$525.87 €614.37 ₽6.72
×

Бас прокурорды ұялтқан әріптестері... Келісімге келу мәмілесі – жазадан құтылу жолы?

AstanaTV
18.11.2017ж. 20:00
3020
Бас прокурорды ұялтқан әріптестері... Келісімге келу мәмілесі – жазадан құтылу жолы?

Соңғы бір жылда 93 прокурор түрлі жауапкершілікке тартылған. 12 прокурор теріс мотивпен қызметтен босатылған. Ал екі прокурор сотталған, 3-інің ісі сотта, 5 -ін арнайы прокурорлар тексеріп жатыр. Бас прокурор Жақып Асанов шенін ақшаға сатқан әріптестері үшін қысылады екен. Мәжіліске құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін модернизациялау мәселелері бойынша кейбір заң актілеріне түзетулер мен өзгерістер енгізетін заң жобасын таныстыруға барған ол, жаңғырудың арқасында жақсы болатынын айтады. Мысалы, тергеушілер мен тергеуші прокурорлар сот сараптамаларын ғана емес, тергеу амалдарын жүргізуден де бас тартса, оларды тергеу амалын жүргізуіне сот арқылы мәжбүрлеуге болады. Сондай-ақ, тергеу кезінде айыптау мен қорғау тараптары қолда бар барлық дәлелдеме, құжаттарымен алмасуы керек. «Егер олар бір-біріне материалдарды ашпаса, кейін сот кезінде материалдар жарамсыз деп танылуы мүмкін. Бірақ қорғау тарабының бір артық құқығы бар, олар маңызды деген бір дәлелі, мысалы, куәгері барын айтпауы мүмкін. Себебі тергеуші мен прокурор мүмкіндігі көп болғандықтан ол куәгерді қорқытып, жауабынан тайдырып жіберуі ғажап емес. Яғни, қорғау тарабына маңызды дәлел, куәгерін сот процесінде жариялауына құқық беріледі»,- деді Жақып Асанов.

Қазір тергеушілер күдікке ілінген жанның сыртынан жасырын дерек жинап, тың тыңдап жүре береді. Егер кінәсі дәлелденбесе, тергеу сырттай тоқтатылады. Ал аңдылған адам, бұдан бейхабар күйде қалады. Өйткені оған ескерту жасау туралы заң жоқ...  

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Тергеу органы анау адамға «сізге қатысты осындай жасырын жұмыс жүргізілді», деген хат берілу керек. Сол адам бұл заңсыз, маған нұқсан келді десе, ол сотқа жүгінуге құқылы болады.

Сөйтіп өзін таңдаулы, қарапайым айтқанда «құдай» сезінетін әріптестерінің болмысы «дерт» екенін мойындайды.

Жақып Асанов, ҚР Бас прокуроры:

Қылмыстық іс бар ғой соның қожайыны деп санаймыз өзімізді. Сосын жаңағы қылмыстық іске тартып жатқан адамның тағдыры менің қолымда деп кеудемізді ұрамыз. Бұл Кеңес одағынан келе жатқан көзқарас, қанымызға сіңген әдет, қалыптасқан менталитет. Мен оны мойындаймын. 86 жылдан бері құқық қорғау органдарында жұмыс істеймін. Осы ауруды қалай емдейміз?

Мұның емі ретінде цифрлық форматқа көшуді атады. Бүкіл қылмыстық іс жүргізу процесін. Арыз түскеннен бастап, тергеу, сот және жазаны өтеп, бостандыққа шыққанға дейін. Сонда кейбір құжаттарды, фактілер мен дәлелдерді сейфте жасырып қалу деген болмайды, деді. Бас прокурор системадағы проблемалардың ашықтықтың жоқтығынан екенін біледі... Дегенмен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің санасы өсетініне Бас прокурор сенеді. Бірақ біздің уақытта тітіркендіретіндері көп. Павлодарда адамды аяусыз ұрып-соққан Темірхан Шарапиденов есімді полицей кінәсін мойындап, айыптаушы жақпен келісімге келген. Сөйтіп судья Тұрлыбаева полицейді 5 жылға бостандығынан айырды. Шартты түрде. Билік тармақтарында қызмет етуге тыйым салды. 5 жылға дейін. Яғни Шарапиденовтің прокурорлармен келісімі оған жазаның ең жеңіл түріне ілігуге мүмкіндік берді. Оқиға жазда болған – бір дәмхананың алдында төбелесіп қалғандарды тыныштандыруға келген наряд, дәлірегі әлгі Шарапиденов төбелесіп жатқандардың бірінің басынан тепкілейді. Ал әріптестері «қой» демейді. Жазба әлеуметке тарап, шу шыққан. Төрт полицей де қызметтен қуылған. Үкімді барынша азайтудың жолы – айыпты мойындап, прокурормен келісім жасау, негізі заңды. Бірақ сұрақ туады – сонда қылмыскерлер лайықты жазадан құтылып кете бере ме? Оған прокурорлардың өзі не дейді? Павлодар облысындағы меншікті тілшіміз Әсемгүл Мұхитқызы «келісімге келіп», жеңіл жазаланған коррупционерлер туралы да айтып береді.

