$474.72 €515.17 ₽5.58
×

Бүйткен сорғысы бар болсын. Солтүстік Қазақстанда 702 адам көл суын ішіп отыр.

AstanaTV
02.12.2017ж. 20:00
3846
Бүйткен сорғысы бар болсын. Солтүстік Қазақстанда 702 адам көл суын ішіп отыр.

Солтүстік Қазақстанда бүтін бір округтың халқы – 702 адам көлдің суын ішіп жүр. Елді-мекенді таза сумен қамтып отырған сорғы станциясы 2 ай бұрын бұзылып қалған. Негізі, істен шыққан сорғы стансасы үш бірдей ауылды тіршілік көзімен қамтып келген. Сусыз қалған жұрт таза судың бір текше метрін 600 теңгеге сатып алып отырған. Бұл қаладағы судың бағасынан 7 еседей қымбат. Бірақ адамдар соған да жете алмай қалды. Өйткені су уақытылы тасылмайды. Жұрт енді амалсыз, мал ішетін суды тұтынуға мәжбүр. Арбасы бар тұрғындар, сәл де болса «таза» деп, суды ауылдан 2-3 шақырым жердегі көлден тасуға көшкен. Тұрғындар көл суының сапасын ойламауға тырысады. Себебі «ойлағаннан» ауырып қаламыз деп қорқады. Сонымен бірге фляг тасуға қауқарсыз қарт кісілер бар, олар енді, көршілерінің адамгершілігіне сенеді. 21-ғасырда, облыс орталығынан 50-ақ шақырым жерде адамдардың ауыз сусыз отыруы өткенде айтқанымыздай, шын өмірдің көріністері үлкен қалалардың шекарасынан басталатынына тағы бір дәлел. Ал миллиардтар жеген коррупционерлер және сондай «іс-қимылмен» жүретіндер бірінші кезекте сана деңгейін көрсетпейді, бірінші кезекте системаның «сыздауыққа» толғанын нұсқап, «сыздауық» ережелер жүйесін айғақтайды... 
Виноградовка ауылына барып қайтқан Абзал Құрманкиннің репортажы.

-хоть озеро есть, а то вообще можно было умереть...

Зайгүл апайдың үйі 3 жыл бұрын Виноградов ауылына қоныс аударған. Еріккеннен емес, жайлы орын табу мақсатында. Көшкен бетте жайылымы кең жерді таңдаған. Көлдің қораға тиіп тұрғаны іздегенге сұраған болды. Малды суару үшін суды шалғайдан тасып, әуре болмайтын. Алайда мал ішетін суды артынша өздері де тұтынатынын кім білген?

Зайгүл Көшегелдина, Виноградов ауылының тұрғыны:

Суды үйде сүзгіден өткізіп, кейін қайнатып ішеміз. Денсаулығымыз үшін әрине, алаңдаймыз. Ал сорғы станциясының сынғанына ешкім таңқалмайды. Істен жиі шығып тұрады.

Қараша таза ауыз судан тарығып отыр. Жұрт қазір ауыл маңайындағы көлдің арқасында ғана күн көріп жатыр. Көлде ұзын-сонар кезек пайда болмас үшін ауылдағы ер-азаматтар мұзды бірнеше жерден ойып қойған. 

Борис Пилюсков,  Виноградов ауылының тұрғыны:

Қыста суды тасу қиын. Күн жылы кезінде жеңілдеу, әрине. Сорғы станциясының қашан қайта іске қосылатыны белгісіз. Ешкім айтпайды.

Абзал Құрманкин, тілші:

Бұл жерде жазды күні мал жайылып жүрсе, қыста көлдің суын бұқара тұтынады. Ауыл маңайындағы көлдің дәмін ұнатпағандар тіршілік көзін шалғайдағы Маховое көлінен тасиды. Шұңқырды көлдің орта беліне барып әлектенбеу үшін, жолдың шетінен қазып қойған. Дәмі жағынан айырмашылығы жоқ сияқты.

Михаил Татаркин, Виноградов ауылының тұрғыны: 

Біз суды Маховое көлінен әкелеміз. Себебі мына көлдің жағасында жазды күні мал жайылып жүреді. Қыста қайта тәуір сияқты.

