Қызылжарда шенеуніктер мемлекеттік қызметті тастап, өзге салаға бет бұрып жатыр. Биыл 146 адам билікке жұмыс істеуден бас тартқан. Олардың негізгі бөлігі жалақының аздығын себеп қылса, енді бірі әрдайым жұмыстың көптігіне шыдамайды. Осыған байланысты қазір билік өкілдері мемлекеттік қызметті оңтайландыруды көздеп отыр. Тың реформа жұрттың өзге салаға ағылуына әсер ете ме? Мәселені аймақтағы тілшіміз Абзал Құрманкин зерттеп көрді.
Мемлекеттік қызметте 2 жыл бойы еңбек еткен Шынар Мәлік аудандық әкімдіктің маңдай алды маманы болған. Басшылардың көңілінен шығу үшін шамадан тыс жұмыс істеуге тура келді, дейді ол. Ал айлық шайлыққа да жетпесе керек.
Шынар Мәлік, Петропавл қаласының тұрғыны:
Мереке күндері жұмыс істеу керек болды. Кешкі сағат 9-ға дейін қалатын кездер болды. Сондықтан облыс орталығына ауыстым. Қазір бизнес саласында жұмыс істеп жатырмын. Еңбекақысы жақсы, мемлекеттік қызметке қарағанда 2 есе көп деп айтуға болатын шығар.
Солтүстік Қазақстанда 9 мыңнан астам мемлекеттік қызметкер бар. Биыл оның 5 пайызы халыққа қызмет етуден бас тартып, өзге салаға бет бұрған. Әсіресе, денсаулық сақтау басқармасының көрсеткіші мәз емес. Мұнда әрбір бесінші шенеунік әкімдіктегі мансапқа нүкте қойған. Аудандық мекемелерде де жағдай осыған ұқсас. Әдеп кеңесі барысында білікті мамандарынан айырылған кей аудан атқамінерлері өз жұмысына жауап берді.
Серік Макумов, СҚО Мағжан Жұмабаев ауданы әкімі аппаратының жетекшісі:
Мен мамандардың кешке дейін жұмыста қалмауын өзім қадағалай бастадым. Барлығы кешкі 6:30-ға дейін ғана жұмыс істеу керек. Егер де қалған кісілерді байқасақ, онда түсініктеме жазғығамыз. Мән бермесе, олармен аудан әкімі айналысады.
Мемлекеттік қызметпен қоштасқандардың көбі жалақының аздығын себеп қылған. Жұмыс көлемінің шамадан тыс жүктелуі тағы бар. Білікті мамандардан қағылып жатқан билік өкілдері мемлекеттік қызметке реформа енгізетіні жайлы айтқан еді. Шенеуніктердің айлығын көтеру үшін 2018 жылдан бастап жалақы балдық және бонустық жүйемен есептелмек. Енді жұмыс уақытын 8 сағаттан асырмау ережесі бақыланбақ.
Ғалым Тұрсынбаев, ҚР Мемлекеттік қызмет істері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО департаментінің басшысы:
Біз қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, бірқатар мемлекеттік органдарда рейдтер жүргіздік. Рейд кезінде жұмыстан кейін қалып, жұмыс істеген азаматтармен сұхбаттасып, не үшін олар қалғанын, сонымен қатар басшыларына не үшін олар қалды, жұмыс уақытын азайту керек деп айттық. Бұл өз нәтижесін берді деп ойлаймын. Қазіргі таңда жұмыстан кейін қалу азайған. Бұл облыс орталығында. Қазіргі уақытта біз осы жұмысты әрі қарай жасаймыз деп отырмыз аудан деңгейінде де.
Қазір департамент өкілдері жас мамандарды ауыл аймақтағы мемлекеттік қызметке тартуды көздеп отыр. Ол үшін «Дипломмен ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, жұмыс тізіміне мемлекеттік қызметті қосу жоспарланған.
А.Құрманкин