Спорт Қазақстан
$439.43 €473.31 ₽4.82
×

Атырауда ақтаулық тұрғынға 50 рет пышақ салынып, өлтірілді

AstanaTV
22.11.2017ж. 20:00
2918
Атырауда ақтаулық тұрғынға 50 рет пышақ салынып, өлтірілді

Атырауда жантүршігерлік қылмыс тіркелді. 39 жастағы Иван Градов 50 рет пышақталған. Бұл жайында қалалық ішкі істер бөлімі хабарлады. Оқыс оқиға сапаржай жанындағы дәмханалардың бірінде болған. Қылмыс барысы бақылау камераларына жазылып қалған. Алайда полицейлер ол таспаны жариялаудан бас тартып отыр. Күдікті құрықталды. Ол қырғыз елінің азаматы.

Марқұмның әйелі Лариса отбасылық альбомды парақтайды. Жан жарының өмірден озғанына әлі сене алар емес. Отағасы Астраханьға сессия тапсыруға кеткен. Әйелімен сөйлескенде Атырауға таксимен келгенін, сапаржай жанындағы дәмханалардың бірінде танысымен тамақтанатынын айтқан. Атырау-Ақтау бағытымен әуежайға билет алған күйеуі одан кейін үнсіз қалған. Уақыт өте қаралы хабар жетеді. Анықталғандай, ер азамат 50 рет пышақталған. Еңгезердей азаматын танысының көз алдында пышақтап өлтіріпті.

Лариса Градова, И.Градовтың жесірі:

Пышақ оның қалтасында болған. Оған құрбан керек болған ғой. Ваня сол уақытта, сол кафеде, сол орыннан табылды. Ол гипноздалған немесе психикалық ауру болуы мүмкін. Егер жүйкесінде ауытқу болса, неге ондай адамдар көшеде еркін жүреді? Баламды әкесінен, ал мені жолдасымнан айыратын ол кім сонша? Қасындағы танысы Сергей не болып кеткенін түсінбей қалдым деп отыр. Есін жинағанша, бәрі кеш болыпты. Иван жерде еш қозғалыссыз жатқан.  

Полицейлер күдіктіні оқиға болған күні анықтады. Өйткені барлығы бейнекамераға жазылып қалған. Ұсталған жігіт - 26 жастағы бұған дейін сотталған Қырғызстан азаматы. Атырауға жол-жөнекей келіпті

Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің басшысы:

Күдікті 1991 жылы туылған Қырғыз елінің азаматы. Ол тергеу абақтасына тоғытылған. Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 99 бабының екінші бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Адам қолынан қаза тапқан Иван Градовтың артында 10 жасар ұлы қалды. Тәртіп сақшыларының ақпарынша, күдіктіге сот-психатриялық сараптама тағайындалған. Бір көрген адамды жауыздықпен өлтіруіне не түрткі болғанын полицейлер анықтайтын болады.  

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