×

«Егер Сирияда шынымен бейбітшілік орнаса, ол «путин бейбітшілігі» болады» - Corriere della Sera

AstanaTV
25.11.2017ж. 20:00
2196
«Егер Сирияда шынымен бейбітшілік орнаса, ол «путин бейбітшілігі» болады» - Corriere della Sera

«Сирия халқына өз болашағын өзі анықтайтын уақыт келіп қалды». В.Путиннің осы цитатасын келтірген БАТЫС әлемі ақпарат құралдары «шын мәнінде ол олай ойламайды» деп жалғастырады. «Егер Сирияда шынымен бейбітшілік орнаса, ол «путин бейбітшілігі» болады», деген Corriere della Sera басылымы. Осы аптада Ресей басшысы Сочида алдымен Сирия президенті Башар Асадты қабылдаған, Асадтың тебіреніп, құшақтағысы келген емеурінінен кейін барып төс қағыстырғаны байқалады. Путин одан кейін Түркия және Иран басшылармен САММИТ өткізді. Осы кезде Сауд Арабиясында Сирияның 30-ға жуық оппозициялық топтарының өкілдері өзара ұрсысып, Асадтың кетуін талап етіп жатқанда, Путин Ердоған мен Роуханиді өзінің «сценариіне» көндірді, Трамппен телефон арқылы хабарласып, айғай-шусыз «келісімін» алды. Енді ресей лидерінің жоспары бойынша, Ресейде Сирия халқының Конгресі өтпек, онда Асадтың өкілдері мен Асадпен диалогқа келісетін оппозиция өкілдері болады. Батыстың беделді басылымдары Мәскеудің сирия режимін сенсациялық тұрғыдан қайта тірілткенін айтады. Осы арқылы Путин алдағы наурыздағы сайлауға Ресейді әлемде бірінші роль ойнайтын елге айналдырған лидер болып бармақшы. Айтпақшы, Ресей президенті үшжақты САММИТ-те Сирияда «сең» нақ «Астана процесінен» кейін сөгіле бастағанан атап өткен. Расында сарапшылар да Сирия бойынша Женева келісімінің аса пайдасы болмайтынын жазып жатыр. Сириядағы соғыс ДАИШ террорлық ұйымымен ғана соғыс емес. Талай рет айттық, мемлекеттердің мүдде соғысы да. Мақсаты әр түрлілердің мылтықсыз да майданы... Миллиондаған адамның босып, жүз мыңдаған адамның өлімі қасірет екені қағазда ғана жазылып, камералар алдында ғана айтылады. Айтпақшы, Қырғыз Республикасында жаңа президент – Сооронбай Жээнбеков кеше қызметіне ресми кірісті. Сондай-ақ, кеше Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев көрші мемлекеттің бұрынғы президентіне денсаулық тілеп, Twitter-де мынадай жазба қалдырған: «Викиликсте АҚШ елшісі Янгтың хабарламасы жарияланды. Ол түрік дәрігерлеріне сілтеме жасап, Алмазбек Атамбаевтың паранойяны күшейтетін психикалық ауруы мен ішімдікке құмарлығын жазған. Ендеше бәрі түсінікті болды! Оған сауығып кетуді тілеу ғана қалды».