$474.26 €514.48 ₽5.43
×

ШҚО мүгедектерге арналған бейімдеу кеңсесі ашылды

AstanaTV
14.11.2017ж. 20:00
2732
ШҚО мүгедектерге арналған бейімдеу кеңсесі ашылды

Шығыс Қазақстанда мүгедектерге арналған бейімдеу кеңсесі ашылды. Бұл ерекше жобаға Өскемендегі "ШҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы" ұйымының белсенділері бастамашы болды. Осының арқасында мүмкіндігі шектеулі жандар жұмысқа орналасып, кәсіби мамандардан көмек ала алады. Демеушілер берген 2 миллион теңгеге жуық қаржы кеңсені жарақтандыруға жұмсалды. Яғни арбаға таңылғандар үшін пандустар орнатылып, өзге де ыңғайлы жабдықтар жеткізілді. Ирина Жукова кемтар адам үшін жұмыс табу қиынның қиыны екенін айтады. Тігінші мамандығы бар әйелге кәдімгі ательеде еңбек ету мүмкіндігі бұйырмапты. Енді бейімдеу кеңсесінің арқасында Иринамен қоса тағы 8 адам екі қолға бір күрек тапты.

Ирина Жукова,  "ШҚО мүгедектерінің ерікті қоғамы" ательесінің жұмысшысы:

Мүмкіндігіміз шектеулі болса да, біраз нәрсе қолымыздан келеді. Азды-көпті қаражат табуға мүмкіндік беретін осындай орындардың ашылғанына қуанамыз. Дені сау адамдар үшін бұл аса таныс жағдай емес шығар. Ал біз өзіміз сияқты азаматтардың мұңын жақсы түсінеміз.

Бейімдеу кеңсесінде заңгерлер мен  психологтардан тегін кеңес алуға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ бұл жерде мүгедектер жеңілдетілген несиелер мен оқу курстары, бос орындар туралы жаңалықтардан хабардар болып отырады. Айта кетейік, аймақта 60 мыңға тарта мүгедек бар.