$491.7 €531.28 ₽5.07
×

Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар. Үміттер үзілмейді!

AstanaTV
18.11.2017ж. 20:00
3786
Онкологиялық ауруға шалдыққан балалар. Үміттер үзілмейді!

2016 жылдың соңындағы мәліметке сәйкес, онкологиялық ауру бойынша есепте тұрған 14 жасқа дейінгі балалар саны – 1591. Бірінші рет ауырғаны – 346. 100 мың тұрғынға шаққанда ауыратыны - 7.1 деген статистика бар. Ал өмірде...

Жыл басында Астанада емделіп жатқан бір балаға полицейлер барып, көліктеріне салып қыдыртып, Бәйтерекке апарып, рациямен сөйлеткізіп, полицей таяқшасын сыйлап, оны шексіз қуанышқа бөлеген. Баланың полицей болу арманын естіп... 

Алматыдағы онкология және радиология ғылыми зерттеу институтында жатқан балаларға сабақ беретін Ермек мұғалім «басқа балалардан байқалмайтын өмірге деген құштарлықты мен осы балалардан көрдім», -дейді. Ол басында сабақ беруден қашып та кеткен... Бір жігіттер келіп сәлем беріп жатады екен: ағай, амансыз ба, таныдыңыз ба?!- деп. Сол институтта жатқан бала екені есіне түсіп, Ермек қатты қуанады. Оның әңгімесін тыңдап, кеудең жақсы сезімдерге толып кетеді. Үміттер үзілмейді. Солай болуы тиіс. Олжас Нұржақыптың материалы. 

Диагнозды айтқан кезде үкім сияқты тұрады. Приговор дейміз ғой. Бір қара үкім сияқты айтылады. Бірақ, бұл балалардың мен айтар едім, бір минут болсын өмірден күдер үзбейді. Ертеңге деген үлкен бір сенім бар.

Сол сенімге селкеу түсірмеу Ермектің өмірлік мақсатына айналған. Ол республикалық онкология және радиология ғылыми зерттеу институтының балалар онкологиялық орталығына мұғалім болуға 2006-шы жылы шақырылыпты.  Алғашында қорқып кеткен... 

Ермек, балалар онкологиялық орталығының мұғалімі:

Алғаш келген кезде менде қорқыныш пайда болды. Балалардың жай-күйін көріп. Алғаш сабақ бергенімде бұл балалардың басқа балалардан ешқандай айырмашылығы жоқ екендігін, керісінше, мынау, жаңағы басқа балалардан байқамайтын зеректік, басқа балалардан байқалмайтын күнделікті өмірге деген құштарлығын мен осы балалардан көрдім. Біздің мақсатымыз, оларды сол күйзелістен шығару. Содан кейін оларды бір сәт көңілден тыс қалдырмау. Соған біз тырысамыз.

Иә, өмір мен өлім арасында арпалысқан балалармен жұмыс істеу оңай емес. Жай мектепте тұтас сыныпқа сабақ берсең, мұнда әрқайсысына жеке-жеке уақыт бөлесің, дейді Ермек. Сан мәрте химиялық сәуле қабылдағандықтан, үйреткеніңді кейде ұмытып та қалады. Ең қорқыныштысы, бүгін сабақ берген бүлдіршінді ертең көрмеуің де мүмкін... Сондықтан бұл балаларға білім беруге келдің бе, барыңды салып көңілін аула, өмірге құлшынысын арттыр. Жігер бер. Нағыз ұстаз екеніңді сонда ғана сезінесің, деген ол, қатты ойға түсті.

Ермек, балалар онкологиялық орталығының мұғалімі:

Бір келіп жап-жақсы жүреді де, бір қарағанда жоқ болады. Артынан естіп жатамыз, ол бала өмірден озып кетіпті деп жатады, ауруы түпкілікті жеңіп кетіпті деп жатады. Ол да бір үлкен күйзеліс болады. Мысалға, мектепте біз ең бастысы сабақты ғана сұраймыз. Соның нәтижесін ғана күтеміз. Ал, мына жерде ең басты нәрсе - сабақ емес.

