Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 52-ші сатыға көтерілді

AstanaTV
21.11.2017ж. 20:00
9335
Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 52-ші сатыға көтерілді

Қазақстан ірі экспорттаушы елдер арасында 52-ші сатыға көтерілді. Осы жылдың 9 айында тауар экспорты 22 пайызға артып, одан түскен пайда 11,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Жеңіс Қасымбек мәлімдеді. Инвестициялар және даму министрінің сөзінше, бүгінде Қазақстан әлемнің 113 мемлекетіне 800-ден астам тауар шығарады. Оның ішінде әдеттегідей шикізат өнімдерінің үлес салмағы басым. Атап айтсақ, металлургиялық өнімдердің экспорты 31 пайызға артып, пайда 34,5 миллиард долларға жеткен. 

Жеңіс Қасымбек, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Қазақстан - уран, мыс, титан, ферроқорытпа, сары фосфор, ұн, мақта майын өндіру бойынша көшбасшы елдердің бірі. Соңғы 5 жылда экспорттың сапалық құрылымы едәуір жақсарды. Шетелге жеткізілетін тауардың үштен бірі экономиканың шикізат емес секторына тиесілі.

Мұнан өзге Үкімет отырысында ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов агроөнеркәсіптік салада экспорт өсіп, жаңа нарықтарға жол ашылғанын айтты. 9 айда саладағы экспорт табысы 1,5 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға артық. Соның ішінде қайта өңдеу өнімдері 10 пайызға өскен. Мұнан бөлек Ұлыбританияға алғаш рет арпа экспортталып, Иран мен Моңғолияға сұлы жеткізу қайта жаңартылған. «Жалпы дақылдар мен көкөністер экспорты ТМД, Еуропа, Таяу Шығыс және Қытай елдеріне 2 есе артты», - дейді Қайрат Айтуғанов.

Қайрат Айтуғанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары:

Жалпы айтқанда, өсім ауыл шаруашылығындағы барлық салада байқалады. Ауғаныстан, Қытай, Ресейге және Тәжікстанға жеткізілетін өсімдік майының үлес салмағы екі есеге артты. Қант, маргарин, кондитер өнімдерінің де экспортталуы екі еседен асып жығылады.  Макарон өнімдерін экспорттау да 1,6 есеге артқанын байқадық.