Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Тобыл өңірінде 9 жоба жүзеге асады. Бүгін «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының өкілдері бағдарлама аясында салынып жатқан нысандарды аралап, арнайы рейд жүргізді. Үстіміздегі жылы үй құрылысы мен инженерлік коммуникация тарту жұмыстарына 3 миллиард 52 миллион теңге бөлінген. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде шаһардағы «Әуежай» шағын ауданында 5 көпқабатты үй бой көтермек. Құрылыс жұмыстары қарқынды. Жергілікті кәсіпорынның шығарған панелінен салынып жатқан нысандар келесі жылы қолданысқа беріледі. Мердігер, мерзімінен бұрын аяқтауымыз мүмкін, дейді. Тек байқау өткізетін кезеңді ілгері жылжытуды сұрап отыр. Рейдтік шара барысында, қалалық және облыстық мәслихат депутаттары «Солтүстік-Батыс» шағын ауданына барып, инженерлік коммуникация тарту жұмыстарын қадағалап қайтты. 5 жыл бұрын басталған «инфрақұрылымды жаңғырту» жобасын толық жүзеге асыру үшін қосымша қаражат қажет, -дейді депутаттар.
Самат Әкішев, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша комиссия төрағасы:
Жобаны дер кезінде қаржыландыру жағын әлі де қарастыру керек секілді. Алдағы уақытта комиссия мұны ескеретін болады. Осы тектес олқылықтарды алқалы жиындар мен кездесулер кезінде талқыға салмақпыз. Жалпы, биылғы жылдың қорытындысы бойынша 9 нысанның құрылысы, толық аяқталады. Тағы төрт нысанның құрылысы келесі жылға ауысады.
Владимир Сорокин, «Нұр Отан» партиясы Қостанай қалалық филиалының сарапшысы:
Конкурс
мерзімін өзгерту керек. Өйткені бұл шара наурыз-сәуір айларында өткізіледі.
Тағы екі ай қарастырылады. Соның салдарынан құрылыс жаз ортасына ығысады. Мердігер құрылыс-монтаж
жұмыстарын күн суыған кезде жүргізуге мәжбүр болады.