«Тәлтіректеген» RBK банкінде қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк 240 млрд теңге бөлуді қарастырып жатыр. Ал жалпы, аталған банк, үкімет, Ұлттық банк және «Қазақмыс» корпорациясы көпжақты меморандум жасаған – осы банктің жағдайын жақсарту үшін «Қазақмыс» келісім бойынша 160 млрд теңге капитал құяды. Еліміздегі топ-10 банктің қатарындағы RBK айналымдағы есепшоттардан қолма-қол ақша беруді, депозиттер беруді тоқтатқаны мәлім. Осы банк арқылы жалақы алатындар мен қарапайым салымшылар шошып кеткен. Мысалы, бала-шағасын жалғыз асырап отырған астаналық әйел «пәтер аламыз деп салған ақшамыз еді, енді қайттім?» деп, уайымымен жұртпен бөліскен. Жалпы, банктердің дымсыз қалуы деген не? Банктер банкротқа ұшырағанда «оның себебі ұрлық-қарлық, парақорлық және депозиттерді «откаттардың жуындысына» орналастыру» дейтін байламның астары не?
Екінші. Жарық көрген «жұмақ досьесі» жайлы. «Журналистка факультеттерін жабу керек және жоқ, мәселе онда емес» деп айтысып жатқанда, әлемнің бірнеше ондаған елінің журналистері бірігіп, шым-шытырық есеп-қисапты тексеріп, «столымызға тастай салды».
Негізі, зерттеушілер мен белсенділердің одағы – Tax Justice Network-тің мәліметінше, офшорларда 21 трлн-нан 32 трлн долларға дейін ақша сақталады. Осынша байлыққа бар-жоғы 10 млн адам ие. Корпорациялар да қалыспайды екен – әлемдегі «ең» деген 200 компанияның 90 пайызы офшорларды пайданалады. Мысалы, атақты Apple компаниясы да аталады. Ол «жұмақ досьесінде» де айтылған. Негізі салық салуды оңтайландыру міндетті төлемдерді азайтудың заңды әдісі. Мәселе - салықтан жалтаруда. «Жұмақ досьесіндегілер» заңды бұзды деп шорт кесе салуға болмайды, дейді сарапшылар. Екінші жағынан, офшорларда - салық айлақтарында дейікші, ақшаны жылыстату, былайша айтқанда «зың» еткізу оңай. «Жұмақ досьесінде» Ұлыбритания патшайымынан бастап, біраз атақты адамдар бар. Сонымен бірге миллиардер шығуы «ғажап» елдердің азаматтары да бар. Батыс әлемінде батыс әлемінің адамдарын «салықтан қашатындар» деген мағынада қабылдайды. Және салықтан жалтару оларда өте бір сүйкімсіз, тіпті ұятсыз әрекет. Заң бұзушылықтан бөлек. Ал біздің қоғам сияқты ...қоғамдарда қоғам мүшесінің атын көрсек, басқа реакция – олар қандай жолмен тапқан ақшаны жасырып жүр?
Бір-бірімен қабысатын екі тақырыпты – банк пен жұмақ досьесін Мөлдір Бақытқызы «өріп» береді.
РБК банкі 600 млрд теңгеге былыққа батқан. Енді осы проблемалық портфелді өзіне алып, аршумен айналыстан басқа компания құрылады. Ол үшін Ұлттық банк пен кавзимемлекетік компаниялар кредит ретінде 240 млрд теңге беруге әзір. Ал проблемадан құтылған РБК-ға "Қазақмыс" 160 млрд теңге қаржы құяды. Ұлттық банк өкілдері "Қазақмыс" РБК-ның жалғыз ірі акционері болады, тіпті 90 пайыздан астамын иеленеді дейді. Владимир Ким бұрын онсыз да РБК-ның 7 пайыздай акциясына ие-тін. «Қазақмыстың» қожайыны банкті қайтпек?
Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банк төрағасы:
Шамамен 600 млрд. теңге сомасындағы проблемалық портфель арнайы құрылатын қаржы компаниясына беріледі. Сәйкесінше, банк проблемадан құтылады. Ол Ұлттық банктің бұған дейін кредит ретінде бөлген қаражаты мен квазимемлекеттік компаниялар ақшасы есебінен жүргізіледі.
Президент РБК-ның проблемалық портфелін қолдан жасаған акционерлердің өзі және ондай ұрылар жазаланады деді. Сонда ортақ капиталды бөлісе алмай, бірін бірі бөрідей талаған кімдер? Қазақстан Қор биржасының 2017 жылғы 1-қарашадағы мәліметі бойынша РБК-нің акционерлері ретінде 9 тұлға көрсетілген. "Фонд-инвест" мүліктерін басқару дирекциясы (Бірінші Президент қорының бір бөлімі) - 19,4%, Фарид Люхудзяев -9,53%, Темир Джумаев - 9,25%, Дінмухамед Ыдрысов - 7,52%, "Нур-ЭкспортНС" серіктестігі - 6,97%, Владимир Ким - 6,75%, Уәлихан Нұрмухамедов - 6,74%, Бахаридин Аблазимов - 5,5%, Игорь Мажинов - 5,51%-на ие.
Сыбайластық барын Ұлттық банк те жоққа шығармайды. Кейде кредиттер банкке пайда әкелу үшін емес, жеке мүдде үшін берілетінін айтады.
Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:
Көп жағдайда банктердің проблемасы банк менеджменті немесе акционерлермен байланысы бар тұлғаларды несиелеуге келіп тіреледі. Мұндай несиелер қаржы ұйымына пайда түсірмейтін белгілі. Біз қағаз жұмыстарын ғана емес, несие алған соңғы тұлғаларды да анықтаймыз. Қазір банкте тексеріс жүріп жатыр. Тиісті құжаттарды Ішкі істер органдарына жолдаймыз.
1-қыркүйектегі мәліметке сай РБК банкінде жеке және заңды тұлғалардың 588 млрд теңге депозиті бар. Және Ұлттық банк -150,7 млрд, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры - 49 млрд, «Даму» қоры -13 млд, "Қазақстан Даму банкі" - 10,7 млд, Аграрлық несие корпорациясы -10,4 млрд теңге салған. Сарапшылар, бәрібір Ұлттық банкті кінәлайды.
Айдар Алибаев, экономист:
Куда смотрел Нац. Банк? проблемные активы в размере 600 млрд-ов, что они сегодня образовались? Они же образовались не за один день, не за один месяц, даже не за один год.
Иә, РБК-ны «құдай қақты». Әйтпесе «Дельта» -ны Ұлттық банк сот арқылы лицензиядан айыруға кірісіп кетті. «Дельта» салымшыларға 126 млн теңге берешек. Оны банкті жою процесі аяқталған соң, "Депозитті кепілдендіру қоры" өтейді. Баяғыда «ВалютТранзитБанк» жабылғанда қарағандылық қарттардың біразы жиған-тергеніне жете алмай, бақиға аттанып кеткен-тін. «Валют-Транзитті» құтқаруға да ешкім құлшынбады. Ал, 2009-2010 жылдары қаржы дағдарысы деп, Үкімет: Қазком, Халық банкі, БТА және Альянске көмектесті. Әлбетте, қазына есебінен жомарттық танытты. 480 млрд теңге яғни 4 млрд доллар бөлген. Сондай-ақ 2014-жылы "Проблемалық кредиттер қоры" құрылып, оған 250 млрд теңге аударылған. Ал биыл құрдымға кете жаздаған "Казкомға" тағы 2 трлн 100 млн теңге бөлінді. Бас аяғы 8 жылда банктерді құтқаруға Ұлттық қор мен бюджеттен 3 трлн теңге кете барды.
Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Осы қаржылар 2009-02014 жылдардағы, возвратный қаржы болатын. Олардың қаншасы қайтарылды, келешекте бұл қайталанады ма? Мұның бір шектеуі болу керек ғой.
