Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

Алматылық кәсіпкер тауарының заңсыз тәркіленгенін айтады

AstanaTV
28.11.2017ж. 20:00
2642
Алматылық кәсіпкер тауарының заңсыз тәркіленгенін айтады

Алматыда кәсібінен айрылған тағы бір әйел шағымданды. Зергерлік бұйымдар сататын Индира Бердібекова құны 1 млн АҚШ доллары болатын бағалы тауарының заңсыз тәркіленгенін айтады. Ал кірістер департаменті экономикалық қылмыстарды тергеу қызметінің мамандары  «елге контрабандалық жолмен әкелінді» деп алып кеткен тауарды талан-таражға салды деп отыр. Бүгінде күдікті қамауға алынып, ісі сотта қаралып жатыр. Ал әділдік іздеген әйел өзінің бұйымдарын қаладағы ломбардтардан тапқан.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Индира ел аузында «алтын базары» атанған сауда орталығында зергерлік бұйымдар сатумен айналысып келген. Былтыр қалалық экономикалық қылмыспен күрес қызметі оны «контарбандалық жолмен өзге елден тауар тасымалдады» деп айыптайды. Кәсіпкердің сауда сөресіндегі және үйіндегі зергерлік заттар түгел тәркіленеді. Бірақ жылға жуық уақытқа созылған іс бойынша жаңа деректер пайда болыпты.

Индира Бердібекова, кәсіпкер:

Кірістер департаментінің тергеушісі менің заттарымның бәрін ломбардтарға сатып, казино ойнап тастағаны мәлімет болып маған жетті. Осы заттарым сатылып кетті деген хабар келгеннен бастап, ізденіп, қаражатымды есептегенде, 1 млн доллар деп бағалап отырмын. Қағаз жүзінде шығын одан да көп.

Қалалық кірістер департаментінің тергеушісі Қуандық Есенқұлов сыбайласымен бірге «заттай айғақ» ретінде тәркіленген дүние-мүлікті оңды-солды саудалаған деген күдікке ілініп, құрықталады. Қазір сот жүріп жатыр. Бұрынғы салықшы Қылмыстық кодекстің 361 бабы 4 тармағы бойынша айыпталып отыр.

Заңғар Шындәлі, Алматы қаласы кірістер департаментінің басқарма басшысы:

Арызданған азаматшаға экономикалық қылмыс бойынша іс қозғалған. Соның алтын бұйымдарын уақытша сақтау қоймасына өткізбей, соларды жоғалтқан деген күдікпен ұсталған болатын. Алмалы аудандық сотының шешімімен 2 айға қамалды. 

Ал Индира Бердібековаға қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. Оның қорғаушысы Айгүл Орынбек мәселенің көлеңкелі тұстары басым дейді. Сотқа куәгер ретінде шақыртылған кәсіпкерден жоғалған тауардың құнына қатысты түсініктеме талап етілген. 

Айгүл Орынбек, қорғаушы:

Қандай дәлел керек екен? Көрініп тұр, алғанда протокол изъятия бар. Ол әйел кінәлі болса, баяғыда қамап тастар еді. Құзырлы органдар оның кінәсін дәделдей алмай отыр. 

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Жалғызбасты әрі төрт баланың анасы қалалық кірістер департаменті басшыларының үстінен сотқа шағымданбақшы. Себебі қомақты соммаға бағаланған зергерлік бұйымды тергеушінің өзі ғана қолды қылғанына сенбейді. Құзырлы органдардан  бұйымдарды тәркілеу кезіндегі бейнетүсірілімдер мен хаттамалардың түпнұқасын көрсетуді де талап етеді.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