Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Иранда зілзаладан қаза тапқандар 530 адамға жетті, 70 мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалды

AstanaTV
14.11.2017ж. 20:00
2323
Иранда зілзаладан қаза тапқандар 530 адамға жетті, 70 мыңнан астам тұрғын баспанасыз қалды

Иран билігі 14-ші қарашаны жер сілкінісінен қаза болғандарды аза тұту күні деп жариялады. Соңғы мәліметтерге сай, көз жұмғандар саны 530 адамға жеткен. Тағы 7 мыңнан астам тұрғын жарақат алған. Олардың көбінің жағдайы өте ауыр. Зілзала аймағында еріктілер мен құтқарушылар күн-түн демей жұмыс істеп жатыр. Олар үйінді астынан адамдарды алып шығуда.

Қасіретке душар болғандардың хәлін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Үміттен гөрі үрей басым. Баспанасыз қалған адамдар неше күннен бері далада түнеп жүр. Арасында балалар көп. Ал түнде ауа-райы 0 градусқа дейін төмендейді. Уақытша паналайтын орындар ашылғанымен, оған көпшілігі симай жатыр. Донорлардан қан жиналуда, емханаларда қор таусылған.

Али Бараз, қан құю орталығының өкілі:

Біз жағдайға бей-жай қарамайтын адамдарды қан тапсыруға шақырамыз. Әсіресе теріс факторлы қан топтары керек.

Қаннан өзге ауруханаларда орын жетпей жатыр. Жарақат алғандардың басым көпшілігі осында жатып емделуге мұқтаж. Оның үстіне жер дүмпуі болған аймақта емхананың бірі құлап қалған. Билік жарақаты аса ауыр 116 адамды Тегеранға жеткізбек, оған тікұшақтар тартылды. 

Үйде теледидар көріп отырған едік. Кенет үстіме үйдің қабырғасы құлады.

Менің жағдайым мәз емес. Дегенмен аман қалғаныма қуаныштымын. Керманшахта 18 сағат далада жатып қалдым.

Материалдық шығынды әлі ешкім есептеген жоқ. Әсіресе елдің батысындағы Керманшах пен Илам провинциялары қатты зардап шеккен. Қаза болғандардың көбі сол аймақтардан. Бүгін мұнда ел президенті келіп, жағдаймен танысты. Зардап шеккендерге көмекті аямау туралы тапсырма берді. 

Хасан Рухани, Иран президенті:

Мен халқыммен дәл осындай жағдайда жүздесем деп ойламап едім. Келесі жолы келгенімде қайғыдан арылып, бақытты күн кешсеңіздер деп тілеймін. Билік тез арада барынша көмек көрсетеді деп сендіргім келеді.

Синоптиктер зілзаланың қайталануы мүмкін екенін болжап отыр. Қаза тапқандар саны тағы да артуы мүмкін. Мұндай жойқын жер дүмпуі елде соңғы рет қашан болғанын ешкім білмейді. 7 баллдық жер сілкінісі Бағдаттан 200 шақырым қашықтықта Ирак-Иран шекарасы аумағында  байқалған.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