Өткен сенбіде Таразда 10 жастағы Никита есімді бала жоғалып кеткен. Полиция ақыры 6-шы мектептің 4-ші сынып оқушысының денесін тапты. Сол мектепте 7-шіде оқитын Николай деген жасөспірім күдікке ілінді. Өйткені Никита жоғалған күні олардың жұптары жазылмай жүргенін тәртіп сақшылары көше камераларынан көрген. Екі оқушыны сол күні желім иіскеген, деді полицейлер...Таразда биылғы жылдың он айында 8437 оқушы әр түрлі бұзақылық жасаған. Олардың 7 мыңына әкімшілік шара қолданылып, 1254-і профилактикалық есепке алыныпты. 41-і арнайы мектепке жіберілген. Біршама жыл бұрын таныс әйелдің жасөспірім баласынан «айырылып қаламын ба», деп, Тараздан көшіп кеткені еске түседі...Соңғы он жылда жағдай жақсарды дегенмен, «криминалды қала» деген аты шыққан Тараздағы қазіргі ахуалды Данияр Әлімқұл баяндайды.
18-ші қараша. Сенбі. Қас қарайған уақытта 10 жастағы Никита Никитюк үйінен шығып кетеді. Бір күн бойы кісі көзіне көрінбей кеткен оқушыны тәртіп сақшылары мен туыстары түгел іздеген. Алайда, 6-шы мектептің 4-ші сынып оқушысын көрген-білген адам болмайды. Ертесіне полиция жеткіншектің денесін тапты. Ал, білім ошағынының басшысы Никитаның артық қылығы, асау мінезі жоғын айтты.
Ләззат Сманова, Тараз қалалық №6 орта мектеп директоры:
Қайғылы жағдай бәрімізге ауыр тиді. Сыныптастары да, сынып жетекшісі де өздерін қоярға жер таппай жүр. Әсіресе, Никитаның сыныптастары қорқып қалды. Осылай болады деп, ешкім ойлаған жоқ. Қазір қаза болған Никитаның ата-анасына қолдан келгенше көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Марқұм оқушым теріс мінезділер тізімінде емес еді.
Марқұм болған мектеп оқушысы өзі өлген ба, өлтірілген ба? Кінәлі кім? Сол мектепте 7-шіде оқитын Николай Данилян күдікке ілінді. Өйткені қайғылы оқиға болған күні олардың жұптары жазылмай жүргенін тәртіп сақшылары көше камераларынан көрген. Ал, полиция екі оқушыны сол күні желім иіскеген, дейді.
Гүлсара Мұхтарқұлова, Жамбыл облыстық ІІД-нің баспасөз хатшысы:
Тергеу жұмыстары нәтижесінде жәбірленушінің сол күні 14 жастағы жасөспіріммен бірге желім иіскегендігі анықталды. Аталған жасөспірім іс бойынша күдікті деп танылып, қазіргі уақытта ата-анасының қарауына беру туралы міндеттемемен босатылды. ҚК 99 -бабы, 2-ші бөлімен іс қозғалды. Егер де күдіктінің қылмысы дәлелденсе, аталған кодекс бойынша 15 жылға бас бостандығынан айыру көзделген.
Дегенмен 15 жыл ол балаға беріле қоймайтын мерзім сияқты. Оған сәл кейінірек тоқталамыз. Алдымен желім иіскеп желіккен жасөспірімдердің миы улану барысында не істеп, не қойғандарын білейік.
Қуанышбек Қалжанов, Жамбыл облысы ІІД ЖПҚ Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы:
Тастап кеткенін айтып отыр. Екеуі соңғы уақытқа дейін бірге болған. Қылқындырып өлтірді дегенінің бәрін экспертиза береді. Олардың 15 тәуліктік өздерінің уақыт мерзімдері бар. Ал, енді мойынында өзінің капешонының жіп іздері бар екені анық.
