$520.93 €609.07 ₽6.68
×

Қол астындағыларға кредит алғызып, үйін жинатқан?

AstanaTV
25.11.2017ж. 20:00
2898
Қол астындағыларға кредит алғызып, үйін жинатқан?

Оңтүстік Қазақстанда  бір топ әлеуметтік қызметкер өздеріне тікелей басшылық ететін адамның үстінен шағымданды. Олардың айтуынша, Түркістан қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор меңгерушісі Дана Жетібаева қарамағындағы қызметкерлердің құқығын таптап отыр. Өздерін меңгерушісі қарызға белшеден  батырып қойғанын айтады. Дәлірегі - қояр да қоймай несие алдыртады. Бірақ оны өзі төлемейді екен.

Фатима Биймурзаева:

Мен 2007 жылы Жетібаева Дана сектор меңгерушімізге жалынып қоймағаннан кейін өз атыма кредит әпергенмін. Сол кредитті төлеймін деп сол күйі төлемей, ақыр аяғында сот арқылы өзім төлеп, 2017-нің июлінде  төлеп біттім, 18-мыңнан -28 мыңнан  жұмыс арқылы, бухгалтерия арқылы төледім. Жетібаева Дана  ай сайын бізден комиссияға деп ақша ұстап, әр айда әрнәрсені сылтау қылып, коссия деп бізден ақша ұстайтын еді. Оны өзінің қалтасына салып алады.

Жетібаеваға өз атынан несие алып бергендер бұл ұжымда жалғыз Биймурзаева емес сияқты. Бұған жәбірленушілердің бөлім басшысы Бөрібаеваның атына жазылған  арыздары дәлел. «Өзім төлеймін» деп тағы біріне 300 мың теңге алдыртқан, бірақ сүйретіп жүріп, бар болғаны 120 мың теңгесін төлепті. Ал қалғанын ... Қалғаны 50-60 мың теңге жалақымен жан бағып отырған жанның балаларының несібесінен жырып төленіп жатыр. Сектор меңгерушісінің  үйін жинап, кір-қоңын жуу, ас-ауқатын пісіру шаруасы да осы әлеуметтік қызметкерлердің мойнында екен. Жәбірленушілер Дана ханымның малай етіп жұмсаған айтады. Бірақ камерадан тыс. Өйткені  бәрі дерлік ашық айтудан қорқады.

Фатима Биймурзаева, жәбірленуші:

Біздің ұжымымыз, қыздардың бәрі сөйлеуге қорқады, жұмыстан босатып жібереді ма деп, сол үшін бәрінің атынан мен сөйлеп тұрмын. 
Біздің қыздар үйінде жұмыс істеген.  Декретте отырып, оны жұмысқа қойып қойып, айлығының жартысын алып отырғандар бар. Жұмыс істемей, стажын жүргізіп ,айлығын екі жылдай алып отырғандар бар. Әбден жеуге үйреніп қалған. Қыздардың  бәрі жалтақпай болып, жұмысқа барса көргісі де келмейді оны, сөйлеуге қорқады.

Арызданушылардың саны жиырмадан асады. Қазір бір топ жәбірленушінің арызы негізінде  қылмыстық іс қозғалған. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Мұны Түркістан қаласының прокуроры Руслан Әбдірайымов бізге телефон арқылы айтты.

Руслан Әбдірайымов, Түркістан қаласының прокуроры: /телефон арқылы/

Түркістан қаласы Жұмыспен қамту бөлімінің бірқатар қызметкерлерінің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Сотқа дейінгі тергеп тексеру басталған. Қылмыстық іс Түркістан қалалық ІІБ өндірісінде. Қазіргі таңда тергеу барысы қалалық прокуратураның бақылауына алынған.  Іс бойынша бірқатар тергеу амалдарын жүргізу туралы жазбаша  нұсқау берілген. Қазіргі таңда 30-қараша 2017 жылға дейін қылмыстық істің тергелуін аяқтап, заңды баға беру туралы нұсқау бар.