Спорт Қазақстан
$449.58 €486.94 ₽4.86
×

Ақтөбеде «4 ағайынды» қылмыстық тобын басқарды деп айыпталған Еркін Ізбасар не үшін қамалғанын білмейтінін мәлімдеді

AstanaTV
20.11.2017ж. 20:00
7180
Ақтөбеде «4 ағайынды» қылмыстық тобын басқарды деп айыпталған Еркін Ізбасар не үшін қамалғанын білмейтінін мәлімдеді

Ақтөбеде атышулы «4 ағайынды» қылмыстық тобына қатысты сот тыңдалымы басталды. Бұл іс облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Айыпталушылар қатарында 26 адам бар. Оның бірі - қылмыстық топтың серкесі - Еркін Ізбасар.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл іске қатысты күдіктілердің алды өткен жылдың қараша айында ұсталса, кейбірі 5 ай бұрын ғана қамауға алынған еді. Олар Қылмыстық кодекстің «Мұнай мен мұнай өнiмдерiнің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз оларды тасымалдау, иемдену, өткiзу, сақтау, сондай-ақ мұнайды қайта өңдеу», «Ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету» баптары бойынша айыпталып отыр.

Бүгін сот басталардан бұрын Шәмші Қалдаяқов көшесі жабылып, сот ғимаратын қарулы күзет бақылауға алды. Сот залына фотографтар мен видеоператорлар ғана жіберілді. Ал, тілшілер мен айыпталушылардың туыстары сот процесін арнайы экраннан бақылады. Денсаулығын алға тартып, сот залында жатып алған қылмыстық топтың басшысы деп танылған Еркін Ізбасар сұрақтарға ықылассыз жауап берді. Тіпті "не үшін қамалғанымды да білмеймін" - деді. 

Айыпталушылар қатарында Астана қаласында тұратын бұрынғы полиция қызметкері де бар. Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары болған Рахат Аханов өткен жылдың соңында ұсталған болатын. Бұл іске қатысты Еркін Ізбасар мен Рахат Ахановтан өзге 24 адам жауап беруі тиіс. Олардың арасында бұрын сотталғандар да бар. Мәселен, Біржан Аманқұлов түрмеде отырған жерінен қылмыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

Айбек Шоқпаров, мемлекеттік айыптаушы:

Еркін Ізбасар ұйымдасқан қылмыстық топты өзі басқарып отырған. Сонымен бірге қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттерді ұйымдастырып, одан түсетін пайданы бөлу, топ мүшелерінің атқаратын қызметтерін белгілеу секілді мәселелерді өзі шешіп отырған. Ұйымға мүшелікке қабылдайтындарды қылмысық ортадан іздеген, ақпараттар жинаған.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Атышулы процеске келгендердің қарасы қалың болды. Сотталушылардың туыстары, жапа шеккендер, адвокаттар келген. Мұнай ұрлығы үшін және Ақтөбе, Алматы қалаларында қылмыстық топ құрды деп жауапкершілікке тартылып отырғандардың құқығын 50-ге жуық адвокат қорғамақ. Тіпті бір күдіктінің 5-6 қорғаушыдан жалдағаны белгілі болды.

Жақсыбек КЕМАЛ