$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Ақтөбелік полицейлерге көлік жетпей жатыр

AstanaTV
30.11.2017ж. 20:00
3312
Ақтөбелік полицейлерге көлік жетпей жатыр

"Полицейлерге көлік жетпей жатыр". Осылай деген Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті басшылары қызметтік көлік алу үшін бюджеттен 800 миллион теңге сұраған. Бұл мәслихат депутаттарының таңданысын тудырды. Себебі үш ай бұрын ғана өңір полицейлеріне су жаңа темір тұлпарлар берілген дейді. Мұнша көлік тәртіп сақшыларына не үшін керек? Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ішкі істер департаментінің балансында 667 көлік бар. Дегенмен, оның өзі жетпей отырғанға ұқсайды. Басшылық тағы 106 көлік құралын сатып алуға қаржы сұраған.

Тамыз айының соңында ғана тәртіп сақшыларына 180 көлік салтанатты түрде тапсырылған болатын. «Нива» маркалы 150 көлік аудандардағы учаскелік полицейлерге берілсе, ондаған «Газель» жол полициясы мен басқа құрылымдарға бөлінді. Алайда, департамент бастығы ол аздық етеді дейді. 

Махамбет Әбисатов, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің бастығы:

«Біздің тәжірибеде ақша бөлініп, 40 автокөлік сатып алсақ, 80-і істен шығады. Полицейлер жаяу жүреді. Тұрғындардың дабылына орай жедел әрекет ете алмайды. Қазір жүрмей тұрған көліктер жарамсыз деп танылады немесе өзіміз жөндеп, аудандардағы бөлімшелерге береміз».

Департамент басшысының сөзінше, 200-ден аса көлік жарамсыз күйде. Тамыз айында алынған көліктердің біреуі де басшылық қызметтегілерге берілмеген. Әсіресе жол-патрульдік полицияға жаңа көліктер ауадай қажет екен. Алайда, полицейлердің сұранысы жартылай ғана қанағаттандырылды.

Олжас Смағұлов, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы:

«Әу баста 772 миллион теңге бөлу ұсынылды. Дегенмен, соңында бұл сома 400 миллионға түсті. 53 көлік сатып алынатын болады. Ішкі істер департаментінің көлікпен қамтылу көрсеткіші 61 пайызды құрайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

2018-2020 жылдарға облыстық Ішкі істер департаментіне  8 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралған. Оның 4 жарым миллиарды қызметкерлердің жалақысына бөлініп отыр. Қалған сома маңызды нысандарды лаңкестікке қарсы жарақтандыру мен тұрғылықты мекен-жайы жоқ адамдарға арналған мекемені, қызметтік иттердің орынжайын ұстап тұруға бағытталған. 

Жақсыбек КЕМАЛ