Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Темір жол өткеліндегі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар бүгін жерленді

AstanaTV
28.11.2017ж. 20:00
2780
Темір жол өткеліндегі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар бүгін жерленді

Жаңаөзен қаласы мен Теңге кентінің тұрғындары темір жол өткеліндегі жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан 9 адамды жер қойнына тапсырды. Ал зардап шеккендердің біразы ауруханадан шықты, енді біреулері жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды.  Қайғылы оқиға бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Апат құрбандарын ақтық сапарға шығарып салуға тұрғындар мен аймақ атқамінерлері келген. Жерлеу рәсімдері Жаңаөзен қаласының бірнеше жерінде өтті. Аурухана бас дәрігерінің орынбасары зардап шеккендердің жағдайы туралы баяндады. 18 адамның кейбірінің жағдайы орташа ауыр деп есептеліп отыр. Барлығы есін жиған.

Раушан Жапарова, Жаңаөзен қаласы орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

Облыстық мамандармен сөйлесіп, екі хирургиялық науқасты жалпы палатаға шығардық. Қазір реанимацияда 4 науқас бар. Оның біреуінің өкпесі қолдан тыныстандырылып жатыр.

Ал тергеу ісі бойынша мәліметтер тілшілерге айтылған жоқ. Тек тасымалдаушыға қатысты тексеру жүріп жатқаны ғана мәлім. Жойқын жол апатына нақты кімнің кінәлі екені алдағы уақытта анықталады. ҚТЖ компаниясының өкілдері жүргізушілердің темір жол өткеліндегі тиым салынған белгіге назар аудара бермейтінін айтты. Полицейлердің де уәжі бар.

Алдирза Қуанышкереев, Маңғыстау облысы ІІД басшысының орынбасары:

Локомотив жақындаған сәтте шлагбаум автоматты түрде жабылуы тиіс. Егер олай болмаса, кезекші оны қолмен жабуы керек еді. Бұл да орындалмаса, машинистке жедел ақпарат жіберуі тиіс болатын.

Тергеу нәтижесі жақын арада белгілі болады деп сендірді полицейлер.

Ал зардап шеккендерге ҚТЖ компаниясы бөлген 20 млн теңгеден өзге жергілікті әкімдік те көмек береді.

Сәнім Танаева, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

Қолдан келген көмектердің барлығы жасалып жатыр. Материалдық, отын-су көмекті аяп жатқан жоқ. Біз қайтқан адамдар отбасына әкімшілік тарапынан көмек беретін боламыз.

Қайғылы оқиға 3 күн бұрын болған еді. Жаңаөзен қаласынан Теңге кентіне бағыт алған шағын автобус локомотивке соғылып, 9 адам ажал құшты. Тағы 27-сі жарақат алған. Мұндай жағдай қайталанбау үшін теміржол қызметінің өкілдері жүргізушілерге ескерту парақшаларын таратуға кіріскен.