Германияда адамдар жылына 1363 сағат жұмыс істейді. Бұл әлем бойынша ең аз уақыт. Ал жақында осы мемлекетте «8 сағаттық жұмыс күні» деген ережені жою туралы ұсыныс айтылды. Тәртіпке бағынатын, нәтижелі жұмыс істейтін немістер жұмыс күнін қысқартуды ойласа, өздерінің болмысына сеніп отырғаны анық... Дегенмен адам «жанып» кетпеуі үшін қандай жол оптималды? Атқарушы билікте мыңдаған адам түнге қалып істейді. Бітпейтін есеп беру, әкімшілік-әміршілдік жүйе - бюрократия... Сонымен бірге бізде еңбек бөлінісі қалай? Мысалы, бір бөлімде 5 адам болса, соның 2 -уі ғана тиімді жұмыс істейтіні, қалғандары солардың арқасында «күн көретіні» де рас. Екінші жағынан, таңнан қара кешке дейін жүргенде «тиын» алатындар аз емес... Дегенмен әлемде еңбек шарттары өзгеріп келе жатыр. Жұмыс берушілер нәтиже ғана талап етеді – ал нешеде келеді, қанша сағат отырады, оны маман өзі шешеді. Сондай-ақ, өзіне ғана жұмыс істейтіндер де көбейіп келеді. Үйде отырып, табыс табатындар. Ришат Асқарбекұлы жалғастырады.
Арайлым Божбанованың мамандығы есепші. Мемлекеттік мекемеде бухгалтер болып жеті жыл еңбек еткен. Төрт баланың анасы қазір бала тәрбиесімен үйде отыр. Арайлым үйреншікті жұмысына қайта шығуға құлықсыз.
Арайлым Божбанова, Алматы қаласының тұрғыны:
Қағаз жұмыстары өте көп, мемлекеттікі болған соң. Азанда сағат 8-де жұмысқа барасың, кешке 6-да бітті деген күннің өзінде 8-9-ға дейін жұмыс істейтін кездер өте көп. Отчет қағаздары көп, бітпей жатса үйге келіп те істейсің. Ол үшін бала шағама нянка жалдауым керек. Ол мен үшін қосымша шығын.
Елімізде Арайлымның айтқанымен келісетін және оны басынан өткеріп жүрген мыңдаған, тіпті миллиондаған отандасымыз бар. Ресми дерекке қарағанда, Қазақстанда 120 мың мемлекеттік қызметкер еңбек етіп жүр. Халқының саны 110 млн. Жапонияда мемлекетік аппаратта жұмыс істейтін шенеуніктер бізден екі есе аз. Сарапшылар жапондардың пайдалы әсер коэфиценті деген ұғымға иек артатынын айтады. Яғни маман өзіне жүктелген міндетті тиімді атқара алады.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Олардың мемлекеттік қызметкерлер саны 60 мың адам. Бізден екі есе аз. Бірақ пайдалы әсер коэфиценті экономиканың дамуынан, технологиялардың дамуынан-ақ нақты нәтижесін көріп отырмыз. Яғни мәселе санның көптігінен, шенділердің көптігінен емес, сапасының, кәсіби деңгейімен, мамандардың ашықтығы, сауаттылығы, айқындығымен көрінеді. Басқа жол жоқ.
Жұмысты теңдей етіп, бөлісіп істеу, әрі-беріден соң әділетті болар еді. Бірақ тағы да сол, біз сөзге тартқан сарапшылар мұндай үрдіс біздің басқару аппараты үшін жат екенін айтты. Еңбек бөлінісі дегеннен шығатын қортынды біреу. Ол - вакантты орындарды дарынсыздардың алмастыруы.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Айталық бір бөлімде 10 адам болса, соның 5-уі нағыз жұмыскер, қалған 5-уі құр босқа орын алып отырған тамыр-таныстар, вакантты орынды, жалақыны, премия алып отырған, билік баспалдағымен көтеріліп отырғандар.
Ал енді осыдан шығатын келесі проблема - мемлекеттік қызметкерлердің белгіленген уақыттан артық жұмыс істеуі. Заңнамамен бекітілген 8 сағаттың орнына түн қатып жұмыс жасайтындар кімдер?! Қағазбастылыққа еті үйренген мұғалімдер мен дәргерлерді қоспағанда, не жарытып жалақы алмайтын, не отбасын көрмейтін төменгі буын мемлекеттік қызметшілердің тіршілігі аянышты. Психологтар адам бір күнде тек 6 сағат белсенді болатынын, одан артық уақытта атқарылған жұмыс шала немесе нәтижесіз шығатынын айтады.
Қуандық Асқаров, ҚР ДСМ Еңбек гигиенасы ұлттық орталығы бас директорының орынбасары:
Адамның ойы бөлінбей, тапсырылған жұмысқа назар аударып істесе, оның нәтижесі оң болады. Мен кәсіби патолог-маман ретінде айтайын: адамның күнделікті жұмыс уақытының 6 сағаты денсаулығына зияны болмайды. Ал қазір бізге бөлінген 8 сағат үлкен ауыртпашылық салып жатыр.
