым бөлігі жеңіл көліктер болса, 30 шақтысы ауыр және жүк көліктері. Бұларға берілген сертификаттың құны 450 мың мен 650 мың теңгені құрайды. Жеңілдікті сертификатпен отандық көлік өндірушілерден 20-ға жуық темір тұлпар сатып алынған. Айта кетерлігі, бұл науқанда Павлодар облысы көш бастап тұр.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