Павлодарлық белсенді Юрий Павленко процессуалдық келісім нормасын елімізде қолдануға әлі де ертерек деген пікірде. Енгізілгеннің өзінде кейбір санаттарға шектеу қойылу қажет.

Юрий Павленко, қоғам белсендісі:

Меніңше, процессуалдық келісім мемлекеттік қызметкерлерге қолданылмауы тиіс. Өйткені, ол – мемлекеттік қызметкер, жауапкершілігі өте жоғары тұлға. Мемлекеттің атынан жұмыс істегендіктен, ол – мемлекеттің бет пердесі. Сондай жауапкершілігі бола тұра, қарапайым адамды ұрып соғуы дұрыс емес. Яғни, қандай дәрежесі болмасын шенеунікке қылмыс жасауға жол жоқ.  

Белсендіні алаңдататын тағы бір дүние бар. Ол – қоғамдағы бай-қуаттылар мен әлеуметтік жағдайы нашар, тіпті кедейлер санатындағы қарапайым адамдар. Юрий Павленко осы екі топтың арасы жыл санап алшақтап бара жатқанын айтады. Өмір сүру деңгейі өз алдына, бұлардың құқықтық қорғалуында да, өкінішке орай, «алалау» бар.

Юрий Павленко, қоғам белсендісі:

Яғни өте бай адамдар қылмыс жасайтын болса, бұл келісім оларға кәдімгі сыйлық болып отыр. Олар қылмыс жасайды, содан кейін одан оп-аңой құтылып кетеді. Анығында, айыппұл төлейді немесе жәбірленушінің жақындарына қаржы беріп, істі жаба салады. Тіпті, адам өлтірсе де, ақшаның күшімен бәрін шешуге мүмкіндік бар. Бұл жерде түрмеге тоғылатындар қарапайым адамдар. Олардың мәселені шешуге ақшасы жоқ қой?!

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Қоғам белсендісінің айтқан сөзінің жаны бар. Осы аптаның басында Павлодарда адамды аяусыз ұрып соққан тәртіп сақшысына қатысты сот үкімі шықты. Экс-полицей кінәсін толықтай мойындап, айыптаушы жақпен ымыраға келген. Ақыры дегеніне жетті.

Жанар Тұрлыбаева, Павлодар қалалық №2 соттың судьясы:

Кінәні мойындау туралы мәміле негізінде процессуалдық келісімді қарастырудың қорытындысы бойынша сот бұл іс бойынша осындай келісімді қабылдауға қажет талаптар бар және прокурорға істі қайтаруға ешқандай негіз жоқ деген ұйғарымға келді.

Сөйтіп, процессуалдық келісімнің арқасында қызмет бабын асыра пайдаланған Темірхан Шарапиденов шартты түрде 5 жылға бас бостандығынан айрылды. Судья оның осы уақыт аралығында билік органдарында жұмыс істеуіне шектеу қойды. Мұны да «жаза» деп есептелік. Алайда тамыз айында әлеуметтік желіде тараған мына бейнеде тәртіп сақшысының адамды еш аяусыз тепкінің астына алғаны... Ең сорақысы, қасындағы әріптестерінің «қой» демегені. Анығы, біздің уақыттағы қатігездіктің айқын көрінісі бұл.Роликтегі төрт сақшы түгелдей қызметінен қуылған. Органға қайтып оралуы екіталай. Бірақ «лайықты жазасын алды ма?» - деген сұрақ бар. Юрий Павленконың да уәжі осыған саяды.

Юрий Павленко, қоғам белсендісі:

Прокурорлар адвокат емес. Олар қарапайым халықтың мүддесін қорғайтын орган.  Міндеті - адам мен мемлекеттің құқығын қорғау. Алайда қазір олар бәрін керісінше жасап жатқандай. Қорғаудың орнына қылмыскерлердің тиісті жазадан құтылып кетуіне жол беруде!