Негізі сорғы станциясы 2003 жылы орнатылған. Содан бері 3 бірдей ауылды таза сумен қамтып отырған. Алайда қондырғының сынар кезі келген көрінеді.

-оно расположено вот здесь вот, где его не хватает. Здесь стоит насос. В насосе стоит торцевое уплотнение. А вот мотор который все гоняет. Значит соединяется, к системе подключается и после этого запускается.

Қондырғы Қытайда шығарылған. Механизм ескіріп қалған соң, көрші ел мұндай жүйені шығаруды тоқтатып тастаған екен. Сондықтан істен шыққан бөлшекті табу қиынға соғып отыр.

Руслан Аюпов, Виноградов селолық округінің әкімі:

Біз ең алдымен сорғының мембранасын ауыстырдық. Қысым қалпына келген соң, сорғының басқа бөлшегі істен шықты. Қазір диллер оны Қытайдан алып келе жатыр. Алда Қытайдың сорғысын Ресейлік өнімге ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Сонда бөлшектерді іздеп қиналмаймыз.

Билік өкілдері ауыз суды аптасына үш мәрте арнайы көлікпен таситынын айтады. Алайда бұл көлемнің жұртқа аз екені анық. Тіршілік көзі жеткілікті болса, жұрттың лас суды тұтынбайтыны анық. Бұлғақтатпай, лас су дейтініміз, тәжірибелі биолог Сәбит Қақанов көлдің суын ішуге мүлдем болмайтынын айтады. Себебі тұйық көл бактериялар мен химиялық заттардың «қоймасы» болып саналады. Бактериялардың қалай пайда болатыны айтпаса да түсінікті. Ал химиялық элементтер егін даласынан келіп құйылады. Улы суды тұтыну тіпті обыр дертіне де алып келуі мүмкін, дейді тәжірибелі ғалым.

Сәбит Қақанов, А. Байтұрсынов ат. Қостанай Мемлекеттік университеті ғылыми-инновациялық орталығының жетекшісі:

Судың құрамында ауыр металдардың тұздары болуы мүмкін. Химиялық онкология тудыратын родондар, т.б. неше түрлі заттар болуы мүмкін. Онда жұқпалы аурулар қоздырғыштары сақталынады, көпке дейін. Өйткені ағынды су табиғатта өз өзінен тазарады. Ал тұрып қалған көл, қазылған су көздері оның бәрі өте қауіпті болуы мүмкін.

Лас судың салдары дәл қазір көрінбейтіні заңды. Бірақ ғалымдардың сөзіне сенсек, дерттің кейін шығуы ғажап емес. Эпидемиолог мамандар Виноградов ауылының проблемасын осы аптада ғана естіген екен. Қазір олар көл суының сараптамасын алып, зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ал аудандық атқамінерлер сорғы бөлшегінің елімізге жеткенін хабарлайды. Демек станцияның жетпеген тетігі жақын уақытта орнатылып, ауыл жұрты тазартылған су ішпек. Алайда тозған нысанның қашанға дейін жұмыс істейтіні белгісіз. Яғни, бұқараның көлге «қайтуы» ғажап емес. Бірақ билік өкілдері ауыл «өткен дәуірге» оралмайды деп сендіріп бақты.

Бақыт Ілиясов, СҚО Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

2015 жылы біз 19 ауылға су магистралін тартудың жобалық-сметалық құжаттамасын дайындадық. Республикалық бюджеттен қаражат 2018 жылы бөлінеді деп көзделіп отыр. Жоба құны - 6 миллиард теңге. Жоспарға сай, су жүйесі әрбір үйге дейін тартылады.

Алайда бұл жобаның сағызша созылуы да әбден мүмкін. Себебі аталған ауданда бірнеше жыл бұрын дәл осындай күрделі жоба қолға алынған. 13 ауылды таза ауыз сумен қамтитын ірі құбыр тартылған болатын. Алайда магистральді салу жұмысы 3 жыл жүргізіліп, биыл әрең дегенде бітті. «2030», «2050» деп келетін стратегияларды жүзеге асырушылар қақаған қыста флягпен су тасу қандай екенін біле ме екен? Қазір жұрт бұйығы емес, сауалды осылай, төтесінен қояды.

А.Құрманкин, З.Санай «Біздің уақыт».