Иә, мұнда ең бастысы - назар. Орталықта 25 жылдан бері жұмыс істейтін Қарлығаш Алтынбекқызы қатерлі ісік балаларда көбіне туа біткеннен болады,- дейді. Жұмсақ тіндерден пайда болатындары да бар. Ең жаманы, ауруды дер кезінде анықтай алмай, уақыт өткізіп алу жағдайлары жиі кездеседі екен.

Қарлығаш Тоқмолдаева, балалар онкологы, жоғары санатты дәрігер:

Емдеу ұжымдарындағы балалар дәрігерлерінің онкологиялық қырағалығының төмендігі. Себебі мына, балалар онкологиясындағы қатерлі ісіктің көп бөлігі басқа аурулармен сәйкес келіп жатады. Балада әлсіздік болады, температурасы көтеріледі, тәбеті төмендейді, басы аурыды, іші ауырады. Сондай кездерде балалар мысалы гастраэнторологтарда, жұқпалы ауруды емдейтін дәрігерлерде немесе невропотологтарда көп жүріп, уақытын өткізіп қояды. Көбіне олар жасырын орналасады. Ми, кеуде, іш қуысында дегендей. 

- Қызымыз бір жасқа толғанда кезекті екпесіне алып бардық. Бірақ қабылдағаннан кейін көз тұсында ісік пайда болды. Бірнеше ай түк таппады, ақыры онкологиялық бөлімнен бір-ақ шықтық, дейді Ясинаның анасы Жанат.

Жанат Төребаева, Ясинаның анасы:

Екі ай Ақтау қаласында жүріп қалдық. Частный клиникаларға, қазақ ем, бәріне апардық, бірақ  ешқандай мәліметті ешкім білген жоқ. Сосын күйеуім интернеттен іздеп, Астанада «Ана мен бала» орталығына хабарласты. Сол жерге барғанымызда онкологиялық ауру деген диагноз қойды. 

Статистикаға жүгінсек: 2016-жылдың соңындағы мәлімет бойынша есепке алынған 14 жасқа дейінгі бала саны – 1591. 100 мың тұрғынға шаққанда ауыратыны - 7.1

Қарлығаш Тоқмолдаева, балалар онкологы, жоғары санатты дәрігер:

Онкологиялық ісіктер балалар жасына қарай белгілі болады. Мысалы, 1 жастан 4 жасқа дейінгі балаларда бауырдың ісігі, бүйректің ісігі, бүйрек үсті безінің ісігі сосын жұмсақ тіннің ісіктері, ұл балаларда ұрықтық ісіктер, одан кейін лейкоздар көп кездеседі. Ал 5 жас пен 9 жас аралығында мидың ісіктері жиі кездеседі. Сосын 10 мен 14 жас аралығындағы балаларда сүйектің қатерлі ісіктері, сосын қыз балаларда аналық бездерінің ісіктері, қалқанша бездің ісіктері, ауыз, мұрын қуысының ісіктері кездесіп жатады.

Дей тұрғанымен, бұл балалар үшін әрбір қабылданған ем, әр өтілген дәріс өте маңызды. Себебі қатерлі ісік қаршадай баланың өмірін тез солдырады. Бірақ дамыған технологиялар көп бүлдіршіннің ауруынан айығуына ұйытқы болып отыр. Бастысы, дер кезінде анықталса болғаны.

Ермек, балалар онкологиялық орталығының мұғалімі:

Педагог ретінде балаларға деген көзқарасым өзгерді. 09-27 Бұл жерге енді келмейтін болдық деп қуанып жатады, балалар. Біз енді келмейміз, жазылып кеттік, дейді. Сондай кезде қуанып қаласың.

Олжас Нұржақып, тілші:

Балалар онкологиялық орталығында он жылдан аса мұғалім болған Ермекті «мұғалім» емес, «ұстаз» деу керек шығар. Формальді алып қарасаң, оның міндеті балалардың қарайып қалмауын қадағалау. Бірақ Ермек шартты шеңберден шыққан жан, оның басты мақсаты -  балалардың ауыр ауруын бір сәтке болсын ұмыттыру, өмірге сүйіспеншілігін арттыру. Ол үшін бұл балалардың  бойжеткен мен жігіт болып «ағай, амансыз ба, танымай қалдыңыз ба?!», деп сәлем беруге келгені шын бақыт! Орталыққа емес, әрине.

Олжас Нұржақып «Біздің уақыт».