$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Ақтөбеде үш ауысымда білім беретін мектеп саны 17-ке жеткен...

AstanaTV
25.11.2017ж. 20:00
2780
Ақтөбеде үш ауысымда білім беретін мектеп саны 17-ке жеткен...

Ақтөбе қаласында үш ауысымдық мектептер азаюдың орнына көбейіп барады. Осыдан 4 жыл бұрын ғана үш ауысымда білім беретін 5 мектеп болса, қазір 14-ке жеткен. Жергілікті әкімдік мектеп салынарда сол жердегі халық санын ескеретінін айтады. Ал, оқушылардың сыймай жатуының себебі – туу көрсеткішінің жоғарылауынан және ауылдардан көшіп келушілердің артуынан, дейді. Бұл жауапқа жұмсартып айтқанда, таңқаласың - халық санының өсу динамикасы алдын-ала болжануы керек ғой?! Туудың да, ауылдан қоныс аударатындардың да артып отырғаны белгілі жағдай емес пе? Мектеп тапшылығын шешуге арналған «100 мектеп» деп келетін бағдарламалар не болды, осы? Қараңғы көшеде балшық кешіп, қорқып қайтатын Қарақат сияқты балалар жайлы өңірдегі меншікті тілшіміз Жақсыбек Кемалдың репортажы.

4-інші сыныпта оқитын Қарақаттың сабағы күндізгі төртте басталады. Оқу озаты жаңа уақытқа үйрену қиын болмағанын, дегенмен, бұрынғыдан көбірек шаршайтынын айтады. Ал, сабақ біткен соң үйге қайту тағы бір мәселе. Себебі ата-анасы күтіп алмайтын күндері қараңғы көшелермен жалғыз қайту қорқынышты.

Қарақат Табынбай, №60 орта мектептің 4-сынып оқушысы:

7 жарымда аяқталады күнделікті. Дала қараңғы болған кезде шығамын. Кейде анам күтіп алмаған жағдайда өзім үйге жалғыз қайтуыма тура келеді. Жалғыз өзім қайтқандықтан, өте қатты қорқамын.

Иә, соңғы уақытта Ақтөбе мектептеріне бала сыймай жатыр. Мәселен, шаһарда осыдан 4 жыл бұрын ғана үш ауысымда білім беретін 5 мектеп болса, қазір 14-ке жеткен. Сондықтан бұл жағдай өңірде үлкен мәселеге айналып отыр. Ең сорақысы, пайдалануға берілгеніне бір жыл ғана болған білім ордаларының өзі оқушыларға орын тауып бере алмай, амалсыз үш ауысымда білім беруге көшкен.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл жаңадан бой көтерген «Нұр Ақтөбе» шағын ауданы. Қазірдің өзінде мұнда 15 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Дегенмен, ауданда жалғыз ғана мектеп бар. 1200 орындық мына білім ошағында сенсеңіз, қазір үш мыңға жуық бала білім алып жүр.

Білім мекемесінің сынып бөлмелері жетпегендіктен, күздің басында оқушылар тіпті, киім ауыстыратын бөлмелерде де оқуға мәжбүр болған. Ал, екінші тоқсаннан бастап үш ауысымға көшті. Үшінші ауысымда негізінен  3-інші, 4-інші сыныптардағы 314 бала оқиды. Мектеп басшылығы оқушылардың денін бастауыш сынып оқушылары құрайтындықтан, соңғы ауысымға жоғары сыныптарды көшіру мүмкін еместігін айтады.

Бағдагүл Нұртазина, №60 орта мектеп директорының орынбасары:

1- класта 16 класс комлект, 2-класта 17, 3-класта 14, 4-класта 10 класс комплектісі. Мектебіміздің оқушылар санының 63 пайызын бастауыш кластар қамтып отыр. Сол себепті біз 2- тоқсаннан бастап 3 кезеңге көштік. Себебі мектептегі барлық класс кабинеттерін бастауыш кластар алып отыр.

Сөйтіп балалар үйлеріне кешкі сағат сегіздерде ғана қайтады. Мектепке барып-қайтатын уақыттары ыңғайсыз болғасын ырғақты тіршілік бұзылған. Олардың мектептен оралатын уақыты ата-аналарға да қолайсыз. Ал алып кететін мүмкіндігі жоқ отбасыларға тіпті уайым - кішкентай балалар қараңғы көшелерде балшыққа батып, жаңа Қарақат айтқандай, қорқып қайтады.

