Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«KEGOC» өз қызметкерлері арасында спартакиада ұйымдастырды

AstanaTV
24.11.2017ж. 20:00
2369
«KEGOC» өз қызметкерлері арасында спартакиада ұйымдастырды

Бүгін Қарағандыда "KEGOC" акционерлік қоғамы жұмыскерлері арасында спартакиада бастамасын алды. Еліміздің әр түкпірінен келген компанияның 300-ден астам қызметкері түрлі спорт тәртіптерінен бағын сынамақ. Барлығы 12 команда. Қатысушылар жеңісін ел Тәуелсіздігі күні мен «KEGOC» компаниясының 20 жылдық мерейтойына арнамақ.

Дені саудың - жаны сау! «KEGOC» компаниясы жұмыскерлерінің жыл сайынғы дәстүрлі спартакиадасы биыл елдегі 10 филиалдың үздік спортшыларының басын қосты. Сондай-ақ додада орталық аппарат пен еншілес кәсіпорындардың өкілдері де бағын сынауда. Қатысушылар мини-футбол, волейбол, үстел теннисі, армреслинг және шахматтан сайысқа түспек. Жарыстың ашылу салтанатына Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров пен Афинадағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Дмитрий Карпов арнайы келді.

Болатбек Омаров, «KEGOC» АҚ аппарат басшысы:

Бұл жұмысқа өте пайдалы деп санаймын. Өйткені адам тек қана жұмыс бабында емес, былай спортпен шұғылданғандағы қарым-қатынасы біздің қызметімізге, біздің жұмысымызға жақсы әсер етеді деп ойлаймын.  

Ерлер жағы футбол алаңында бақ таластырса, нәзік жандылар күш күрестіруде. Әрине, жеңіске бәрі жете қоймас. Дегенмен, бастысы - қатысу. Мұндай шаралар сенімділікті арттырып, әріптестердің қолдауын сезінуге жол ашады. Компанияда салауатты өмір салтына ерекше мән берілген. Сәйкесінше, әр қызметкердің өзіне жақын спортты таңдауына мүмкіндігі бар.

Шоқан Мұхтаров, «KEGOC» АҚ қамту бөлімінің маманы:

Спорт адамды алға жетелеп қана қоймайды, ол азғаның тонусын ұстап тұруға мүмкіндік береді. Жұмыс тиімділігі арта түседі. Бүгінгі спартакиада кәсіби тұрғыдан шабыт береді деп ойлаймын.

«Самұрық-Қазына» АҚ қарамағындағы компаниялар арасында түрлі спорттық шараларды өткізуді дәстүрге айналдырған. Бұл жарыстарда «KEGOC» намысын мықты спортшылар мен командалар қорғайды. Нәтиже көрсеткендей, үнемі үздіктер санатында. Былтыр компанияның құрама командасы волейбол мен үстел теннисінен жүлделі орындарды иемденді. Аталған сайыста шахматшылар мен футболшылардың да бағы жанған. Нәтиже қуантарлық. Компания басшыларының пікірінше, топтық жеңістер ұжымдық рухты көтеріп, жұмысты жақсартуға көмегін тигізеді.

Әсемгүл Мұхитқызы