$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Таяу Шығыста АҚШ-тың Иерусалимді Израиль астанасы деп тану керек деген шешіміне қарсылық шаралары өтіп жатыр

AstanaTV
07.12.2017ж. 20:00
5286
Таяу Шығыста АҚШ-тың Иерусалимді Израиль астанасы деп тану керек деген шешіміне қарсылық шаралары өтіп жатыр

Қазақстан Иерусалим қаласының мәртебесінде қалуын құптайды. Жағдайдың шиеленесуіне алаңдаушылық білдірген Қазақстан мүдделі тараптарды ұстамдылыққа шақырады. Сыртқы істер министрлігі Иерусалим қаласының мәртебесіне қатысты осындай мәлімдеме жасады.

«Палестиндік-израильдік қақтығыстың шешімі 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина Мемлекетінің құрылуын көздейтін «екі халыққа екі мемлекет» қағидасына сәйкес іске асуы тиіс. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыста бейбітшілікті орнатудың ажырамас шарты болып табылатын өңірдегі тұрақтылықты қалпына келтіру процесіне толық қолдауын көрсетуді жалғастырады», делінген ведомство хабарламасында.

Бұған дейін АҚШ басшысы Дональд Трамп Иерусалимді Израиль астанасы деп мойындап, бұл дау-дамай тудырды. Түркия, Сауд Арабиясы, Иран, Мысыр және өзге де араб елдерінде қарсылық акциялары бұрқ етті. Таяу Шығыс қана емес, Еуропаның өзінде Трамптың мәлімдемесіне қарсылық туындады. Британия премьері Тереза Мэй Таяу Шығыстағы шиеленіс бейбіт жолмен шешілуі тиіс деді.

Тереза Мэй,  Ұлыбритания премьер-министрі:

Біз АҚШ-тың өз елшілігін Иерусалимге көшіріп, оны Израиль астанасы деп тану шешімімен келіспейміз. Бұл шешім аймақтағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеуге кедергісін тигізеді. Ұлыбританияның елшілігі Тель-Авивте орналасқан және оны көшіру жоспарымыз жоқ. 

Бұған дейін Рим папасы Франциск те Трампты мұндай мәлімдеме жасамауға шақырды. Ал БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Ұйымның бас хатшысы Антониу Гуттериш Иерусалим мәртебесі Израиль мен Палестина арасында келіссөздер нәтижесінде шешілуі тиіс екенін айтты. Ал Палестина басшысы Махмұд Аббас Иерусалимнің шығыс бөлігі Палестинаның мәңгілік астанасы болып қалады, ал АҚШ шешімі экстремистік топтарды қыздыра түседі деп мәлімдеді.

Махмұд Аббас, Палестина басшысы:

Трамп шешімі халықаралық резолюцияларға қарама-қайшы. Аймақтағы бейбіт өмірді орнатуға кедергі келтіреді. Бұл шара Израильге марапат сияқты. Халықаралық құқық пен АҚШ жауалап алушылық саясат пен  апартеидті, этникалық кемсітуді қолдап отыр деген сөз.