$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қолдан жинайтын сүттің 90 пайызы сапасыз...

AstanaTV
11.11.2017ж. 20:00
3922
Қолдан жинайтын сүттің 90 пайызы сапасыз...

Енді сүт, дәлірегі оның сапасы, дәлірегі оның сапасының нашарлығы туралы. Елімізде жылына 1 млн 400 мың тонна сүт өңделеді. Шикізаттың 80 пайызға жуығы жеке қолдан алынады. Қолдан алатын сүттің тек 10 пайызы ғана сапа регламентіне сәйкес келеді екен. Сонымен жинайтын сүттің сапасы онша емес. Жоқ, паразитке толы сүт ішіп жүрміз бе?- деп сескенбеңіз. Тек, ауыл шаруашылығы елі бола отырып, құрғақ сүтті тұтынатынымыз...  Ішкі мазмұнның қандай екенініне бір дәлел. Проблеманы тілшіміз Солтүстік Қазақстан мысалында талдайды.

Қызылжар тұрғыны Роза Өтегенованың 4 немересі бар. Зейнеткер ауылда тұрмаса да, кішкентайларына күнде сүт береді.

Роза Өтегенова,  Петропавл қаласының тұрғыны:

Зенченконың сүтін аламын. Оның өзі көпке шыдайды. Менің немерем ішеді. Добавкалары жоқ шығар деп, сондайды аламын.

Роза Өтегенованың өнімді абайлап таңдауы бекер емес. Бүгінде сүттің сапасы онша емес. Еліміздегі  сүт зауыттары шикізаттың 77 пайызын  үй шаруашылықтарынан сатып алады. Сол сүттің 10-ақ пайызы ғана техникалық стандарттарға сәйкес келеді. Демек қалған 90 пайызы сапасыз. 

Владимир Кожевников,  «Қазақстанның сүт одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры:

Сүттің нормаға сәйкес келмеуі малдың нашарлығынан емес, сүтті жинау жүйесінің жетілдірілмеуінен туындап отыр. Шикізаттың үш тоннасын жинап алу үшін 300 кемпірден сүтті қабылдау қажет. Бірі адал болады, енді бірі алдап кетуге тырысады. Сондықтан көбі техникалық регламенттерге сәйкес келмейді.

Үй шаруашылықтарындағы гигиеналық жағдайды әрдайым бақылап отыру қиын. Кедендік одақ елдерінде бекітілген техникалық регламентке сәйкес, сүттің әрбір шаршы сантиметрінде бактериялардың саны 500 мыңнан аспауы тиіс. Алайда біздің шикізатта нормадан 3 есе көп. –Сонда паразиттерге толы өнімді тұтынып жүрміз бе? -деуге асықпаңыз. Әрине, зиянкестердің барлығы қайта өңдеудің арқасында жойылады. Бірақ, сан мәрте өңделген сүтте зиянкестермен қатар, жақсы бактериялар да өледі. Құрамында пайдалы заттары аз шикізаттан сапалы өнімнің шықпасы анық.

Ирина Дәулетбаева, сүт зауыты зертханасының жетекшісі:

Бактериясы көп сүттен қатты ірімшікті жасау мүмкін емес. Себебі, оған қайнатылған сүт жарамайды. Қатты ірімшік тек төмен температурада тазартылған шикізаттан ғана дайындалады. Жалпы, бактерияларды өлтіру үшін біз оларды бірнеше рет өңдеуден өткіземіз. Пайда болған қосымша шығын өнімнің өзіндік құнына қосылады.

Яғни, егер де үй шаруашылықтарындағы сүт таза болса, онда дүкен сөрелеріндегі өнімнің де бағасы арзанырақ болар еді. Өндіріс ошақтары сүтті-тауарлы фермалармен қоян-қолтық жұмыс істеуді қалайды. Өйткені мал қораларының тазалығын жүйелі түрде бақылауға мүмкіндік бар. Мәселен, мына серіктестікте қазір екі жарым мыңға жуық ірі қара бар. Кәсіпорын күнде сүттің 30 тоннасын сауады. Шикізаттың құрамындағы бактериялардың саны, майдың мөлшері, барлығы қалыпты деңгейде.

Геннадий Зенченко, фермер:

Біз 2007 жылы 5,7 мың тонна сүт өндіретінбіз. Биыл 18 мың тонна өндіруді көздеп отырмыз.

Елімізде ауыл шаруашылығы кооперативтері құрыла бастағаны мәлім. Кооператив мүшелері шикізатты тек бір адамға  - төрағасына тапсыруға міндеттеледі. Ал мемлекет кооператив жетекшісіне заманауи сүт тасу көлігі мен танкерді сатып алуға көмектеспек.  Танкер деп, сүтті салқындататын қондырғыны айтады. Сүт ашып кетпеуі  үшін алдымен температурасын  +4 градусқа дейін түсіріп алып, сосын барып қалаға тасымалданады. Ең бастысы - бүтін бір ауылдың сүтіне бір-ақ адам жауап береді.

Марат Мусин, сүт кооперативінің төрағасы:

Маған сүтті 75 үй тапсырады. Қазір күніне 1,5 тонна сүт жинап отырамыз. Шикізатты қабылдаған кезде арнайы құрылғының көмегімен сүттің құрамын жақсылап тексереміз. Мамандарымыз адал.

