Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Бишімбаевтың әйелі сотқа өтініш жасады

AstanaTV
13.11.2017ж. 20:00
2990
Бишімбаевтың әйелі сотқа өтініш жасады

«Қызылордадағы шыны зауыты құрылысының тоқтап қалуына кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің тікелей кінәсі бар». Қуандық Бишімбаевтың әйелі бүгінгі сот отырысында осылай деп мәлімдеді. Назым Бишімбаеваның айтуынша, мемлекеттік бағдарлама бойынша салынуы тиіс кәсіпорындағы қаржылық құйтырқылықтар азаматтық іс ретінде қаралуы тиіс.

Сонымен қатар осы іске қатысы бар «Бәйтерек DEVELOPMENT» акционерлік қоғамының экс-төрағасы Бақыт Жақсыбаевтан да жауап алынды. Ол сотта ірі көлемдегі параға қатысты жәйттерді жайып салды. Қуандық Бишімбаевқа арнап салынған Астана маңындағы зәулім үйдің құрылысы туралы да айтып берді. Бишімбаев ісіне қатысты Астанада өткен төртінші сот отырысынан Диана Сапарқызы баяндайды. 

Диана Сапарқызы, тілші:

Атышулы Бишімбаев сотының кезекті отырысы тараптардың өтінішімен басталды. Атап айтсақ, бұған дейін көлеңкеде жүрген Қуандық Бишімбаевтың әйелі бүгін сотта мәлімдеме жасады.  Ол, Қызылордадағы шыны зауыты құрылысының тоқтап қалуына Мұратхан Тоқмадидің тікелей қатысы бар, дейді. Сондай-ақ экс-шенеуніктің әйелі зауытта заң бұзушылықтар орын алған күннің өзінде, оның қылмыстық іске жатпайтынын айтып отыр. 

Назым Бишімбаева:

Зауыт белгілі бір тәртіп бойынша салынды. Ол жерде бұзушылықтар болған шығар, алайда ол қылмыстық іске емес, азаматтық құқықтық бұзушылықтарға жатады. Қорғаушысы хабарлағандай, істе Тоқмәдидің қауымдастығының атынан өтініш болды. Алайда тергеушілер оны жасырып отыр. Ұлттық бюроның зауыт құрылысын неліктен тоқтатқаны біз үшін жұмбақ.

Айыпталып отырғандардың бірнешеуі өз кінәсын мойындамағаны белгілі. Осы ретте, мемлекеттік айыптаушылар олардың қайта тергелуіне қатысты ұсыныс жасады.

Бишімбаевтың қорғаушысының айтуынша, әрбір сот отырыстарында жасалатын мәлімдеме, арыз, өтініштер әлі де баршылық. Бұл іс өте тартысты болады және ұзаққа созылады деп болжанып отыр.

Мәди Мырзағараев, Бишімбаевтың қорғаушысы:

Процесс жылдам және жеңіл біте қоймайды. Бұл ұзаққа созылатын процесс деп ойлаймын. Өте тартысты және айтысқа толы және өте күрделі процесстердің бірі болғалы тұр.

Диана Сапарқызы, тілші:

Бас-аяғы 250 томнан тұратын ауқымды қылмыстық іс бойынша 23 адам айыпталып отыр. Атышулы істегі басты фигурант ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа пара алу, сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салу деректері бойынша айып тағылған. Еске салайық, экс-шенеунік пен оның сыбайластары биылғы жылдың қаңтарында ұсталған. 9 ай бойы тергелген қылмыстық іс қараша айының басынан сотта қаралып жатыр.