$439.37 €498.6 ₽5.22
×

Бейнеуде бір түнде 126 қой қырылды

29.09.2026ж. 21:26
Бейнеуде бір түнде 126 қой қырылды
фото: Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының баспасөз қызметі

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында бір түнде 126 қой қырылды, деп хабарлайды  AstanaTV.

Маңғыстау облыстық ветеринариялық басқармасы Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясы басшысының айтуынша, 28 қыркүйекте сағат 10:00 шамасында тұрғындардан хабарлама түскен. Мамандар оқиға орнына барып, өлген малдың санын анықтаған.

"Бұл – 10 шақты отбасының малы. Қойларды бір бақташы кезекпен жайылымға шығарып отырған. Барлығы 210 қой болған, оның 126-сы бір түнде қырылып қалған. Қалған 84 қойдың жағдайы жақсы. Жұқпалы ауру белгілері байқалмайды. Қазір олар жайылымға шығарылды", - дейді Бейнеу аудандық ветеринариялық станциясының басшысы Нұралы Сәдіғұлов.

Оқиға орнына аудандық ветеринариялық станцияның мамандары барып, өлген малдан және қойлар су ішкен жерден су сынамаларын алған.