Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Алматыда көлік жөндейтін кәсіпкерлердің 50 пайызы салықтан жалтарып жүр

AstanaTV
10.11.2017ж. 20:00
2392
Алматыда көлік жөндейтін кәсіпкерлердің 50 пайызы салықтан жалтарып жүр

Алматыда көлік жөндейтін кәсіпкерлердің 50 пайызы салықтан жалтарып жүр. Қалалық кірістер департаментінің мамандары осылай деп отыр. Оның үстіне қыс мезгілінде дөңгелек жөндеумен айналысатын заңсыз орталықтар саңырауқұлақтай қаптайтын көрінеді. Олар кәсіпкер ретінде тіркелмегендіктен, сапасыз қызмет үшін де жауапқа тарту қиын.

Нұрлан Құдайбергенов қызмет орталығын бір жарым ай бұрын ашқан. Күніне 2-3 мың теңге түсетін істің қыс мезгілі жақындағанда табысы 15-20 пайызға артатындығын айтады. Мына жерді жақында ғана сатып алған ол әлі кәсіпкер ретінде тіркеліп үлгермеген. Жұмысы жемісін берсе, құжаттарын реттемек.

Нұрлан Құдайбергенов:

Әсіресе қыс таяғанда жұмыс көбейеді. Мұндай кездері 20-30 мың теңгеге дейін көтере аламыз. Болашақта жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп жұмыс істеу үшін келген көлік жүргізушілеріне барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысамын. Жақында сатып алдым осы орынды. Кәсіпкер ретінде тіркелсем, салықтан жалтармаймын.

Ал Қайратбектің бұл салада жүргеніне 10 жылдан асқан. Заңды түрде тіркеліп, пайдасының 15-20 пайызын салыққа төлеп отыр. Қыс тақағанда біркүндік шиномонтаждар қаптап кететінін айтады. Бірақ оған барған жүргізушілердің көбі ақыры заңды жұмыс істейтін бекеттерге қайтып оралатын көрінеді.

Қайратбек Күнтуған, жеке кәсіпкер:

Қар жауған кезде ешкім ешқайда жүре алмай қалады. Мына жерде кептеліс. Екі жыл сондай кездер болған. Былтыр да болды. 100-150 мың түседі. Кейбір кездер болады, дөңгелектер жолда түсіп қалатын. Бізге келеді сосын, ана жақта жасап едім дегендей.

Осы кезде саңырауқұлақтай қаптайтын дөңгелек жөндеу бекеттері жауапкершілікті түсінбейді. Бүгін бар, ертең жоқ болғандықтан, қызмет сапасына да шағымдана алмайсыз. Осылай деген қалалық кірістер департаментінің өкілдері жүргізушілерге чек талап етуге кеңес береді.

Заңғар Шындәлі, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Дөңгелек жөндейтін жерлерге барған кезде, міндетті түрде чек талап етуін сұраймыз және кірістер органына тіркелуінің бар-жоқтығын сұраймыз. Егер анықталса тіркеусіз жұмыс істейтіндігі, тауарлары мен құрылғыларына тиым салынады. Оларды алып кетеміз және сотқа материал жіберетін боламыз.

Олжас Нұржақып, тілші:

2016 жылы мегаполистегі көлік жөндеу қызметі түріне 1800-ден астам кәсіпкер тіркеліпті. Бірақ олардың 900-ден астамы ғана 273 млн теңге соммасында салық төлеген. Қалғаны, жыл аяқталғанына қарамастан, жалтарып жүрген көрінеді. Ал маусымдық орталықтарға ескерту болмайды. Мамандар заңсыз кәсіп екенін анықтаса, бірден мүліктерін тәркілемек. 

Олжас НҰРЖАҚЫП