Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Атырауда келер жылы 44 көпқабатты үй қолданысқа берілмек

AstanaTV
23.11.2017ж. 20:00
2550
Атырауда келер жылы 44 көпқабатты үй қолданысқа берілмек

Атырау облысындағы кәсіпорындар еліміздегі үшінші жаңғыру бағдарламасын қарқынды игеріп жатыр. Қазірдің өзінде өңірдегі бірқатар зауыттар өнім сапасын АҚШ пен Еуропалық стандарттарға жеткізген. Бүгін Атырау облысына барған «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатқан ірі жобалардың жұмысымен танысты.

Соңғы заманауи қондырғылармен жабдықталған зауытта мамандар сапалы өнім өндіріп жатыр. Мұнда шығарылып жатқан полиэтилен және металл-пластик құбырлар мен арматура өнімдерінің қолдану мерзімі 50 жыл. Кәсіпорындардың өндірістік қуатымен танысқан "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары өндіруші компаниялардың мұң-мұқтаждарын тыңдады. Мұхтар Құл-Мұхаммед отандық өнім өндірушілер өнімінің бағасын қасақана түсіру секілді әділетсіз бәсекеден қорғау үшін заңды құжат керек деді. Саяси ұйым осындай ұсыныс енгізбек. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

Атырау облысының Қазақстандағы ең үлкен мұнайлы өлке екендігін бәріміз жақсы білеміз. Бірақ біздің Елбасымыз осы мұнайға тәуелді болып қалмау үшін әр облыс, әсіресе мұнайлы облыстар өзінің экономикасын әртараптандыру, яғни диверсификациялау керектігін үнемі айтып келе жатыр. Ол үшін бізге осындай кәсіпорындар көптеп керек. Мына дәл ғана біз тұрған зауытта Қазақстанның ғана емес, Тәуелсіз мемлекеттер достастығының ғана емес, Батыс Еуропаның ең биік талаптарына жауап беретін өте қажет құрал-жабдықтар шығаруда. Елбасымыз айтатын бәсекеге қабілеттілік деген осы болады.

Мемлекеттің қаржылай қолдауымен дүниеге келген тағы бір жаңа кәсіпорын - оптикалық кабель шығару зауыты. Зауыт ішкі нарықтағы сұраныстың 40 пайызын қамтамасыз етеді. Кәсіпорынның тағы бір ерекшелігі - жергілікті кәсіби-техникалық білім ордаларымен бірігіп, дуальдық оқыту жобасын да жүзеге асырып отыр. Сондықтан зауыт жұмысшыларының жартысынан көбі жергілікті колледждердің түлектері.

Арай Тағатова, Атырау кабель зауытының операторы:

Мен Атырау қаласының политехникалық колледжінде 3-курс студентімін. Мені осы зауытқа мамыр айында практикаға жіберген. Мені осы кезде менің жұмысым осы зауытқа ұнап қалғасын, мені жұмысқа алып қалды. Жұмысқа Елбасымыздың дуальдық бағдарламасы арқылы осы зауытқа жұмысқа кірдім.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Атыраудағы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып тұрғын-үйлер құрылысының сапасымен де танысты. Жаңадан бой көтерген «Береке» шағын ауданында келер жылы 44 көп қабатты тұрғын үй қолданысқа беріліп, 4 мың отбасы қоныс тойын тойламақ.

Ал мемлекет тарапынан жастардың болашағы үшін қолға алынып жатқан игі істер Атырау мемлекеттік университетіндегі кездесуде талқыланды. Сонымен қатар бүгін біршама талантты студент-жастар саяси-ұйым қатарына қабылданып,  салтанатты түрде партиялық билеттерін қолдарына алды.