Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Египетте жоғалған 6 қазақстандық студент табылды

AstanaTV
25.07.2017ж. 20:00
3188
Египетте жоғалған 6 қазақстандық студент табылды

Мысырда араб тілін меңгеруге кеткен студенттер табылды. Оларді құқық қорғау органдары қамауға алған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, олардан теріс діни бағыттағы көзқарас байқалмаған. Студенттердің туыстары олар Катар қайырымдылық қорының демеуімен тілді дамыту курсына барғанын айтты. Ұсталғандардың бірі Сирия келіссөзінде аудармашы болғаны белгілі болды. Бірақ қазақстандық студенттерді Мысыр полицейлері не үшін қамауға алды? Тілшіміз тарқатады.

Диана Сапарқызы, тілші:

Қанат Берік пен Еламан Жазылхан Мысырға 11 шілдеде ұшып кеткен. Алматыдан Шадж қаласына, одан әрі Александрияға аттанған. Барған соң Қазақстан елшілігіне тіркелген. Бірақ 10 күннен кейін туыстары байланыса алмай қалған. Студенттерден хабар-ошар болмаған соң туыстары сыртқы істер министрлігі мен Египеттегі консулдыққа хабарласқан.

Министрліктің мәліметіншежоғалғандар екеу емес, 6 адам. Оның барлығы қазақстандықтар. Египетке оқу курсына барғандар бір бөлмеге қоныстандырылса керек. Қанат Беріктің ағасы Айбол Исабек фейсбук арқылы бауырын іздеуге көмектесуді сұрады. Оның айтуынша, студенттер Мысырға араб тілін жетік меңгеру үшін аттанған. Ал Мысырға оларды Рашид есімді кураторлары бағыттаған. Олар Алматыдағы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің 1 курс магистранттары екен.

Айбол Исабек,  Қанат Беріктің ағасы:

Олардың Мысырда жұмыс істеп, қалу ойларында болған емес.  Қанаттың болашаққа деген барлық жоспары Қазақстанмен байланысты. Екеуі де отбасын құрмаған азаматтар. Олар өз істеріне жауапты адамдар. Бұдан бұрын өз басым олардың бойларынан теріс қылық көрмедім.

Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар. 20-сы шілдеден бері қазақстандықтарды іздеуге кіріскен. Тіпті оларды тауып беру үшін ел билігіне нота да жіберген. Нәтиже бар. Студенттер табылды. Оларды құқыққорғау органдары қамауға алғаны белгілі болды. Бірақ Сыртық істер министрлігінің ресми өкілі олардың полицейлер қолына не үшін түскенін дөп басып айта алмай отыр. 

Әнуар Жайнақов, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Бүгін Қазақстанның елшісі Мысыр сыртқы істер минситрлігімен кездесу өткізіп, бүгін азаматтарымыздың ұсталуы бойынша аландаушылық жеткізді. Мысырдың сыртқы саяси ведомства басшысының орынбасары Қазақстан тарапына жақын арада ақпарат беретінін айтты.

Бір белгілісі, 6 студенттің өміріне мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Сыртқы істер министрлігі мән-жайды ертеңге дейін анықтаймыз деп отыр.