Премьер-министр еліміздегі егін жинау науқанының барысын қарау қорытындысы бойынша тиісті министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берді.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, элеваторларда астықтың жаңа түсімін уақтылы қабылдап, кептіруді қамтамасыз етсін. Өнімді сақтау инфрақұрылымын толық пайдалану керек.
Астықты, оның ішінде жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін сақтау бойынша қызмет көрсету бағасын негізсіз өсіруге жол бермеңіздер. Қажет болған жағдайда, бұл жұмысқа бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін де тартқан жөн.
Көлік министрлігі Қазақстан темір жолы компаниясымен бірге астық тасымалдайтын вагондар мен жүк көліктерінің жеткілікті көлемін қамтамасыз етсін. Астықты жинау мен тасымалдау кестесін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге жұмыла жұмыс істеу керек.
Егін жинау науқаны кезінде азық-түлік тауарларының қорын жасақтап алу қажет. Өңір әкімдіктері көкөніс өнімдерінің негізгі түрлерін қажетті көлемде жеткізу үшін қыркүйек айының соңына дейін келісімшарт жасауды қамтамасыз етсін.
Сауда министрлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне баға белгілеу тізбегінде делдалдық схемаларға қарсы шаралар қабылдап, астықтың фермерлер үшін әділ шарттармен сатылымын қамтамасыз етсін.
Сонымен қатар негізгі азық-түлік бағасының орынсыз өсуіне жол бермеу қажет. Сауда министрлігі әкімдіктермен бірге баға саясатын реттеу үшін қолдағы барлық құралдарды іске қосып, бұл мәселені қатаң бақылауға алуы керек.
Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірге егін орағының сапалы өтуін, оның ішінде Үкімет жанындағы Жедел штаб аясында бақылауды қамтамасыз етсін.