Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алаштың ақтамақ қарлығашы! Ерекше дарын иесі Гүлжиһан Қалиқызы туралы.

AstanaTV
18.11.2017ж. 20:00
5749
Алаштың ақтамақ қарлығашы! Ерекше дарын иесі Гүлжиһан Қалиқызы туралы.

19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында өмір сүрген, бес жүз мыңнан астам қойы болған, ал түйе, жылқысының есебі жоқ Қали атты байдың қызы туралы айтпақпыз. «Алаштың ақтамақ қарлығашы» деген атпен тарихта қалған, ерекше дарын иесі Гүлжиһан Қалиқызы жайлы. Гүлжиһан Қали ақсақалдың жалғыз қызы болған. Өткен ғасырдың басында Іле Алатауының бөктерін жайлаған Қали Ордабайдың үкілеген үміті ұлттық руханиятымыздың ең көрнекті өкілдерінің бірі болып тарихқа енді. Көнекөздердің айтуынша, көзі ашық, көкірегі ояу әкесі Гүлжиһанның сауатын ашу үшін мұғалімді Германиядан алдыртқан. Ақырында кеңес үкіметінің жендеттері Қали Ордабайдың отбасын ойрандап, өзін саяси құрбан қылған...

Бүгін қазақтың кәсіпқой цирк өнерінің алғашқы ордасы ашылып отыр...

Алматыдағы киіз үйге ұқсас Орталық мемлекеттік цирктің негізін қалаған, эстрада және цирк өнері студиясын ашқан, атағы жер жарған  "Гүлдер" ансамблін құрушы Гүлжиһан Ғалиеваның биыл 100 жылдығы!  Ұлтының ерке қызы Күләш Байсейітова, Шара Жиенқұлова секілді өнер меруерттерімен бірге сақараның сай-тасын сазға бөледі. Сол кездегі баспасөздің жазуынша, Күләштің көмейінен ән төгілгенде, Шара дөң­гелене би билеуші еді. Ал Гүлжиһан түрлендіріп өлең-жыр оқитын. Ол – көркемсөз оқу бойынша тұңғыш шебер. Ұлттың тілі мен дінін діңгек көрген Гүлжиһан Қалиқызы Қазақ радиосының «Балалар редакциясында» аңыз-ертегілер оқып, балалардың ой-санасын оятуға зор үлес қосқан. Зиялы тұлғаның туған келіні, жақында 70 –ке келген дарынды биші, Қазақстан Халық әртісі Гүлжан Талпақова енесін тебіреніп еске алады. Өмірінің соңына дейін оның қолында тұрып, сырлас болғанын айтады.  

Гүлжан Талпақова, Қазақстанның халық әртісі:

Мен ол кісімен ұзақ жыл бірге өмір сүрдім. Мамам 1982 жылы өмірден өткен кезде де қасында болдым... Мен оның отырыстарда айтқан сөздеріне ден қоятынедім.  Сонда ұққаным, әкесі Ғали Ордабай өте бай көпес болған. Ол қаракөл елтірісін сатқан, ал орыстың көпесі Пугасов Алматыда сәнді түбіт пен мамық саудалаумен айналысты. Олар осы өңірдегі ең дәулетті адамдар санатында болыпты. Дінмұхамед Қонаевтың отбасымен, Шара Жиенқұловамен жақсы араласып тұрды. Себебі олардың әкелері – Ахмет пен Баймолда және енемнің әкесі Қали үшеуі сауда-саттық саласында қазіргі тілмен айтқанда «партнер» болған. 

Мәдениет қайраткерінің мерейтойы өзі отыз жыл басқарған Жүсіпбек Елебеков атындағы Рес­пуб­ликалық эстрада-цирк колледжінен басталды. Жақында Алматы қала­сының «Шаңырақ» ықшамауданының бір көше­сіне Гүлжиһан Ғалиева есімі берілген. Республикалық оқу орындары студент­терінің арасында «Көркемсөз оқу» шеберлерінің халықаралық байқауы ұйымдастырылмақ. Ал дәл қазір Мұхтар Әуезов театрында ән мен жыр кеші өтіп жатыр. Енді бір істелуі керек дүние – Қазақ циркін Гүлжиһан Ғалиева атымен атап, оның алдына өнер қайраткерінің ес­керткіші қойылса, дейді әріптестері.