$472.62 €513.22 ₽5.43
×

Қызылжар өңіріндегі Новомихайлов ауылында 2005 жылы бой көтерген амбулатория апатты жағдайда тұр

AstanaTV
10.11.2017ж. 20:00
2460
Қызылжар өңіріндегі Новомихайлов ауылында 2005 жылы бой көтерген амбулатория апатты жағдайда тұр

12 жылға жеткен «қағаз үй». Қызылжар өңіріндегі Новомихайлов ауылында 2005 жылы бой көтерген амбулатория апатты жағдайда тұр. 400 шаршы метрге жайылған алып нысанның қабырғалары сөгіліп жатыр. Медициналық мекемеге ем-дом алу үшін баратын жұрттың қисайып тұрған қабырғаларды көріп зәресі ұшады. Аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин тарқатады.

Абзал Құрманкин, тілші:

Абырой болғанда, апатты жағдай әлі болған жоқ. Бұқара мен ақ халаттылар қақырайған қабырғаларды айналып өтеді екен. Қазір мекеменің ахуалы шын мәнінде қорқынышты. Бірқатар бөлменің қабырғалары сөгіліп, үлкен тесіктер пайда болған.

Тіреуіштердің жылжуынан ғимараттың едені де жарылып жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, олқылықтар алғашқы күннен шыға бастады. Осы уақытқа дейін құзырлы тараптар тек жыртықты жамаумен ғана айнылысып келген екен. Ауыл халқы жалғыз медициналық бекетінен қағылғалы тұрғанынан қынжылады. Ал дәрігерлер амалдың жоқтығынан апатты нысанда күні бойы отыруға мәжбүр.

Александр Буткин, ауыл тұрғыны:

Медициналық бекет ашылған кезде қуанышымызда шек болмады. Осында жатып, емделеміз деп ойладық. Алайда қуанышымыз ұзаққа созылмады.

Татьяна Гриценко, фельдшер:

Сынған қабырғаларға жоламауға тырысамыз. Тұрғындар жиі шағымданады. Бірақ, амал жоқ, жұмыс істеу керек. Жалпы, нысанның іші жылы. Сырттан келетін тесіктерді бітеп тастадық. Қысқы мерзімге дайынбыз.

Абзал Құрманкин, тілші:

Фельдшерлік бекет бақандай 37 миллион теңгеге тұрғызылған. Енді оны күрделі жөндеуден өткізу үшін, тағы осыншама қаражат қажет екен. Бюджет қаржысын ысырап етіп отырған билік тарапы жаңғыртуды қолға ала ма, әлде өзге амалдарды қарастырып жатыр ма? Мекеменің алдағы тағдыры жайлы мен ертең әңгімелейтін боламын.

Қызылжар өңіріндегі тілші материалын сенбі 20-00-де «Біздің уақыт» апталық-сараптамалық бағдарламасынан көре аласыздар. Өткізіп алмаңыздар!