Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Қазақстандық құрылыс компаниялары 3 айда 11 млрд шығын көрген

AstanaTV
21.07.2017ж. 20:00
4236
Қазақстандық құрылыс компаниялары 3 айда 11 млрд шығын көрген

Қазақстанда құрылыс компанияларының ахуалы күн санап қиындап барады. Осы жылдың тек 3 айында олар 11 млрд теңге шығын көрген. Ал жұмыс жүргізу барысы былтырғымен салыстырғанда 7 пайыз көлемінде артық. Құрылысшылардың бас ауыруына айналған не мәселе және олардың алдын орап жүргендер кімдер? Дәуренбек Бақдәулет білуге тырысқан еді.  

Павлодарлық Анарбай Нұрханов құрылыс саласында 30 жылға жуық еңбек етіп келеді. Саланың білгірі қазір мемлекеттік тапсырыстарды орындауда аса қиындық жоқ екенін кесіп айтты. Себебі құрылысқа қажет материалдардың 80 пайызы отандық болса, қалғаны шет елдерден жекізіледі. Алайда, ірілі-ұсақты кейбір құрылыс компанияларының басы тауға да тасқа да ұрылып жатқанын біледі. Оның себебін өзінше топшылайды. 

Анарбай Нұрханов, құрылыс компаниясының учаскелік басшысы:

Доллардың өсіп жатқанына байланысты, материалдар да бірден қымбаттап кетеді. Сосын бізге келіп жеткенше, сметалық құжаттар, бағаларымыз қайтадан қарауға үлгермей жатады. Одан барып көп шығынға ұшырайды құрылыс фирмалары. Ондай мәселе бар.

Бұл мәселенің бір жағы ғана. Сметалық құжаттарды тапсырып, тендерді ұтқанша, көп уақыт өтіп кетеді. Жұмысқа кірісем дегенше, құрылыс материалдары жоспарлағаннан 30 пайызға дейін артатыны тағы бар. Мұндай жағдай Астана құрылысшыларына да таныс. Бірақ елордалық кәсіп иелерін қинайтын тағы бір жәй бар. Тендер өтетін кезде кенеттен бұрын соңды болмаған компания шығып, алдын орап кетіп жататын жағдай көбейген. Сондықтан компания өкілдері тендер жүргізетіндер құрылысты салып беруге төмен баға ұсынғандарға ғана емес, компанияның атақ-абыройына да зер салса, дейді.

Евгений Таргоний, құрылыс компаниясы бас инженері:

Мемлекеттік сатып алулардың барлығына дерлік қатысамыз, бірақ ұтатын кезіміз аз. Әкімшілк жариялаған тендерде ғайыптан пайда болған бір делдалдар ұтып кетіп жатады. Олар кейін бізге келіп, "материалды сатып алайық, сендер салыңдар. Біз ақшасын төлейміз" дейді. Осындайлардың кесірінен болашағымыз бұлыңғыр болып отыр.

Ал пәтер құнын бақылап отыратын мамандар, қазір баспана бағасы ең төмен көрсеткішке жетті, дейді. Жоғарыдағы проблемалардің көбіне ұсақ құрылыс компанияларына ауыр тиетінін болжайды. Себебі ірі компаниялар жұмысын бір ізге түсіріп алған.

Ерғазы Мұсатаев, жылжымайтын мүлік агенттігінің бөлім басшысы:

Құрылыс саласы нарығында ойыншылар өте көп. Аты белгілі компанияларда қиындық аздау, себебі олар сұранысқа ие. Ал, пәтерлері өтпей жатқан шағын компаниялар өз жүйелерін бір қарап шығып, клиенттерге тиімді тұстарын көбейту керек. Ғаламтордағы тендер ұтып береміз деген жарнамадан көз сүрінедіОнымен тиісті органдар айналысқаны жөн  шығар.

Биыл ірі және ұсақ құрылыс компанияларының жалпы кірісі 35 млрд көлемінде болыпты. Ол былтырғымен салыстырғанда 4,5 есеге аз. Ұсақ кәсіп орындар өткен жылы осы уақытта 31 млрд теңге пайда көрсе, биыл 45 млрд теңге шығын көріп отыр. Ал құрылыс салу мөлшері былтырғымен салыстырғанда 7,1 пайызға артқан

Дәуренбек Бақдәулет, тілші:

Биыл ел төңірегінде «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асып жатқаны белгілі. Ол алдағы 15 жылда 1,5 млн тұрғынды баспанамен қамтамасыз етпек. Ал, құрылыс компаниялар болса аталмыш бағдарлама құрылыс компанияларының дағдарыстан шығуға мүмкіндік береді деп үміттеніп отыр.