Қылмыстар сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесіне қарай төрт түрге бөлінеді. Біріншісі – онша ауыр емес қылмыстар. Одан кейінгісі – ауырлығы орташа. Үшінші сатыда ауыр қылмыстар тұрса, соңғысы – аса ауыр қылмыстар. Сәйкесінше, келісім қолданылмайтын процестер де бар.

Айбек Қазбеков, Павлодар облысы прокуратурасының басқарма прокуроры:

Заң нормасына сәйкес, кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім аса ауыр санатына жататын қылмыстар бойынша қолданылмайды.Адам өлтіру, кәмелеттік жасқа толмаған тұлғаға қатысты жасаған зорлық фактілер бойынша, террористік, экстремистік кейбір қылмыстар бойынша бұл норма қолданылмайды.

Еліміздің қылмыстық-процестік кодексінің 612-ші бабының талаптарына сәйкес, процессуалдық келісімді қолданудың өзіндік ережесі бар. Күдікті, не айыпталушы келтірілген күдікпен яки айыптаумен келіскен жағдайда кінәні мойындау туралы мәміле жасалады. Алайда аталған келісімді бекіту үшін оны сот тексеріп, зерделейді.

Айбек Қазбеков, Павлодар облысы прокуратурасының басқарма прокуроры:

Егер де белгілі бір негіздер болып жатса, сот процессуалдық келісімді прокуратураға қайтаруға құқығы бар. Сондықтан, бұл норма әділ үкім шығарудың бірден бір кепілі болып тұр деп есептеймін.

Прокурордың сөзіне илансақ, ешбір қылмыскер лайықты жазадан қашып құтылмайды. Айтуынша, шартты деп кесілгенмен, бұл - толыққанды қылмыстық жаза.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Адамды соққыға жығып, кейін мәмілеге келудің арқасында жеңіл жаза алған шенді жалғыз Шарапиденов емес. Павлодар өңірінде жаңа норманың мүмкіндігін бірталай атқамінер пайдаланып үлгерді. Соның бірі денсаулық сақтау саласында басшылық қызметте болған - Дүйсебек Қазанғапов. Пара алды деп айыпталып, жемқорлық бабымен сотталған экс-шенеуніктің соты жүйемен ымыраласумен аяқталды. Кінәсін мойындаған ол  7,7 млн теңге көлемінде айыппұл төлеп, басты жазадан құтылған.

Прокурорлармен ымыраласу практикасын еңбек басқармасының экс-басшысы Ерғали Асқаров та пайдаланды. 1 млн теңге пара алып тұрған жерінен құрықталған шенеунік пара сомасын жеті еселеп өтеу немесе мүлкі тәркіленіп, өмір бақи мемлекеттік қызметтен аластатылып, 7 жылдан 12 жыл аралығында темір торға тоғыту жазасын алу керек-тін. Алайда, тағы да сол норманың шапағатымен айыпталушы небары бір жарым жылға сотталды. 

Айбек Қазбеков, Павлодар облысы прокуратурасының басқарма прокуроры:

Процессуалдық келісім институты жалпы қылмыстық процесті жеңілдету мақсатында енгізілген институт. Яғни тек қана соттың, прокурордың жұмысын жеңілдету үшін ғана емес, ол сонымен қатар жәбірленушілердің де, айыпталуының да уақытын үнемдейді.

Процессуалдық келісім нормасы 2015 жылдың 1-ші қаңтарынан енгізілді. Мәселен, тек жыл басынан бері Павлодар облысында прокурорлар 219 қылмыстық іс бойынша кінәні мойындау туралы процестік келісім жасаған. Мемлекеттік айыптаушылар 38 іс бойынша ымыраға келуден бас тартса, 23 істі прокурорға қайтару туралы сот қаулы шығарған.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жалпы кінәні мойындау туралы мәміле негізінде процессуалдық келісімге келу - әлемдік тәжрибе. Заң алдында бәрі бірдей деген темір қағиданы ұстанған мемлекеттерде де бұл қалыпты құбылыс. Ал, бізде қалай? Заң талаптарын кімдер ұстанады? Шеніне сеніп, қарапайым адамды өлімші етіп ұрған сақшы ма? Әлде біреудің тапқан-таянғанын еш арланбай қалтасына басқандар ма? «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» деген осы болар, бәлкім...

Әсемгүл Мұхитқызы «Біздің уақыт».