Трлн-дардың қаншасы қайтарылғаны туралы Қаржы министрі «қымсынбай» айтып берді.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Қаржы министрі:
Проблемалық кредиттер қорына бөлінген қаржының 16 млрд теңгесі ағымдағы жылы қаңтар айында қайтып келіп түсті.
Алмақтың салмағын банк жүйесіндегілер ұмыта бастағандай. Ерке-тотай дерсің. Қарапайым салымшылардың депозиттегі тиын -тебені сақталады деп «сүйінші» сұраймыз. Оның артында тұрған қаншама трлн-дар ұмыт қалады. Осындайда «қолы ашық» үкіметтің әрекетін экономистер түсінгісі келмейді.
Айдар Алибаев, экономист:
Банктерді құтқару саясаты деген ұят нәрсе. Олай болмауы тиіс. Олай болса, неге басқа бизнес түрлерін құтқармаймыз. Кеттік, сақтандыру компаниялары, шағын несие ұйымдары, ломбарттарға да, біз бен сіздің ақшамызды беріп, көмектесейік. Бірақ ол абсурд ғой.
Депозит демекші, күні кеше "Парадайз пейперс" - "Жұмақ досьесі"жарияланды. Млрд-таған «депозиттер» туралы. Журналистік зерттеу. Базасы АҚШ-та. Шартараптан тірнектеп жиған мәліметтер нәтижесі. Қысқасы офшорларда ақша ұстағандар тізімі. Олар салық төлеуден жалтарды деп тура айтылмағанмен, сондай күдіктің туғаны рас. Билікте отырып, өз атына офшордан есеп-шот ашу көзсіз батырлық па? Міндетті мәжбүрлік пе? Әлде ешкімді пысқырмау ма? Патшайымнан бастап, "пақыр" министрлерге дейін соны істеген. Елизавета әжеймен бірге небір дөкейлер жүр. Тізімде қазақтандық шенеуніктер де бар. Мәселен, "Қазақмұнайгаз" басшысы Сауат Мыңбаев және министр Бейбіт Атамқұлов. Мұны естіген аэроғарыш министрі, ғарыштан топ ете түскендей кейіп танытты. 98- жылы инвестор тарту үшін Мальтада компания ашқан. Жоба іске аспаған соң, одан шығатынын хат арқылы хабарлаған. Алайда серіктестері мұны ескермепті.
Бейбіт Атамқұлов, ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Кеше соны іздей бастадым, біреуі Сербияда виноградниктермен айналысады екен. Ол кезде 98 жылдары, ешкім мемлекеттік қызметте болған жоқ, кәспкер болдым. Тығылатын, ешкімнен қорқатын ешқандай нем жоқ.
Мыңбаев да түсіндірді. Оған 20 пайыз акциясы тиесілі Meridian Capital Ltd. компаниясы Бермуд аралдарында 2011-жылы тіркелген делінген. Ол кезде Сауат Мұхамбетбайұлы елде Мұнай және Газ министрі болатын. Ал жауапта, "2003 жылы мемлекеттік қызметке шақырылған соң акциясын басқа адамға өткізгенін" айтады.
«Парадайз пейперстің» командасы күшті. 60 тан астам мемлекетте бір емес, бірнеше тілшіден ұстайды. Мысалы, Ресейде төрт өкілі жұмыс істейді. Қыл аяғы Солтүстік Кореяда аттай алты тілшісі бар. Ал, бұл уақытта біздің «медиа элита» журналистка факультетін жабу қажет деп безек қағып жатыр.
Саясаттанушылар болса, «Жәннат құжаттарын»-ның атауын өзінше қазақшалап,қисынға салып үлгерді.
А.Сарымның ФБ-паракшасы:
Райское досье. Paradize dossier.
Пара дай...
Все логично.
Мөлдір Бақытқызы «Біздің уақыт».