$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қарағанды облысында су басқан мектеп әлі күнге апатты жағдайда тұр

AstanaTV
16.11.2017ж. 20:00
3445
Қарағанды облысында су басқан мектеп әлі күнге апатты жағдайда тұр

Қарағанды облысында мектептің апатты жағдайда тұрғаны үшін директорға айыппұл салынған. Алайда мекеме басшысы оны төлеуге құлықсыз. Санитар дәрігерлердің салған айыппұлы негізсіз деп, сотқа шағым түсірген. Білім ордасы осыдан екі жылдай бұрын су астында қалып бүлінген соң жөндеу көрмеген. Яғни бюджеттен еш қаражат бөлінбепті. Алайда бұл жағдай ескерілмей отыр,-дейді.

Айжан Қуаш, тілші:

20 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл Әкімшілік кодекстің 425-інші, яғни «Санитарлық-эпидемиологиялық қағидаларды бұзу» бабымен салынған. Директор мамандардың бұл шешімімен келіспейді. Өйткені ғимараттың апатты жағдайы құзыретті мекемелерде тіркелген дейді.

Мектептің 4 күн бойы су астында тұрғанын аудан әкімдігі мен білім бөлімінің, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері біледі. Ғимараттың сол тұста төбесі опырылып, едендері шіріп, қабырғалары көгерген. Бірақ 27 мұғалім мен 140 оқушы осы сыныптарда сабақ өтіп келген. Биыл ата-аналар дабыл қаққан соң, оқушылардың жартысы 5 шақырым қашықтықтағы Ростов ауылына барып оқуға мүмкіндік алды. Ал онда сыймаған бастауыш сыныптар мен дайындық топтарының оқушылары әлі де апатты ғимаратта отыр. 

Саят Сұлтанов, Қызылжар ауылы орта мектебінің директоры:

СЭС қызметкерлері 2015-2016 жылдары келген уақытта өз көздерімен көріп тұрып, ондай акт жасалған жоқ. Бұл проблеманы осы күнге дейін көрмей, енді осы биыл ғана келіп, бізге штраф салып отыр.

Директор сотта мектептің апатты жағдайын айтқанымен, санитарлық дәрігерлердің оны тыңдауға құлқы жоқ. Ғимаратты су басқаны, оны жөндеуге ақша бөлінбегені қызықтырмайды, бастысы санитарлық ережелер бұзылды, бітті дейді.

Серік Сембаев, Бұқар Жырау аудандық қоғамдық денсаулықты сақтау басқармасының жетекшісі:

Директор мектептегі санитарлық, материалдық жағдайға жауапты. Нормативті құқықтық актілерге сәйкес заң бұзушылықтар тіркелді. Ал оның себеп-салдарын анықтау біздің құзыретімізге жатпайды.

Куәгерлер СЭС мамандарының екі жыл бойы мектепті араламай, тексеру парағын кабинетте отырып толтырып келгенін алға тартты. Әйтпесе директорға айыппұл неге бұдан бұрын салынбады деген сауал қойды. Санитарлық дәрігерлердің бұған жауабы жоқ. Осындай мәлімдемеден кейін прокурор судьядан айыппұл салу туралы құжаттың күшін жоюды сұрады. Сот отырысына ата-аналар комитетінің өкілдері мен мектеп ұжымы да қатыстыОлар қалыптасқан жайтқа шенеуніктерді кінәлайды. Өйткені мектеп директоры ата-аналармен бірге 2 жарым жыл бойы білім бөлімінен күрделі жөндеуге ақша сұрап келгенҚаржы дер кезінде бөлінсе, мәселе ушықпас еді дейді.

Айгүл Кеңесбаева, Қызылжар ауылы орта мектебінің шаруашылық меңгерушісі:

СЭС мамандары су басқаннан бері мектептің жағдайын білдіШынымен балалардың қамын жесе, неге құзыретті орындарға, білім бөліміне не білім басқармасына мектепті жабу кереконда оқу заңға қайшы деп хат жолдамады?

Айжан Қуаш, тілші:

Екі аптаға созылған сот процесі мектеп директорының пайдасына шешілді. Алайда, апатты мектепте әлі де 70 бүлдіршін оқып жатқанын ескерсек, мәселе мұнымен бітпейді. Санитар дәрігерлер бір күні қайта айыппұл салуы мүмкін. Мектепке күрделі жөндеу жуырда жасалмайтын секілді.Өйткені білім бөлімінің хабарлауынша, жобалық-сметалық құжат қана дайын. Ал қаржы келесі жылы бөлінуі мүмкін.

Айжан ҚУАШ