Жақында салалық министр Тамара Дүйсенова да еңбек заңнамасында көрсетілгендей, жүмыс күнінің 8 сағаттан бір минуттан да аспауы қажеттігін айтты. Бұл ескертуден кейін құрамында 1700 қызметкері бар Алматы қалалық кірістер басқармасында жұмыс жүйеленген. Мекеме басшыларына сенсек, белгіленген уақыттан тыс жұмыс істеу үшін қатардағы маман тек жазбаша түрде рұқсат алады.
Қанат Балтабеков, Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары:
Компьютерлер кешкі сағат алты жарымда бәрі өшіріледі. Егер мемлекеттік қызметкерлер үлгере алмай жатса, жазбаша түрде басшысына шағымданады. Ал басшы қолхатымен рұқсат береді, егер үлгере алмай жатса.
Атқарушы мамандардың тиісті уақытты тиімді пайдаланбауын қоғам белсендісі Төлеген Байғұлов та зерттеп көріпті. Жемқорлыққа қарсы әлеуметтік жобалармен айналысатын ұйым соңғы екі айда мониторинг жүргізген. Жобаға депутаттар, қоғамдық ұйым өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар тартылды, дейді. Бірнеше министрліктер мен облыс әкімдіктеріне ескертусіз барған топ, барлық мекемеде кешкі сағат 6:30-дан кейін қызу жұмыс жүріп жатқанына көз жеткізген.
- Неге отырсыздар? Үйге қашан қайтасыздар?
- Үлгермей отырмыз.
Төлеген Байғұлов, қоғамдық белсенді:
Олардың басшылары күні бойы жиналыстарда жүреді де, кешкі бестен кейін тапсырма береді. Сондықтан олар жұмыстарын істеп үлгермейді.
Сол сияқты Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік қызмет істер агенттігі де тексеру қортындыларын жария етті. Биылғы 9 айда қызметкерлерді уақыттан тыс пайдаланып, бірақ қосымша еңбекақысын төлемеген 306 жағдай анықталған. Астана мен аймақтарда 26 мемлекеттік мекемеде тіпті жұмыс тәртібін белгілейтін ережелер болмай шығыпты.
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Заңды бұзушылығы былай тұрсын, бұл нені білдіреді? Алтыға дейін өзіне міндеттелген жүктемені, тапсырманы орындамаса, оның өз қызметінен деңгейі жетпейді, білім төмен, кәсіби қауқары төмен. Немесе департамент бастығы асыра міндетемелерді жүктеген деген сөз. Не бастығы, не қызметкер кінәлі боп шығады.
Бұл жүйені жөнге салу қоғамдық белсенділер немесе журналистердің міндеті емес. Сол мемлекеттік қызметте жүрген мамандардың өздері талапшыл болып, өз құқығын өздері қорай алуы керек!
Расул Жұмалы, саясаттанушы:
Яғни қағазбастылық, неғұрлым қағаз көп болса, оның мөрі, жиналатын қолдары көп болса, сол құрлы маңызды сияқты. Дамымай қалған үшінші мемлекет деген осыдан шығады. Қағазбастылық, бюрократия, жемқорлық сияқтылар өкінштісі бізде де кеңінен етек жайған.
Төлеген Байғұлов, қоғамдық белсенді:
Министрлер де, әкімдер де қазір ойлануы керек. Егер оның қызметкерінің отбасына, жеке өміріне уақыты болмаса, одан қандай тиімді жұмыс күтуге болады? Осылай кешке дейін ұстап отырса, эффект те жоқ қой.
Мемлекеттік мекемеден кетіп қалған Арайлым үйде отырып ақша табатын кәсіпті меңгеріп жатыр. Ол енді ғаламтор арқылы бір компанияның өнімін жарнамалап, табыс таба бастаған.
Арайлым Божбанова, Алматы қаласының тұрғыны:
Өзім яғни есепші болған соң алгоритмін, маркетинг планымен таныстым. Бір көз жүгіртіп өттім де, сосын шешімге келдім. Бір ай болды істеп жатқаныма, бірінші айда 100 мың таптым. Яғни үйде отырып, бала шағамның жанында, тамағымды істеп үлгеремін. Қыздарымды, баларымды садиктен алып келіп үлгеремін. Егіз кішкене балаларым бар, оларға да қараймын.
Ришат Асқарбекұлы, тілші:
Артық еңбектену мәселесіне қоғамдық белсенділер араласқалы еңбек заңнамасы да біршама сақтала бастаған. Мұны әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызметкерлердің өздері де жазып жатыр. Алайда қазір сағат кешкі сегіз. Алматы қаласының әкімдігінде шамдардың әлі де көптеп жанып тұрғанын байқау қиын емес.
Ришат Асқарбекұлы «Біздің уақыт».