Яғни сараптама шыққанша өлім 2 нәрседен болды деген болжам болуы шарт. 10 жасар Никитаны 14 жастағы Николай қылқындырып өлтірді ме екен? Немесе Никита желім иіскеу кезінде уланып қалды ма? Полиция жасы үлкені осымен екінші рет желім иіскегенін анықтады. Соған қарағанда балалар бір-бірін баулыған болуы да мүмкін.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Айта кететіні, күдіктінің қылмысы дәлелденсе қандай жаза қолданатыны белгісіз. Оның соқа басын сотқа сүйреп ешкім әлек болмайтын сияқты. Өйткені ол оқиға болған күні 14 жасқа толмаған деп саналады. Ол тек желтоқсан айының 19-ында ғана 14-ке келеді екен. Яғни оның туған күніне 30 күндей уақыт қалғанда жасаған әрекеті жазадан жалтарып кетуіне жақсы мүмкіндік болмақ.
Енді жасөспірімді жазалаудың басқа түрі бола ма? Біз білуге тырыстық. Тәртіпке шақырудың тәсілі анау айтқандай ауыр емес сияқты. Оның қылмысы дәлелденсе, жазаны арнайы құрылатын комиссия анықтамақ. Оған судья үкім емес, шешім ғана оқитын көрінеді.
Қуанышбек Қалжанов, Жамбыл облысы ІІД ЖПҚ Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы:
Данилянның жасына толмауына байланысты қылмыстық іс қысқарады. Солтүстік Қазақстанда Белоуск ауылында арнайы режимдегі арнайы мектеп бар. Соған соттың Үкімімен жолдаймыз. 1 жыл бере ме, 6 ай бере ме, ол соттың шешіміне қарап бағаланады.
Камераға көрінуден бас тартқан Никитаның ата-анасы ұлдарының денесінде соққының іздері бар деп отыр. Әрі зорланған болуы мүмкін деп күдіктенеді. Ал, мектеп директорының айтуынша, 14 жастағы күдіктінің ақыл-есінде ауытқу бар. Сондықтан, оған арнайы коррекциялық сыныпта білім беріліп келген. Қазір күдікті сабақтан босатылған, үйінде.
Ләззат Сманова, Тараз қалалық №6 орта мектеп директоры:
Николай Данилянға «Психологиялық дамуының спецификалық бұзылуы», нақтырақ айтқанда «резидуалды церебралды жетіспеушілік» диагнозы қойылған. Яғни, оның психикасының даму процестері тежеле түскен. Бірақ осындай балалар жүрген ортасына ешқандай да қауіпті емес. Мұндай сыныптар қаладағы 11 мектепте бар. Біздегі 58 бала осындай сыныпта оқиды. Николай мектептегі бұзық балалардың тізімінде тұрған. Ал, не бүлдіріп қойғанын айта алмаймын.
Директор, Данилянның жағымсыз қылықтарын жасырғанымен полицейлерден бәрібір сұрап алдық. Оның 8 жыл бұрын анасынан айырылып қалғанын айтты. Содан бері ол өзгеріп, ақыл-есі толық дамымаған балалардың қатарына қосылған. Кейін тәртібі теріс оқушылардың да есебінде тұрған. Мектептегі мінезі де кісі сүйсінетіндей болмапты.
Қуанышбек Қалжанов, Жамбыл облысы ІІД ЖПҚ Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы:
Мінезі мынау ашушаң, өзін бірінші қоятын, өтірік айта салатын осындай мінездеме болған. Данилян Николай бұрын бізде ұялы телефон ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жасының жетпеуіне байланысты қысқартылған.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Дегенмен, Жамбыл облысында жасөспірімдер қылмысы 27 пайызға азайған. Былтыр 208 бала қылмыстық жауапкершілікке тартылса, биыл 151 бала. Таразда да бұл көрсеткіш 17 пайызға төмен түсіпті. Ал, аймақ аудандарын алатын болсақ, Шу мен Сарысуда оқушылар қылмысы «озып» тұр екен. Біріншісінде 114 пайыз, келесі ауданда 33 пайызға өскен.
