Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Алматыда отандық тауарлар саудалайтын дүкеннің иесі Бас прокурордан көмек сұрады

AstanaTV
13.11.2017ж. 20:00
2863
Алматыда отандық тауарлар саудалайтын дүкеннің иесі Бас прокурордан көмек сұрады

Алматыда көп балалы кәсіпкер әйел экономикалық қылмыстарды тергеумен айналысатын мекеменің мамандарын айыптады. Тамыз айында Екатерина Кимді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті "есепшоттық фактураларды жалған жасады" деген айыппен құрықтаған. Алайда бұл айыптаумен келіспеген кәсіпкер Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро мен облыстық прокуратураға арызданады. Ол құзырлы орган қызметкерлерінің ірі көлемде пара талап еткенін таспаға түсіріп алған. Кәсібінен айырылып, 60 адамды мәжбүрлі демалысқа жіберген "жас кәсіпкер" іске Бас прокуратураның араласуын сұрайды. Тараптарды тыңдаған тілші толықтырады.

Алты баланың анасы осыған дейін кәсібін дөңгелетіп келген. Биыл жазда қаланың орталығынан жалға орын алып, мына дүкенді ашады. Алайда көп ұзамай, құзырлы орган өкілдері Екатеринаның құжаттарынан шикілік тапқан. Әйелдің үстінен қаржылық құжаттарды дұрыс толтырмады деген күдікпен қылмыстық іс қозғалады. Яғни «іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей жатып, шот-фактура жазды» деген айыппен тергеле бастаған. Кәсіпкердің айтуынша, істі жабу үшін тергеушілер ірі көлемде пара талап етіп отыр.

Екатерина Ким, кәсіпкер:

Мен істің жариялы болуы және әділ тергелуі үшін Бас прокуратураның араласуын қалаймын. Есеп-шот фактурасын жалған жасау фактісі бойынша менің көмекшім құзырлы орган қызметкерлерімен бірігіп, маған жала жапқанын айтқым келеді. Істі жабу үшін аталған мекеменің өкілдері пара талап етіп отыр. Менде оны дәлелдейтін 158 дыбыстық жазба бар.

Екатерина Ким Іле ауданындағы жалған құжат жасау бабымен айыпталған жалғыз адам емес. Бұл іске жақында араласқан танымал адвокат Джохар Утебековтің айтуынша, Алматы облыстық кірістер департаментінің үстінен осындай шағыммен 4 кәсіпкер хабарласқан. Бизнес иелерін бопсалау дерегі негізінде қазір Қаржы министрлігіне хат дайындалып жатыр, дейді қорғаушы.

Джохар Өтебеков, қорғаушы:

Жалған есеп шот-фактураларын жазып, оны кәсіпкерлер жасады деп провокация жасайтын фактілермен көп кездесіп жүрмін. Әсіресе Алматы облысы Іле ауданында Экономикалық қылмыстарды тергеу қызметі жеңіл ақша табу үшін қылмыстық жүйе қалыптастарғанын аңғару қиын емес.

Кәсіпкерден 50 мың АҚШ долларын талап еткен облыстық экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің маманы анықталып, жұмысынан аластатылған. Алматы облысының прокуратурасы қазір бұл дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Айдын Раев, Алматы облысы прокуратурасының басқарма басшысы:

Азаматша Кимнің арызы бойынша қадағалау органы тексеру жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс зерттеліп, оның уәждері зерттеледі, сосын міндетті түрде  жауап беріледі. 

Екатерина Ким дүкенін жауып, тауарларын үйінің ауласына тасып жатыр. Жетінші сәбиіне аяғы ауыр әйел кез-келген уақытта қамауға алынудан қорқады. Ал кепіл ретінде құятын қомақты қаражаты жоқ, себебі оның есеп-шоттары мен банктік карталары әлдеқашан бұғатталған.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