Амантай Еламанов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

Освещение жоқ, балалар қараңғыда шығады. Балшық басып, қар кешіп барады үйлеріне. Сол қиын. Сосын бір жағынан кішкентай балалар қорқады.

Қаланың қақ ортасында орналасқан нөмірі 56-ыншы мектепте де дәл осындай жағдай. 600 орынға шақталып, 2015-інші жылдың басында қолданысқа берілген білім ошағында қазір 2 мыңға жуық бала оқиды. Мекеме басшылығы проблеманың ғимаратты саларда аудандағы халық санының өсу динамикасы ескерілмегендіктен шыққанын мойындайды. Өйткені мектеп 600 емес, ең болмағанда 1200 орынға лайықтап салынғанда мәселе тумауы да мүмкін екен. Ал, әзірге мектеп басшылығы жағдайды тек қосымша ғимарат салу арқылы ғана түзеуге болады,- дейді.

Жансұлу Ғатауова, №56 орта мектеп директорының орынбасары:

Осы мектептің өзінің жерінен шағын қосымша ғимарат салынса, онда бізде бүкіл бастауыш класты сол жерге көшірсек, онда бізге ортаңғы буындар жақсы қосымша бағдарламалар, үйірмелер, секциялар жұмыс істеуге өте жақсы болатын еді. Оған сұраныс берілді. Жоғарғы орындардың барлығына. Алдын ала хаттар жазылды. Енді шешіледі деген оң хабар күтіп отырмыз.

Оқушылардың түс ауа мектепке барып, үйлеріне қас қарайғанда ғана оралатынына байланысты тағы бір үлкен проблема бар. Бұл жағдай олардың жүйке жүйесіне салмақ салады. Стресске түсіреді. Мамандардың айтуынша, балалардың ақпаратты қабылдау процесі түске дейін ғана белсенді болады. Ал, кешке қарай ағза шаршайды.

Иван Кузнецов, психолог:

Кез келген ағза ұйықдан тұрған соң ақпаратты жақсы қабылдайды. Себебі жаңа мәліметтер оның қызығушылығын тудырады. Бала ол кезде әлі шаршамаған, қызығушылығы басым болады. Ал, түстен кейін мұндай қасиеттер әлсірей бастайды.

Жергілікті әкімдік өкілдері үш ауысымды мектептердің проблемасына қатысты әдеттегі қалыптарынан танбай, «мәселе шешіліп жатыр»,- дейді. Айтуларынша, мектеп салынарда сол жердегі халық саны ескеріледі. Ал, оқушылардың көбею себебі – туу көрсеткішінің жоғарылауынан және ауылдардан көшіп келушілердің артуынан. Бұл жауапқа таңқаласың - халық санының өсу динамикасы алдын-ала болжануы керек ғой?! Туудың да, ауылдан қоныс аударатындардың да артып отырғаны белгілі жағдай емес пе?

Гүлназ Мырзағалиева, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы:

Мысалы, «Нұр Ақтөбе» ауданында 5 мөлтекаудан салынуы керек. Әр мөлтекауданда 1 мектеп, 2 балабақша құрылысы жоспарланған. Сол жоспар түрінде салынып жатыр. Жоспарға қарап отырсақ, 2-інші мөлтекауданы ғана салынып жатыр.

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы екінші мөлтек ауданның үйлері салынып бітуге жақын. Алайда мектеп әлі жоқ. Қала әкімінің сөзіне сенсек, құрылыс жақын арада басталады. Ал үш ауысым мәселесін жою үшін қалада 5 жаңа білім ордасы бой көтереді. Сондай-ақ, екі білім ошағына жапсарлас қосымша ғимараттар салынбақшы. 

Ілияс Испанов, Ақтөбе қаласының әкімі:

Биыл «Нұр Ақтөбедегі» төртінші мөлтек ауданда мектеп құрылысы басталады. Сондай-ақ, қалада 10 мектеп салынып жатыр. Биыл тағы 4 мектеп құрылысына байқау жарияланды.

Қала әкімінің айтуынша, 2020-сыншы жылдан кейін үш ауысымды мектептер болмайды. Оқушылар мен ата-аналардың күткеннен басқа амалы жоқ. Және олар мектеп болмағасын, балалары көрші кентке барып оқитын қаншама ауыл барын да жақсы біледі. Боранды-аязды күндері мектепке жете де алмайтындарын айтып, тереңдемей-ақ қоялық...

Жақсыбек Кемал, Нұркен Жалмұхан «Біздің уақыт».