Тараздың өзінде биылғы жылдың он айында әр түрлі бұзақылыққа барған 8437 оқушы полиция бөліміне жеткізілген. Олардың 7 мыңына әкімшілік шара қолданылып, 1254-і профилактикалық есепке алыныпты. 41-і арнайы мектепке жіберілген. 709 жайсыз отбасы анықталған. Ондай ортада өскен 1000-нан аса бала жеткілікті тәрбие алмайтындардың тізіміне тіркелген. 63 ата-ана баласына қарамағаны үшін ата-ана құқығынан айырылған.
Полицейлер жасөспірімдер қылмысын ауыздықтауда барымызды салып келеміз, дейді. Алайда олар мектептердің 5 күндік режимге көшкеніне наразы.
Қуанышбек Қалжанов, Жамбыл облысы ІІД ЖПҚ Ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы:
Қазір 6 күндік сабақты 5 күндік қылып тастады ғой. Ол да бізге бір жағынан қиындық туғызып жатыр. Себебі бұрын, мектептің ішінде балаларға бақылау жасайтын болсақ, мысалы бір күн болса, қазір екі күн кетіп отыр. (сенбі,жексенбі) Яғни, ол да бізге көптеген әсерін береді. Бала біздің қарауымыздан, мектептің қарауынан кетіп, ата-аналар қарауына кетеді ғой.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Полиция алты күндікті аңсағанымен Тараздағы 60 мектеп оған ауыса қоймайды. Елімізде оқушыларға білім беретін орта мектептен басқа, оларды тәртіпке шақыратын мектептер де бар. Республика бойынша бұзақы балалардың баспанасына айналған арнайы режимді 8 мектеп бар. Соның бірі Тараздағы мына мекеме-
Мұнда қылмыстық қылық көрсеткен оқушылар көп. Біразының ата-анасы араққа салынып, туған-туыстарымен тіл табыса алмаған. Қазір осында 41 оқушы бар, оның 8-і қыздар. Олар осында 6 айдан бір жыл аралығында «түзетіледі». Атынан ат үркиді. Алайда арнайы мектеп түзету орнына қарағанда, бір қарағанда балабақша секілді. Жабайы емес. Жайлы. Жасанып тұр. Ал, бұл Гриша мен Ира. Бірі Қордай, екіншісі Байзақ ауданында туған. Ирина «тағдырым тым ауыр» дейді. Ол өз отбасынан қашып жүріп, 14 жасында аяғы ауыр боп қалған.
Ирина Козырева:
Мамамен ұрыссу, мамам маған қарамаған, сол үшін мен үйден қашатынмын. Мына жақтан шыққан соң жоғары колледжге түскім келеді, оқығым келеді. Менде бір қызым бар Галина деген. Үшке толды. Соған бақытты болашақ бергім келеді.
Григорий Буташов:
Бұл жерге бұзақы боп, әр нәрсеге бір ұрынып жүргенім үшін, сабаққа қатыспай, қашқаным үшін түстім. Ол үшін өкінемін. Бірақ мұнда өз-өзіме келіп, өзгердім. Компьютердің тілін жақсы білемін, соған сай болашақта ай-ти маманы болғым келеді.
Жасөспірімдер қылмысын жойып жіберуге болмас, бірақ жолға қоюға болады. Алдын алуға полиция да пейілді. Бірақ олар штаттық бірлік жетіспейді деп отыр. Мәселен, облыс бойынша 451 мектеп бар. Онда 214 мыңнан аса оқушы оқиды. Ал, оқушыларды тәртіпке шақыратын облыстағы ювеналды полицияның инспекторлары 220 адам ғана. Әлі мектептерге 200-ге жуық инспектор керек екен.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Жас өскіндердің жасаған қылмысы жанға батады. Әсіресе, Әулиеата жері әу заманнан қылмыс әлемінің қара тізіміндегі қала. Бірақ мамандар бүгінде Жамбыл жерінде жылымық орнап, Тараз тынышталғанына 10 жылдан асты дейді. Не десек те, қылмыс жасармауы тиіс. Тәрбие - үйден үйреніп, көшеде көрінетін қылық. Сондықтан, ұлдың ұлағатты, қыздық қылықты болып өсуі отбасынан. Одан кейін ортасынан.
Данияр Әлімқұл, Дәулетбай Нұрмахан "Біздің уақыт".