Үндістанның Манипур штатында қолдан жасалған ішімдіктен уланған кемінде 18 тұрғын көз жұмды, тағы мыңнан астам адам ауруханаға түсті. Бұл туралы ANI агенттігіне сілтеме жасап Astana TV. хабарлайды.
Штаттың заң шығарушы жиналысындағы Үндістан ұлттық конгресі фракциясының жетекшісі Кейшам Мегхачандра Сингхтің айтуынша, уланғандардың бір бөлігі ауыр халде жатыр. Науқастар мемлекеттік және жекеменшік клиникаларда ем қабылдауда. Тек жұма күні 600-ден астам адам дәрігерлер көмегіне жүгінсе, сенбі таңертең тағы 300-ге жуық тұрғын ауруханаға жеткізілген. Саясаткер қайғылы жағдайға сусын құрамындағы улы метанол себеп болуы мүмкін екенін, ал бұл зат ағзаға, әсіресе бүйрекке ауыр зақым келтіретінін атап өтті.
Ал штаттың бас министрі Кхемчанд Юмнам әлеуметтік желідегі парақшасында ауруханаға барып, зардап шеккендердің хал-жағдайын сұраған сәтінен бейнежазба жариялады.
Оқыс оқиғаға байланысты жергілікті билік халыққа шұғыл үндеу жолдады:
• Соңғы 2–3 тәулікте күмәнді ішімдік ішкендер, сондай-ақ көзі бұлдырап, жүрегі айныған, тынысы тарылған, басы айналып, іші ауырған азаматтар дереу дәрігерге қаралуы тиіс.
• Үй жағдайында өз бетінше емделуге қатаң тыйым салынады.
• Күмәнді алкогольді тұтынбау және тергеу амалдары үшін бос бөтелкелер мен қаптамаларды сақтап қою сұралады.
Қазіргі уақытта аймақтағы барлық медициналық мекемелер мен эпидемиологиялық бақылау қызметтері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілді.