Қарағандыда үйі өртеніп далада қалған бірнеше отбасы жаздан бері баспанасыз жүр. Біразы туыстарын жағалап, енді бірі жатақханаларды паналауға мәжбүр. Демеушілерден түскен қаржыға үй салуға кіріскен еді, алайда құрылысты аяқтауға ақша жетпей қалған. Әкімдік жапа шеккендерге бере қоятын қаржымыз жоқ деп отыр. Тұрғындардың мұңын Айжан Қуаш тыңдап қайтты.
Шілде айында шатыры қызыл жалынға оранған Вагон көшесіндегі барак типтес үйдің қабырғалары құлап, тұруға жарамай қалған. Далада қалған отбасылар өз күштерімен құрылыс бастаған еді. Бірақ қысқа жіп күрмеуге келер емес.
Шәкен Байзақов, Қарағанды қаласының тұрғыны:
«Қабырғасын, фундаментін көтердік. Енді шатыры қалды. Соған енді материал жетпей жатыр. Өзіміздің күшімізбен, церквь көмектесіп жатыр».
Тұрғындар қайырымды жандардан көмек сұрап арнайы есепшот ашқан. Осы уақытқа дейін оған 3 млн теңгедей қаражат түсіпті. Бұл ақшаға қолданылған құрылыс материалдары мен кесек блоктар сатып алынған.
Айжан Қуаш, тілші:
«Қазіргі таңда 8 отбасы бір кісідей жабылып, үй салуға кіріскен. Алайда 6 айдың ішінде небәрі 5 пәтердің ғана іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылды. Өйткеніқұрылыс материалдары, қаржы да жетіспей жатыр. Сондықтан тұрғындардың бар үміті жомарт жандарда. Олар бүгінгі күні кез келген көмекті қуана қабылдайтындарын айтады».
Рашида Бекова, Қарағанды қаласының тұрғыны:
«Осы үйдің тұрғындарының бәрі үй жалдап тұрып жатыр. Біз осы жаңа жылға дейін кіреміз бе деген ниетіміз болған. Бірақ ол арманымыз орындалмайды. Қаржы жағы қинады бізді. Көп кісілердің бастарында кредиттері бар. Сол жағынан тағы көмек сұрасақ халқымыздан».
Ал, жергілікті әкімдік төтенше жағдай болмаса ешбір көмек көрсете алмаймыз деп отыр. Өйткені оқыс оқиғалардан жапа шеккендерге қаржылай көмек қарастырылмаған. Олар тек тұрғындардың өз мүліктеріне сақ болуына кеңес бере алады.
Саят Қарамединов, Қазыбек би аудандық әкімдігі аппаратының бөлім басшысы:
Бұл үй жеке меншік. Сондықтан тұрғындар өздері қарауы тиіс. Қазақстанда сақтандыру мәселесі кеңінен тәжірибеге енгізіліп жатыр. Мүліктерін сақтандыруы керек еді.
Туыстарын паналап үй-күйсіз сандалып жүрген 37 адамның тұрмысын қайырымды жандардан түскен көмек қана өзгертуі мүмкін. Жапа шеккендер өртке кінәлі көршілерінен де өтемақы ала алмайды. Айтуларынша, ішімдікке салынған әйел оқиға орнынан ізін суытып, қашып кеткен.
Айжан ҚУАШ