Алайда елімізде сүт тапшылығы бар. Шілденің шіліңгір ыстығында өрісте жүрген малдың сүтті молынан беретіні мәлім. Қара мал күніне 15 литрге дейін берсе, асыл тұқымды сиырдан сауылатын сүт 25 литрден асып түседі. Алайда, қаңтар-мамыр айларында жаппай бұзаулаған кезде сүт тапшылығы басталады. Халықаралық ұйымдардың жүргізген сараптамасына сенсек, қысты күні ірі қара шикізатты 80 пайызға кем береді. Сонымен бірге:

Инна Пунда, БҰҰ ауыл шаруашылығы және азық-түлікті ұйымдастыру бағдарламаларының үйлестірушісі:

Шикізат жетіспеуінің негізгі себебі – шикізаттың 40 пайызы тұтынушыға жанама жолмен жеткізіледі. Бұл үйде жасалатын сүт өнімдері. Сондықтан зауыттарға шикізат жетпейді. Халық арасында үйде дайындалған сүт өнімі табиғи таза болады деген ұғым қалыптасқан. Алайда, бұл дұрыс емес. Сүттің құрамын тексеріп барып, өңдеген абзал.

Жетпегенді толтыру үшін қайта өңдеу зауыттары кептірілген сүтті пайдалануға мәжбүр. Бірқатар кәсіпорындар сүтті кептіру ісін жазды күні қолға алады. Алайда көбі бұл механизмге қол жеткізе алмағандықтан, ұнтақты шетелден импорттайды.Соңғы алты жылдың ішінде шеттен кептірілген сүттің 72 мың тоннасы сатып алынған. Егер де былтыр Қазақстанға жалпы сомасы 207 миллион долларды құрайтын сүт өнімдері импортталса, оның бесінші бөлігі кептірілген сүтке тиесілі. Еліміздің сүт өндірушілері 2016 жылы 41 миллион доллардан айырылған. 

Бауыржан Ахметаев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

Біз кептірілген сүтті Белоруссия мен Украинадан сатып аламыз. Украинаның үлесі басым – 51 пайыз. Шикізат тапшылығы Ресейде де байқалады. Олар ақ ұнтақты Белоруссиядан импорттайды.

 «Простоквашино» мультфильмінен үзінді:

 Что это все без молока и без молока. Так и умереть можно. Надо бы корову купить?!
-  Надо бы. Так где денег взять?

Тығырықтан шығудың бір жолы - шаруашылықты көп салалы ету. Әйтсе де бір бағытты меңгергендер өзге салаға бет бұруға құлықсыз көрінеді. Сондықтан қатаң шараларға кіріскен жөн, деп санайды тәжірибелі фермер Геннадий Зенченко. Бүгінде тек Солтүстік Қазақстанның өзінде үш мыңнан астам шаруашылық жер өңдейді. Алайда қосымша, мал басын көбейтумен оның тек үштен бірі ғана айналысып жатыр.

Геннадий Зенченко, фермер:

Өсімдік өсіретін шаруашылықтарды әрбір 20 гектар үшін бір бас ірі қарадан ұстауға мәжбүрлеу керек. Егер де мал басын көбейткісі келмесе, оған субсидия берілмеу керек. Қазір бір миллион гектар жерді ұстап отырған бірнеше алпауыт компания бар. Егер олар малмен айналысса, Қазақстанда мал саны күрт көбейеді. Бірақ бұл сала көп еңбекті қажет ететіндіктен олардың айналысқысы жоқ.

Еліміздің кәсіпкерлері «салған ақшаны тез арада қайтарып алсам» деп тұрады. Ал мал шаруашылығында алғашқы табысқа кем дегенде 4 жыл кетеді.  Яғни  «ақша, ақша» деген кәспкерлердің қызығушылығын оятпайды. Сондықтан орта шаруаны субсидиядан қағуға мүлдем болмайды.

Мұхтар Байбатшанов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты:

Мысалы, ірі қара малды, жылқы, түйені алсаңыздар, ол 3-4 жылға шейін өнім бермеуі мүмкін. Ол кеткен шығынды қайтарып алу үшін уақыт керек. Ал ол уақыт аралығында ол компанияның табысына, жалақысы бар, басқа да төлемақылары бар өсіп кететіндіктен, бұл салаға мойын бұру қиындау болады. Мемлекет  субсидияны бөліп отыру керек, негізі ауыл шаруашылығына.

Ауыл шаруашылығы елі де бола отырып, жұрттың құрғақ сүтті тұтынатыны шынында ұят нәрсе. Ал Роза Өтегенова өзіміздегі дәстүрге сай, бәрі жақсы болатынына сенеді. 

Роза Өтегенова, Петропавл қаласының тұрғыны:

Сүтсіз шай ішпейміз. Балаларға береміз. Порошок деп, оны бергің де келмейді. Енді бара-бара жақсы боларына сенеміз.  Былай Қазақстанның өнімі жақсы ғой. Шөбі де жақсы басқаларына қарағанда.

Е.Карин, А.Құрманкин О.Нұржақып «Біздің Уақыт».